Жастар әскери борышын өтеуге неге құлықсыз?
Жастар әскери борышын өтеуге неге құлықсыз?
714
оқылды
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің басшылығымен кеңес өткізді. Кеңесте әскери қызметшілер мен әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру мәселесі айтылды. Қазақстандық жастар Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу бұрынғыдай жастар арасында мақтаныш тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі ретінде саналмайтын болды. «Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу ‒ айрықша миссия. Бұл ‒ Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бұл мәселенің қоғам үшін айрықша маңызды екенін көрсетті. Осы орайда жастардың әскери борышын өтеуге қатысты пікірлеріне құлақ түріп, тақырыпты кеңінен тарқатуды жөн көрдік. Азамат, студент. – Әскерге барып келген достарым мен таныстарымның ішінде психикалық негативті өзгеріспен қайтқандарын көргенде, жаңалықтан суицид жасаған жауынгерлер туралы естігенде және бұның сирек құбылыс емес екеніне қарағанда әскери қызмет жүйесі сарбаздың амандығына кепілдік бермейді деген сөз. Сондықтан мемлекет ең алдымен әскерге баратын азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету мәселесіне назар аударуы керек деп ойлаймын. Тілек, студент: – Мен әскерде қандай жағдай, қандай мүмкіндіктер бар екенінен хабарсызбын. Алайда, әскердегілер өркениеттен тыс өмір сүретіндей көрінеді. Әскерде ғаламтор қолжетімді болуы керек, ата-анамен, достармен аптасына бірнеше рет еркін сөйлесу мүмкіндігі болса деймін. Уақытты тиімді өткізу үшін кітапхана, ұйымдар, үйірмелер ұйымдастырылуы керек деп есептеймін. Адам бір жылға өзінің сүйікті ісімен айналысу мүмкіндігінен айырылмай практика жасайтын мүмкіндігі болуы қажет. Нұрхан, студент: – Мен өзім әскерге баруға оң көзқараспен қараймын. Себебі, әскери билеттің болуы кейбір қызметтерге орналасу кезінде көмегін тигізеді. Тек бір жыл уақытты босқа жоғалтпаймын ба деп ойланамын. Мен үшін уақытты тиімді өткізу маңызды. Бір жыл уақытты табыс таппай, ештеңе үйренбей өткізу дұрыс емес. Бұл уақытты әскерге жұмсай отырып кейін көретін айқын артықшылықтар болуы керек. Мысалы, әскерден келген жас жігітке ипотекалық жеңілдіктер жақсы мотивация болар еді. Ермек СейтбатталовСонымен қатар әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов та аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде күштік құрылымдар қызметіне көп көңіл бөлінуде және бұл қуантарлық жағдай. – Күштік құрылымдар қызметіне орналасқысы келген жастар міндетті түрде әскери даярлаудан өтуі керек. Бірақ, жастардың бәрі күштік құрылымдарда қызмет етуге ұмтылмайды. Ал президент айтқан міндет түгел қазақстандық жастарды ынталандыру болып тұр. Осы міндетті орындаудың бірнеше жолы бар. Бұл жерде біз мемлекеттің және жастардың жеке басының мүддесін, мақсатын бір жолға салуымыз керек. Мемелекеттің мақсаты – шекарамыздың тұтастығын қамтамасыз ету. Еліміз сыртқы жаудан қорғанып, әрі қарай өркендей беруі керек. Ал жастар болса еліміздің қорғаушы азаматы болып, мұқтаждық көрмей, өздерінің мақсаттарына еркін қол жеткізуі тиіс. Ал сол жастарға әскери борышты қатаң шаралармен міндеттейтін болсақ, олар мұны бөгет ретінде қабылдайды. Сондай-ақ оны бір кезеңде өтіп кететін уақытша кедергі деп санайды. Ел басына күн туса қайтадан борыш атқаруға шақырыламын деген ой сана-сезімінде болмайды. Менің жеке көзқарасым бойынша, қарулы күш кәсіби әрі жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен болуы керек. Соғыс болып қалса, жау өте жақсы даярланған, тепсе темір үзетін әскерін жібереді. Ал мұндай жауға біздің бір жыл мерзімге шақырылыған жауынгерлерді қарсы қойған дұрыс емес. Ол уақытта олардың даярлығы қай деңгейде болатыны белгісіз. Осы жерде онда біз әскери резервті қалай даярлаймыз деген сұрақ туындайды. Қазіргі кезде Қазақстанда әскери резервте қызмет ету туралы заң қабылданып, біраз шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл өте дұрыс беталыс деп санаймын. Оған қосымша, бізде әскери-техникалық мектептер бар. Егер шынымен мықты әскер даярлағымыз келсе өңірлерде солардың санын көбейтуге болады. Сонымен қатар Қазақстанның әр өңірінде, әскери қызметке жарамды ер адамдардың саны әртүрлі. Белгілі бір шара қабылдамас бұрын осы жағдайды да есепке алу керек. Сонда біздің Қарулы Күштердің резерві болады және территориялық әскер де жақсы маманданған жеке құраммен толығады. Осындай позитивтік болжамды ұсынамын. Мұндай жолды ұстанудың дұрыс екеніне, Қарабах өңірінде болған және қазір болып жатқан Украина еліндегі соғыс дәлел. Әскери қызметке жастарды қалай ынталандырамыз деген сұрақтың жауабы осы жұмыстардың арнасында жатыр. Кәсіби әскерге, резерв қызметін азаматтық жұмысымен бірге атқаратын жауынгерлерге, офицерлерге жақсы жалақы төлеп, кез келген жеңілдікті алдымен алатын қылып қойсақ әскери қызметке ұмтылатын жастар көбейетін сияқты. Бірақ та бұл бағытты қаржы жағымен ғана байланыстырмай, тәлім-тәрбие беретін өсиет, жұмыстарын да қарқынды жүргізу керек. Әскери адам, мемлекетте сыйлы адам кейпінде қалыптасуы керек, – дейді Ермек Сейітбатталов.