Анна мен Беатрис жұбы финалда сүрінді
Анна мен Беатрис жұбы финалда сүрінді
Фото: Яндекс
262
оқылды
Қазақстандық теннисші Анна Данилина мен бразилиялық Беатрис Хаддад Майя Australian Open-2022 турнирінің финалында әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен шеберлік байқасты. Ақтық сында чехиялықтар 7:6(7:3), 4:6, 4:6 есебімен жеңіске жетті. Бірінші партия барысында қарсыластар екі реттен брейк жасады. Тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп сәтті ойнай білді – 7:6 (7:3). Екінші сетте чехиялықтар алға шықты – 2:0. Ақыры сол басымдылығын жоғалтқан жоқ – 6:4. Үшінші шешуші партияда жеңіс чехиялық жұптың еншісінде кетті – 6:4. Тартысқа толы бәсеке 2 сағат 42 минутқа созылды. Қазақстандықтар арасында алғашқы болып Аустралия біріншілігінің финалына дейін жеткен Анна Данилина алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде жұптық сында үздік 25 теннисшінің қатарына кіреді. Ал сыйақыға келер болсақ, қазақстандық-бразилиялық жұп 255,2 мың АҚШ долларына ие болады. Бұл жалпы сома. Егер екіге бөлсек, әрқайсысы салықты есептемегенде шамамен 127,6 мың доллар немесе 55,7 миллион теңге сыйақы алады. Осылайша қазақстандық теннисші Анна Данилина спорттық мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің финалына дейін жетті. Данилина мен оның бразилиялық серіктесі Беатрис Хаддад Майя керемет нәтижеге қол жеткізді. Матчтардың басым бөлігінде олар фаворит болмағанымен, біраз теннисшілердің жолын кесіп, теннис жанкүйерлерін таңғалдырды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 26 жастағы Данилина мен 25 жастағы Хаддад Майя жұбы Cидней WTA 500 турнирінде жеңіске жеткен еді.