27 сәуірде Заң шығарушылар кеңесінің федералды жиынында Ресей президенті Владимир Путин Украинамен арадағы соғысқа араласуға тырысқан елдерге "жедел түрде соққы" жасайтынын айтып, сес көрсетті, – деп жазады Сегодня.
"Егер Украинадағы жағдайға біреу араласқысы келсе және стратегиялық қауіп төндірсе, жедел түрде жасалатын соққыны күтіңіздер", – деді Ресей президенті.
Путиннің айтуынша, “Украинадағы қарулы қақтығыстың мақсат-міндеттері толығымен орындалады”.
"Біздің сарбаздар мен офицерлер елімізге төнген нағыз қауіптің, біздің аумақта жүруі мүмкін ірі жанжалдың алдын алды", – деп қосты Путин.
Мұндай мәлімдемеден кейін Украина президенті кеңсесі басшының штаттан тыс кеңесшісі Алексей Арестович Путиннің "жылдам соққы" деп нені меңзегенін түсіндірді.
"Егер ядролық қару туралы айтса, "жойып жіберетін" немесе "кең көлемді соққы" дейтін еді. Ол "Кинжал" гипердыбыстық зымыраны секілді жылдам қолдануға болатын қаруды меңзеп отыр", - деді Арестович.
Сонымен қатар Путин мұндай мәлімдемені өз халқы үшін жасаған дейді.
"Біз бәрін қадағалап отырмыз, қорықпаңдар. Ресей азаматтары, біз барлығын жеңеміз, Батыс есінен танып қалады”, – деген мағынадағы мәлімдеме. Қазір Батыс оларға күле қарайды", - деп түйіндеді Арестович.