Украина жеңсе, сұрапыл соғыс Ресей жеріне ауыса ма?
Украина жеңсе, сұрапыл соғыс Ресей жеріне ауыса ма?
Фото: skoro_voina
3,648
оқылды
Қазір  халықаралық беделді сарапшылар осы сұраққа бастарын қатыруда. Бұдан қауіптенген батыс елдері Украинаға қару мен әскери техника беруден тағы тартыншақтай бастаған, – деп хабарлады inbusiness.kz. Егер жауды түре қуған ЗСУ (Украина қарулы күштері) Ресей аумағына енсе, Мәскеу оған нені қарсы қоятынын білмейтін сияқты. Самарқандта өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде журналистердің Украина әскерінің қуатты контршабуылына қатысты сұрағына жауап қатқан РФ басшысы Владимир Путин "артын бағайық" дегенге келтірді. Оның айтуынша, Ресей мұның немен аяқталатынын бақылайды. Путин Мәскеудің ЗСУ соққыларына ұстамды жауап беріп отырғанын, алайда егер Киев мұндай әдістерге (қандай әдіс екенін түсіндірмеді) рұқсат етілмейтінін түсінбесе, онда Ресей салмақты шаралар қабылдайтынын ескертіп, қоқиланып қойды. Әрине, ресми Киев те, Владимир Зеленский де Украина үшін бастысы – өз жерін азат ету болып табылатынын нықтады. Бірақ басында Киевті үш күнде құлатуға айбарланған ресейліктер қазір жүні жығылып, орыстардың РФ облыстарына көшуінен қауіптеніп отыр. Ол өңірлерден тұрғындар қаша бастады. Бұл Ресейдің басты пропагандисі Маргарита Симоньянды сандырақтауға итермеледі:
"Егер біз кері шегінсек, бізден басқа ешкім кері шегінбейді. Егер біз кері шегінбесек, олар шегінуі мүмкін. Ал біз кері шегінетін болсақ, олар кері шегінбейді", – деді ол.
Ұлыбританияның жетекші The Guardian басылымының сарапшысы Эндрю Рот Ресейдің шекарадағы Белгород қаласында болып, ондағы ауыр ахуалға қанығыпты. Оның мәліметінше, ЗСУ контршабуылынан тырқырай қашқан ресейлік әскерилер шекарадан бері өтіп, Белгород көшелерін кезіп жүр. Биылғы көктемде қала арқылы Украинаға тасқындап жатқан ресейлік солдаттар мен әскери техниканың алапат легіне қол соққан, Украина аумағына күркірей ұшқан әрбір зымыранға шаттана қуанған белгородтықтар енді қажыған, жүнжіген, ұсқынсыз кейіптегі жауынгерлеріне жиіркене қарайтын көрінеді.
"Әуе қорғанысы жүйелері күніне бірнеше рет гүрсілдеп, іске қосылады. Қала қайтадан Украинадан қашқан орыстілді босқындарға толы. Осетиядан келген үш орыс солдаты кеш қарайған шақта көшемен сүйретіліп әзер келеді. Әрі мас, әрі шаршаған. Олар қай жерде тамақ ішіп алуға болатынын сұрастырды. Сөз суыртпақтап, білгеніміз: олар 24 ақпанда Украинаға алғашқы басып кірген әскерлер құрамында шайқасыпты. Содан Харьковтың Великие Проходы селосына дейін жеткен. Ал өткен аптада бәрін тастап, Ресейге қарай шұғыл қашыңдар деген дабыл түсіпті. Оның бірі Z тактикалық символын тағып алған. Бірақ патриоттық өркөкірек кеудеден із де қалмағандай: "Біз қарсы не айта аламыз? Бұйрықтың аты бұйрық. Біздің таңдауымыз болмады" деп ақталады", – деп әңгімеледі британдық басылым сарапшысы.
