Қапалдағы тарихи ғимараттар тозып барады
Қапалдағы тарихи ғимараттар тозып барады
638
оқылды
Талайғы тарихында уезд орталығы, кейіннен аудан орта­лығы болған Жетісу­дағы Қапал ауылының тарихы тереңде жатыр. Қазақтың талай біртуар аза­маты­ның табан ізі қалған мекендегі сәулетті ғимарат­тар ХІХ ғасырдың ортасынан бастап салына бастаған. Өкініштісі, өлкенің өткенінен сыр шертетін осынау ғима­рат­тар қараусыз қалған. Тек кейбірін жаңғыртуға атым­дай жомарт азаматтар ат салысқаны болмаса, қал­ғаны құлаудың алдында тұр. Сондай нысанның бірі – 1865-1867 жылдары қапалдық татар саудагері Ғалиәкпар қажы Сейфул­­мүликовтің мешіт үйі. Бұл нысанның іргетасы таудан жеткі­зіл­ген кесек тастармен өріліп, қабырғасы қалып арқылы саз балшықтан құйылған. 300 орынға арналған сәулеті ерекше ғимарат 1918 жылдан бастап жұмысын тоқтатқан. Мұнарасы қирады, ғимараты түрлі мақсаттарға пайда­ланылды. Еліміз тәуелсіздік алған тұста мешіт ретінде қайта ашылғанымен, көп ұзамай қарау­сыз қалған. Жергілікті өлкетанушы Жеміс­­бек Толымбеков бұл мешіт­тің құрылысын сол замандағы ел ағалары қолға алғанын айтады. Тіпті, шебердің өзін генерал-губернатор Герасим Колпаковский сонау Омбыдан алдырған екен.
«Қапал мешіті туралы ең алғаш жазба қалдырған Петр Семенов-Тян-Шанский өңірдің табиғаты жайлы айта келіп, осында қоныстанған мұсылман­дарға мешіт-медресе үйі керектігін жазады. Оның осы ойын Тәнеке батыр бастаған ел ағалары құптап, 1866 жылы Ғалиәкпар қажының ұйымдастыруымен аймақтың бет­ке ұстарлары Қапалда бас қосып, генерал-губернатор Герасим Кол­пак­овскийге ұсыныс хат жолдай­ды. Бұл ұсынысты қолдаған гене­рал-губернатор Омбы қаласына барып, мешіт құрылысын жүргізу­ге қажетті құжаттарды реттеп, келесі жылы архитектор Никитин бастаған шеберлер құрылыс жұ­мы­сын қолға алады», – дейді Жеміс­бек Толымбеков.
Жақында екі ғасырдың куәсі болған көне ғимаратты қайта жаңғыр­туды жергілікті меценат Сабыр Қадырұлы өз мойнына алды. Өз кезегінде бүгінде бір қауым елге айналған Ғалиәкпар қажының ұрпақтары да аталары­ның есімімен байланысты тарихи нысанның қайтадан түлейтініне қуанышты.
– Атамыз Ғалиәкпар қажы – Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында бірге болған көпес­тердің бірі. Мешіт құрылысы біт­кен соң Меккеге барады. Мұра­ғат­тардан атамыздың онда қонақ­үй салып, қажылыққа барған­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғанына қатысты дерек­тер таптық. Кеңес одағы орнап, дінге тыйым салынған соң Қапал­дағы мешіт жұмысы да тоқтады. Менің жас кезімде бұл нысан қойма болатын. Кейіннен Ғалиәкпар қажының балаларына арнап сал­ған үйіне жөндеу жүргізу бары­сын­да жертөледен мешіттің төбе­сіне орнатылған жарты айды тауып алдық. Оны әкеміз қызыл белсенділер мылтықпен атып құлатып тастаған жерінен түнде жасырынып барып тауып алып, тығып қойған екен. Тәуелсіздік келіп, қайта ашылғанда оны ме­шіт­тің төбесіне қайта орнаттық, – дейді қажының ұрпағы Гариф Муликов.
Қазір мешіт ғимараты өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген. Оған қоса, Қазақ­стан Мұсылмандары діни басқар­ма­сының балансында тұрған нысанды мақсатты пайдалануға байланысты түрлі ұсыныстар тү­сіп жатқан көрінеді. Ал Ақсу ауда­ны әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, тарихи нысаннан медресе ретінде ашу туралы ұсыныс түскен екен. Шешім­ді аудан әкімдігі, жергілікті тұрғындар, Ғалиәкпар қажының ұрпақтары және мецанаттармен бірге қабылданбақ. Ал осы аумақтағы Тамшыбұлақ минералды су көздері жалпыұлт­тық қасиетті нысандар қатарында. Өзекті өртейтіні жалбызбен өрі­ліп, мүкпен көмкерілген жарқа­бақ­тарынан көз жасындай там­шы­лар сорғалап тұратын Тамшы­бұлақ та таңғажайып көркінен айырылып барады. «Қабырға­лардағы жалбыз бен мүкті емге пайдалануға болады» деген алып­қаш­па сөзге сенгендер түн жамы­лып келіп, оны тамырымен қосып қопарып алып кететін болған. Соның салдарынан жарқабақтар жалаңаштанып, тамшылардың сұрқы қашып тұр. Тамшыбұлақтың жанындағы биіктің үстінде тұрған екі қабатты ғимараттың да сәулеті алыстан көз тартады. Жергілікті жұрт оны көпес Шаяхмет Әбсаттаровтың үйі деп жүр. Иесі қуғын-сүргінге ұшырағанда үй мемлекетке өтіп, балабақша, асхана ретінде пайда­ланылған. Кейін қараусыз қалып, қасбетінен басқасының бәрі бү­лін­ген еді. Ел ішінен тарихи жәді­герге жаны ашитын азамат табы­лып, қазіргі кезде біршама ретке келіп қалды. Үйді «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығы балансына алып, қайта жаңғыр­тып жатыр.
– Жыл соңына дейін жаңғырту жұмысын толық аяқтасақ, нысан­ды өңір мәдениеті мен руханиятын өркендететін маңызды орынға айналдыруды жоспарлап жүрміз, – дейді «Шопан ата» қой өсіру­шілер қауымдастығының төра­ғасы Алмасбек Садырбаев.
Ал қазақтың үш бірдей тұлға­сына жар болған Фатима Ғабитова тұрған үй өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізбесіне қо­сыл­са да қазіргі кезде қараусыз тұр. 2002 жылы екі қабатты ғима­рат­ты Елтай Сәдуақасов деген ақсақал меншікке алып, жеке кітапхана ашып, бір бұрышынан Фатима Ғабитоваға арнап мұра­жай жабдықтапты. Кейіннен оны ұстап тұруды жағдайы көтермейді. 2010 жылдан бері бұл үй қараусыз қалған. Әкімдік те жекеменшіктегі ғимараттың мемлекет қаржысына жөнделмейтінін алға тартып, мә­се­лені жылы жауып қойған екен.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы