Өнеге мектебі
Өнеге мектебі
383
оқылды
Салиқалы тірлікті бастарда әуелі сабырмен саралап алатын бүгінгі жа­сымызда түйсігімізге түйе білген, көкірек сарайымыздың көзі жеткен ақиқаттың бірі – азамат үшін өмір бе­­лестерінің өнегесінен биік мектеп кемде-кем екен. Кез-келген маман атануда мектеп талдырығынан тәлім алып, университет қабырғасында білімін еселеп, еңбегімен тер төгу сияқ­ты жүйелі даңғылмен жүріп өте­тіні бесенеден белгілі. Айтайын де­геніміз, өмір жолымызда жолы­ғы­сып, ағалы-інілі бауырлардай бірге қызметтес болған кезеңдерде ал­дың­ғы буын ағаларымыздың бізге берген тәлімі мен тәжірибесі әр­дайым ғұмырымызға рухани азық, тұ­ғырымызға қозғалмас қазық бо­лып келеді. Әңгіме осындай ардақ тұ­тар ағалардың бірі, өмірден көр­ген-түйгені мен жиған-тергені да­рия­дай дарынды ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Орал­байұлы жайында өрбігелі отыр. Біз сыршыл ақынды сыртынан тани­тын­быз. Студент кезімізде ақынның ақ­бастаудың тас пен тасқа таласа жететін ағынындай төгіп жазатын, құрақ көрпенің қызыл-жасыл пүлішін қиюластырғандай сөгіп жазатын кестелі өлеңдері жанымызға жайлаудың жайлы самалын соқтыратын. Әсіресе, шайырдың шартарапқа тарап кеткен: «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар. Ақ тілек батамыз мінеки, Бақытты болыңдар, болыңдар!» деген әйгілі сөзіне жазылған әнмен сол кездері қатар-қатар қосылып жататын тілеулес қосақтарды жаңа өмірге аттандырушы едік. Өтеген ағамыз шығармашылықтың шырайлы өлкесіне қадам басқалы 14 поэ­зиялық, 6 прозалық, 2 ғылыми моногра­фияның авторы атанды, көпшілікке кеңі­нен танымал 30-дан астам әннің мәтінін жазды. Кеңес кезінде Одақтың емес, рес­­публиканың шығармашылық одақта­рына мүше болу екінің бірі, егіздің сыңа­рына бұйыра берер бақ емес еді. Өтағаң өзі­нің шығармашылық әлеуетінің арқасында 1978 жылдан КСРО Журна­листер одағының, 1986 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. Талантты ақынның поэзиясымен жете таныс жұртшылық мынаны жақсы біледі. Өтеген Оралбайұлының өлеңдерінің тақырып аясы кең, ұлттық таным мен та­ғылымға тән рух та, қайсарлық та, иман­дылық пен өнеге, туған жер көріністері мен сөзбен өрілген этнография этюдтері, отаншылдық пен отбасы құндылықтары бәрі-бәрі шұрайлы тілмен, шырайлы ой­мен дестеленіп жатыр. Имандылық тақы­рыбы дегенде, Өтеген ақынның қасиетті Меккеге жасаған қажылық сапарынан кейін жазылған әйгілі «Қағбаның қарлы­ғаш­тары» атты кітабының орны ерекше бө­лек. Әрине түркі топырағында дін ислам­ды насихаттауда шығыс ренессан­сының жауһарлары әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Хорезми, кейінірек Ұлықбек, Науаи, Йүгінеки, Баласағұнилер иманды жұртты ұйытар ислам қағидаттарынан құрылған дастандар қалдырғаны белгілі. Десе де Алла нәсіп етіп, шама-шарқынша мұсылманның бес парызының бірін өтеп келіп жатқан қазіргі қажылар қасиетті сапарының әсерін кейіннен бірі естелік жазып, енді бірі ел арасында ғибратты әң­гіме түрінде таратып жүрсе, Өтеген Орал­байұлы өлеңмен өріп тұтас кітап жазды. «Азанмен әнін бастады, Қағбаның қарлығаштары. Армысың, әл Харам аспаны, Иманның жаңылмастары. Құбылаға тәжім етемін, Қысымды жазым етемін. Сүренің сазына орап, Жырымды жазып өтемін. …Көңілден пырақ көремін, Лаулаған шырақ көремін. Арайлы Алланың аспанында, Азан боп әні басталғанда, Сәждеге бірге құлайық, Қағбаның қарлығаштары», – деп бас­тай отырып, ХХІ ғасырда қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді, имандылық