Оның жазуынша, Украина жағында Ресейдің келуін шынымен күткендер болған: агрессорлар баса-көктей кіргенде, қатты қуанған. Ресейлік пропаганда мәлімдегендей, ол жерге Ресей мәңгілікке келді деп сенген. Дегенмен  Харьков облысында оккупанттардың нығайтылған қуатты бекіністері бірінен соң бірі құлаған соң, бұлар да солдаттардың ізімен Ресей шекарасына тұра қашты. Қаптаған босқын енді ресейліктердің үрейін ұшырып отырған көрінеді: олар соғыстың шынымен Ресейге қарай кері жылжып келе жатқанын түсініпті. Мазасыздықты ресейлік әскерлер одан әрі ушықтыруда: бұл жақта қыс ерте түсетіндіктен және РФ Қорғаныс министрлігі соғысушы армияны жабдықтауға бас қатырмағандықтан, жаураған жауынгерлер жаппай дүкен, базар аралап, қысқы камуфляжды киімді өз қаржысына жапатармағай сатып алып жатқан көрінеді. Балаклава-бетперде, камуфляжды тақия, куртка, термошалбар сияқты ақшұнақ аяз бен ақырған боранда қорғайтын кез келген киім лезде сатылып кетеді. Жаһанда №2 армия деп дәріптелген РФ қарулы күштерінің осы аянышты халін көрген ресейлік шекаралас аумақ тұрғындары қарадай өмірден түңіліп, уайымға салынды. Бұл ресейлік пабликтерден байқалады.
"Күн сайын ондаған жігіт келеді. Контршабуылдан кейін қатарлары сиреп қалғаны байқалады. Түрлері аянышты, ызғар жүректерін қарыған сияқты. Беттеріне қарамауға тырысамыз, әйтпесе зәрең ұшады. Жүйкелері сыр берген, іздегенін таба алмаса, ақырып, тауарларды лақтыра бастайды. Неге осының бәрімен Қорғаныс министрлігі қамтамасыз етпей отырғанын түсінбеймін", – деп қайран қалады жергілікті сатушылардың бірі.
Марина деген саудагер ресейлік солдаттардың жылы киімді ғана емес, азық-түлікті, тіпті кәстрөл және басқа да асүйлік керек-жарақты сатып алып жатқандарына таңғалуда. РФ жауынгерлері тұра қашқанда оның бәрін тастап кетсе керек. Ал Белгородта қор жетпей жатқанға ұқсайды. Шетелдік журналистер Украина жағынан шегініп жатқан солдаттарын көріп, жергілікті кемпірдің: "Пожалуйста, пожалуйста, помогите нам", – деп зар илеп жылағанына куә болыпты. Бірақ әскердің оларға көмектеспек түгіл, өз басын қорғауға қауқары шамалы болып тұр. Британдық сарапшы Эндрю Рот бүгінде Белгородқа украиналық әскер таяп келе жатқанын, олар шекарада жақын жерде тұрғанын біліпті. Содан ресейлік шекарашылардың қорғанысын күшейту үшін шамамен 400 әскери суыт аттандырылған. Ресейдің шекаралас аумақтарына волонтерлер жетіп, жаппай орман шауып, ағаш кесуге жұмылдырылып жатыр: ол бөренелерден шекарада траншеялар, мықты бекіністер жасалады. Тұрғындар фанер тақтайлар сатып алуға жүгірді: зымыран соққысынан терезелер шағылса, соларды бітеуге керек болады. Қауқары барлар жертөле қазып, бетонмен бекітіп, шағын бомбапаналарын жасақтаған. The Guardian Киев соғысты Ресей аумағында жалғастыру жөнінде ЗСУ-ға ешқандай жария бұйрық бермегенін еске салады. Сонымен бірге агрессордың шекараға іргелес аумақтағы қуатты бекіністерін, базаларын жоймаса, онда болашақта соғыс қайта тұтанатынын, немесе Белгород жақтан Украина жерін атқылау жалғасатынын шетелдік әскери сарапшылар да жақсы түсінеді. Сондықтен олардың байламынша, ЗСУ Ресейдің орталығына дейін шапқыншылық жасамайды, әйтсе де болашақта Белгород сияқты шекаралас аумақтарға еніп, әскери нысандардан тазартып шығуға ұмтылуы ықтимал. Қалай болғанда Гардианның пайымдауынша, Киевке дейін шапшаң жетуді жоспарлаған РФ армиясының аяусыз таяқ жеп, өз аумағына қашып тығылуы сонау Мәскеудегі халықтың да еңсесін жаншыды. Бұдан бұрын ақпарат құралдарында шекаралас аумақтардан Ресейдің тұрғындарын жаппай эвакуациялағаны туралы хабар тараған. Оны билік жоққа шығарды. Сонымен бірге ірі сауда орталықтарының, әлеуметтік нысандардың алдында қару асынған әскерилер пайда болыпты. Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков өткен дүйсенбіде әр елді мекендегі жергілікті билікті төл бомбапаналарын әзірлеуге міндеттейтін өкім қабылдады. Шекаралас елді мекендерде оқу жылының қызған шағында мектептер жаппай жабылып жатыр. Ресейліктер, ең кемі шекара жақтағы РФ тұрғындары соғыс деген тек Украина жерінде және теледидарда ғана жүретін еліктіргіш, қызық "қойылым" еместігін, оның қасірет пен қайғы ала келетінін түсіне бастағандай. Шовинистік көтеріңкі көңіл күйлер де су сепкендей басылған. "Байтал түгіл бас қайғы" деп, ішкі Ресейге босып жатқандар жетерлік. Ешқайда бара алмай, қалатындары әлемде "звастика" аталған эмблемаларды өшіріп, қақтығысқа дайындалу үстінде. 19 жасар жас оппозиционер, Белгородтың соғысқа қарсы комитетінің негізін қалаған Илья Костюков қазір Ресейдің көптеген қалаларында адамдар ояна бастағанын айтады. Соған қарамастан, басым бөлігі рухани алжыған күйде, олар қайта топтасып алған соң, РФ армиясы жойқын соққы беріп, Киевті алады деп риясыз сенеді. Оларды райынан қайтару, Ресейдің жеңіле бастағанына сендіру мүмкін емес көрінеді. Ол РФ армиясының моральды күйрегеніне назар аудартады: майданнан оралған жауынгерлер жеңімпаздарға, өз ісінің ақ-адал екеніне сенімді адамдарға ұқсамайды. Барлар мен караокелерді толтырып, араққа сылқия тойып, бір-бірімен, тұрғындармен төбелесуге бейім тұрады. Қоғамдық тамақтандыру орындарына қару асынып кіріп, ішкен-жегеніне ақы төлеуден бас тартып, соны талап еткен қызметкерге қару кезенген оқиғалар тіркеліпті. Волонтер Юлия Немчинова Украинадан қашқан, Кремль саясатын сөзсіз қолдайтын адамдардың 85%-ы өзге облыстарда жабдықталған палатка-қалашықтарға барудан бас тартатынын айтады: олар соғыс қимылдары басылған соң Украинаға қайтуға ниетті. Әйтпесе, босқындар лагерьлеріне барса, РФ билігі оларды ары қарай өзге шалғай өңірлерге таратады. Олар оны қаламайтын көрінеді. Ю.Немчинова соның кесірінен Белгород босқындарға шектен тыс толғанын атап өтті. Мәскеудің саясатына жақ көптеген адам  украиналық қалаларда қалған. Ресей оккупациялаған аумақтарға белсенді сапарлаған волонтерлердің бірінің байламынша, Купянск, Волчанск сияқты қалаларда ресейлік әскерлер "апокалипсис" көріністерін орнатты. Өздері жайлаған бірнеше ай ішінде халыққа қамқор болмады, кембағалға қараспады, инфрақұрылымды жөндеуге еш мән бермеді. Сондай қалалардың біріне өз қаржыларына сатып алған 3,5 тонна тамақты алып барған еріктілер балалар үйінде жетім балалар аш-жалаңаш қамалып отырғанын көріп, жаға ұстапты.
"Менің ойымша, Ресей армиясының жеңілуінің бір себебі – олар өз қол астына көшкен елді мекендерге пайдалы ештеңе әкеле алмады. Ал жергілікті тұрғындардың бір бөлігі оларды шынымен зарыға күткен еді. Бұлар не электр қуатын қалпына келтірмеген, не су тасымалын жолға қоймаған. Содан тауқымет тартқан адамдар ақыры ол аумақтарды азат еткен Украина қарулы күштерімен жылап көрісті", – деген пікір білдірді ресейлік қоғамдық белсенділердің бірі.
Соғыс кімнің кім екенін паш етті. Тек соны көре білетін көз, түсінуге қауқарлы сана, сезе алатын ояу көкірек болса, игі.