нұрын санаға сіңірудің жаңа поэтикалық дастанын хал­қы­на тарту етті. Кезінде бұл шығарма Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынылғаны да жұрт­шылықтың есінде болар. Көпшілік тақымын қысып, осы туынды олжалы ора­лар деп күткен де еді. Бірақ небір дүлдүлдер жарысқа түсетін аламанда атыңның бірде кейін қалып, бірде оза шабатыны – өмір заңы. Әрбір жыры қоғамның ізгілік әлемімен ұйысып, халықтың рухани шөлін қандыр­ған ақынның арманы жоқ шығар. Өтеген Оралбайұлы кейінірек Мемлекеттік сый­лықтың келесі бәйгесіне бабымен келді. Жас ұрпақты елдіктің, егемендіктің шапағына шомдыратын «Шуақты шақ» атты еңбегіне ел-жұрт ерекше баға берді. Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп та­нылған «Шуақты шақ» қазақтың әдеби қазынасы қатталған сөрелердің биігінен орын тапты. Әңгіме кейіпкерінің атын алашқа мәшһүр еткен ақындық қасиеті ғана емес, замананың көшелі ойын көсемсөзбен бейнелеген публицистикалық еңбектері мен қазақтың қайраткерлерінің зор тұл­ғасын көркем сөзбен суреттеген журналис­тикалық мақалалары дер едік. Өтеген Оралбайұлы өмірінің ең жалынды шақ­тарын қазақ баспасөзінің тарихында таралымы 250 мыңнан асып, қазақ оқыр­ма­нының ең қалаулы басылымына ай­налған «Лениншіл жаста» өткізді. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін ақмылтық журналистер жиналған әйгілі басылымда ақын Әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Ол заманда «Лениншіл жасқа» өлеңі жарияланған ақын үшін газеттің сол беті оның мөрі басылмаған «шайырлық төл­құжатына» айналатын. Сондықтан да, Өтағаңның редакциядағы жұмыс кабинеті ақындар аллеясы іспетті-тін. Қазақтың біртуар ақындары Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлім­баевтардан бастап қолы қалт етсе Өтеген ақынның бөлмесіне келіп, ұлт поэзия­сының кеңістігінде қандай жаңа шоқжұл­дыздар жана бастағанын безбендеп ке­те­тін. Өтекең өмірінде ерекше құрмет тұ­татын жандардың бірі – Сейдахмет Бер­діқұлов. Редакторлардың редакторы атанған Сейдағаңның қол астында қызмет етіп, тәлімін алғанына қашанда бек риза. Компартия мен комсомолдың ұрдажық солақай жазалауларына ұшыраған әріптес­терін ақырып та, атылып та қорғай білген Бердіқұловты жауға тастамайтын жаужүрек батырдай көреді. Сейдағаң өңкей мықты жазғыштың ішінен өзін таңдап алып, атақты адамзаттың Айтматовын күтіп алу­ға бірге алып кеткенін әлі күнге қима­с­тық­пен еске алады. Екі күндей Шыңғыс Айтматовпен емен-жарқын әңгіме айтып, әлемдік әдебиеттің даму үрдісінен сыр үзіп, соңында Қордай асуынан асырып шығарып салғандары күні кеше сияқты еді. Өтеген Оралбайұлы кеңес заманында қаншама жылдар қасаң тілді ресми басы­лымдарда қызмет етсе де, жорға жазуын жоғалтпаған, тайпалтып жазуынан жаңыл­маған жүйрік қалам иесі. Кейінгі жыл­дардың өзінде мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаев, қазақтың біртуар перзенттері, көрнекті ақын-жазушылар Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молда­ғалиев, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғар­сынова, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғалиев, Тахауи Ахтанов, Сағи Жиен­баев, Кеңшілік Мырзабеков, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Ибрагим Исаев, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқар, Қасымхан Бегманов және басқа да тұғырлы тұлғалар туралы жазған естелік­тері мен эсселерін ақ өлең стилімен өріл­ген өлең деуге болады. Кезінде осындай ұлт зиялысы, сөз зергері атанған атақты тұлғалардың өнегесін алып, кішілігімен де, кісілігімен де қызмет ете білген Өтағаң­ның әрбір естелігі ертеңгі жас үшін есті нақыл, тәлім дәптері. Қазақ журналисти­касындағы осындай ерен еңбегі ескерусіз қалмай Қазақстан Республикасы Прези­дентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды. Көсем ойдың иесі, көшелі сөздің кие­сіндей Өтеген Оралбайұлы жаратылысы­нан ақын, қаламгер боп туғанына қарамас­тан қаламының ұшын қайраткерліктің сиясына малып, елдікті еңселетуде өзінің қою қолтаңбасын қалдырып келе жатқан дегдар жан. Олай дейтініміз, Өтеген аға өзінің салиқалы ғұмырының сандаған жылдарын мемлекеттік қызмет саласына арнады, әлі де аттан түспей бүгінде елі­міздегі ең іргелі оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситеті ректорының кеңесшісі лауазы­мын атқарып келеді. Қайраткерлік қа­сиетін сөз еткенде, Өтеағаңның кезінде «Ле­ниншіл жаста» бөлім меңгерушісі қыз­метін атқара жүріп, желтоқсан оқиға­сында қазақ жастарына жасалған қиянатқа қарсы шығып, қара волгалармен талай рет тар кабинеттерде тергелгенінен бастап, егемендіктің елең-алаңында Жоғарғы Ке­ңестің жаңадан жасақталған корпусында депутат болып, азаттықтың алғашқы ке­зеңіндегі елдік мұраттардың етек-жеңін жию ісіне ерекше үлес қосқанын атап өтуі­міз керек. Қазіргі заманғы мемлекет­тіліктің құрылымдары жаңа қалыптасып, енді бекітіліп жатқан сол тұста Жоғары Кеңес депутаттарының әрбір отырысы талас-тартысқа, дау-дамайға толы болушы еді. Сол тартыстардың қайнаған ортасында ұлттық мүдде, туған тіл тағдырына шыр-пыр болып Өтеген ағамыз жүруші еді. Өзі өмірбаянында келтіретіндей, Өтеген Оралбайұлы он Мемлекеттік хат­шымен тікелей қызмет жасады. Сол се­бепті, Өтеағаны тәуелсіздік жылдарында идеологияға, ішкі саясатқа жауап беріп келген Мемлекеттік хатшы институты тарихының жылнамашысы десе болады. Біз де абзал ағамызбен Мемлекеттік хат­шының Хатшылығында бірнеше жыл қоян-қолтық бірге қызмет ету мүмкіндігіне ие болдық. Қызметтес болған жылдары жауапкершілігі басым көптеген шаруалар­ды бірге еңсердік. Әрбір істі қиындатпай әзілмен көмкеріп отыратындықтан біз үшін Өтеген ағамен бірге өткізген әрбір жұмыс күніміз қызықты болатын. Әр басшының жанында қосарлана жүретін көмекші қосшылардың кейбір әкімшіл әрекеттерін бірден тыйып, ұжымды ұйыс­тыруға бет бұрғызатын. Әлбетте, әр басшының басқару стилі мен мінезі, ойы мен идеясы әрқалай болып келеді. Соған қарамастан Өтеген аға өзінің өмірлік тәжірибесі мен көше­лілігін көрсете отырып, Абылайға ақылын аямаған Бұхар жыраудай Мемлекеттік хатшыларға ұлт құндылықтарына қатысты қадау-қадау ұсыныстар берді, солардың жүзеге асырылуына атсалысып, ел ертеңі үшін елеулі көптеген көрінбейтін жұмыс­тарды тиянақтады. Тіпті, ұлт ертеңі, ұрпақ тағдырына қатысты күрделі мәселелер туындағанда саясаттың салқынқанды тәсілін ұмытып, табандап тұрып алаты­нына да талай көзіміз жеткен еді. Бүгінде жетпістің жоталы биігіне кө­теріліп отырған ұлт руханиятының жомарт тұлғасы, ақиық ақын, қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Өтеген Оралбайұлының өнеге мектебі жайлы жазатын дүниелері жеткілікті. Қазаққа берері әлі көп тарлан тұлғаның әманда аман болуына тілектестік білдіріп, тағылымды естеліктерді тоқ­санының торқалы тойында жалғастырып, жүзіндегі мерейлі дастарханында жүрек­жарды лебізбен жеткізуге нәсіп етсін дейміз.

Қуат БОРАШ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы