Жатақхана бизнесі жарылқай ма?
Жатақхана бизнесі жарылқай ма?
869
оқылды
Қазір жатақхана салу қо­нақүйден де табысты биз­неске айналып барады: Қаржы орталығы төсек-орын ұсынатын бизнес­мен­дерге әрбір студент үшін төленетін ақыны кө­теріп жатыр. Жазда шә­кірт­тер оны босатады, бі­рақ мемлекет бәрібір ақы төлей береді. Содан жа­тақ­ханалар басқаға жалға берілетіні жасырын емес. Дегенмен бұл тетік те жа­тақхана тапшылығын ше­ше алмады. Ғылым ми­нистр­лігі елде 87 мың жа­тақхана орны тапшы дейді. Бұл бизнес қалай дамуда? Жаңа министр қандай жа­ңалық әкелмек? 87 мың студент далада жүр Жалпы, жатақхана орындарына деген тапшылық статистика­сы жыл сайын әткеншек сияқты әрлі-берлі құбылып тұрады. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі 2018 жы­лы 75 мың студентке баспана же­тіспейтінін хабарлаған. Былтыр ведомство бұл қажеттілік 63 мың орынға дейін азайтылғанын мәлім­деді. Енді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек рес­публикада жатақхана тапшылығы 87 мыңнан астам орыннан асқанын хабарлады. Бұған тегін оқи алатын студенттер қатарының өсуі де ық­пал еткені сөзсіз. 2018-2019 оқу жылында 53 мың білім гранты ғана бөлінсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022-2023 оқу жы­лында ол көрсеткіш 73 мың грантқа дейін артты. Министр С.Нұрбектің ай­туын­ша, бүгінде 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар. Онда 101 мың­нан аса студент тұрады. Мұның сыртында университеттер 14 309 орынға арналған 100 жатақхананы жалға алған. Студенттер тұратын хостелдерді Қаржы орталығы қар­жыландырады.
«Қосымша қажеттілік 87 мың­нан астам орынды құрайды. 2018 жыл мен 2022 жыл аралығында сту­денттер үшін 15 482 орындық 50 жатақхана қолданысқа берілді. Биыл 5 мыңға жуық төсек-орынға арналған 17 жатақхана іске қосы­лады деп жоспарлануда. Жатақ­ханалар салу үшін жеке инвес­тор­лардың қаражаты да тартылып жатыр. Дегенмен шешілмей тұрған проблемалар жетерлік. Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша жатақ­хана ашатын бизнес өкілдері үшін рәсімдерді жеңілдету жолдарын пысықтап жатырмыз», – деді Ғы­лым және жоғары білім министрі.
Министр С.Нұрбек жатақхана түйткілі бір күн немесе бір жылда туындамағанын алға тартты. Ен­деше оны шешуге де министрлік тағы біраз жылды сарп етуі ықтимал. Министр, әсіресе Алматыдағы жағдай күрделі екенін мойындады.
«Онда 36 жоғары оқу орны бар. Оларда оқитын студенттердің басым бөлігі – басқа қалалардан келгендер. Алматыда осы салада ауқымды іс-шаралар кешені қолға алынды. Жатақханалар құры­лы­­сына, академиялық инфрақұры­лым­ды кеңейтуге жеке капиталды тарту үшін инвесторлармен кездес­тік. Алматыда жеке штаб құрылды. Таяуда қиын жағдайға тап болған, баспанасыз қалған 130 студентке уақытылы көмек көрсетілді. Келесі жылдан бастап университеттерге қатаң талап қоямыз. Университет жаңа мамандық ашқысы келсе, оған студенттердің белгілі бір санын қабылдағысы келсе немесе жаңадан университет ашылса, онда ол мұқтаж студенттерін жатақ­­ханамен 100 пайыз қамтамасыз ету­ге міндетті болады», – деді Ғы­лым министрі.
Жасыратыны жоқ, Ресейден келушілер легінің артуы бұл проб­леманы ушықтыра түсті. Пәтер иесі баспанасын соларға жалға беріп, арзан жалдап келген студент қыздар мен жігіттерді сыртқа қуып шық­қанына шағымдар әлеуметтік же­ліні кезіп кетті. Ведомствоның дерегінше, Ал­матыда университеттер шәкірттерін далада қалдырмау үшін хостелдер мен қонақүйлерді жалға алып жа­тыр. Олармен министрлік те келіс­сөз жүргізуде.
«Біріншіден, хостелдердің өкіл­дерін жинап, оларға екі жаққа да тиімді ұсыныс жасадық. Олар ай сайынғы тұру құнын қолайлы ба­ғаға дейін төмендетеді, ал біз олар­ды жыл бойы студенттермен қам­тамасыз етеміз. Екіншіден, Алматы әкімдігімен бірлесіп, барлық уни­верситет өкілдерімен кездестік. Оларға жатақханаларды реконс­трукциялау, кеңейту қажеті ай­тылды. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігімен де жұмыс жүргізудеміз. Үшіншіден, Алматыдағы ескі бизнес орта­лық­тарын, басқа да бос ғимараттарды жатақханаға айналдыру мәселесі пысықталады. Оларды қысқа мер­зімде жатақханаға қайта жаб­дық­тауға болады», – деп түйді министр Саясат Нұрбек.
Тұрақты табыс көзіне айналды Мемлекет 2022 жылы сту­дент­терді, магистранттар мен докто­рант­тарды жатақханалардағы орындармен қамту үшін 33 440 орынға мемлекеттік тапсырыс ор­наластырды. Бұл сан тек өсе береді. Ең көп тапсырыс пен қаржы ала алғаны қатарында «МегаСтрой­Сервис» ЖШС (2 464 орын), «Ха­лықаралық білім беру корпо­ра­циясы» ЖШС (1 200), «Абдулла атын­дағы қазіргі заманғы білім беру академиясы» ЖШС (1 000), «Реак­тивные фосфорные соединения» сауда үйі (975), «Мастер-2007» ЖШС (700), «Кентау трансфор­ма­торлық зауыты» (500) бар. Бір ғажабы, өз студенттерін па­намен онсыз да қамтуы тиіс уни­верситеттер жатақханаларына мем­лекеттен ақы алады. Арасында Қы­зылорда «Болашақ» универ­си­теті (742), Қазақ технология және биз­нес университеті (680), Ш.Есе­нов атындағы Каспий техноло­гия­лар және инжиниринг университеті (670), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (645), Махамбет Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан университеті (600), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (550), Алматы технологиялық уни­верситеті (491), Қарағанды медици­на университеті (400), Қазақ инно­вациялық гуманитарлық заң уни­верситеті (400), Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситеті (372), М.Нәрікбаев атын­дағы ҚазГЗУ (370), Сәкен Сейфул­лин атындағы Қазақ агротехни­калық университеті (198) сияқты 26 ЖОО табыс тауып отыр. Биыл жалпы саны 109 бизнес нысаны жатақхана орнын ұсы­ныпты. Көбі жеке кәсіпкерлер. «Қаржы орталығы» АҚ түсін­діруінше, мемлекет оларға әрбір сту­дент үшін жыл сайынғы мемле­кеттік тапсырысқа, яғни тұрақты табысқа кепілдік береді. Сонда қанша төлейді? Егер жатақхана ғимараты жаңа­дан салынған болса, онда жыл бойы 1 студент үшін 122 АЕК-тен (2022 жылы 373 686 теңгеден) төленіп тұрады. Ал егер жатақхана жөндеу, реконструкция жүргізілген ескі ғимаратта ашылса, онда 1 студент үшін төлем 47 АЕК (143 961 теңге) болады. Бұл жерде ең ірі мегаполи­сі­міз­дегі жатақхана иелеріне артық­шы­лық берілді: Алматы қаласы үшін бірінші жағдайда – 144 АЕК (441 072 теңгеден), реконструк­ция­лағанына 92 АЕК (281 796 теңгеден) беріледі. [caption id="attachment_219566" align="aligncenter" width="1603"]жатақхана салу © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Барлық өңірде бұл мемлекеттік тапсырыс бірден 8 жыл мерзімге (алда 6 жылға азаяды) орналас­ты­рылады және төлемдер ай сайынғы негізде жүргізіледі. Яғни, егер жаңа хостел бір бөлмеге кем дегенде 6 студентті сыйдыра алса, онда сол бір бөлме үшін ғана мемлекеттен жылына 2,7 миллион теңгеге жуық ақшаны кепілді түрде алып отырады. Инвесторларды өз жылжы­май­тын мүлкін жатақханаға айнал­дыруға ынталандыру үшін Үкімет 8 жылдың алғашқы жылы (12 айы) үшін «2-ге тең түзетуші коэффи­циентпен» төлеуге барды. Нәти­жесінде, жатақханада іс жүзінде 100 студент қана тұрса, жатақхана иесіне мемлекет 200 студентке барабар, екі еселенген төлем ау­дарады (200 болса, 400). Яғни, алғашқы жылы бір бөлмеден 2,7 емес, шамамен 5,4 миллион теңге кіріс көреді. 1 мың студентке орын ұсына­тындар жылына жарты миллиард теңгеге жуық табысқа кенеле алады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 704 миллионға дейін өсуі мүмкін. Мұндай ауқымды табысты ортанқол қонақүйлер әкелмейтіні мәлім. Оның үстіне, қонақүйден айыр­ма­шылығы сол, студенттерді тамақ­тандыру, дәретханада гигиеналық заттармен қамту қажет емес әрі жастар өз бөлмесін өздері жуып, та­залайды. Атап өтер жайт, сту­дент­тер бұл жатақханаларда тегін тұра алмайды: қожайын белгілеген мөл­шерде қосымша ақы төлеуі шарт. Тұтастай алғанда, жеке сек­тордан жастар үшін жатақхананы жалдауға республикалық бюд­же­т­тен 152 млрд теңге бағытталыпты. Негізі, бұл саладан пайда тап­қысы келетін кәсіпкерлер мен қал­талы азаматтар саны арта берері даусыз. Өйткені салаға алдағы уа­қытта қомақты қаржы құйылады. Әр студент үшін аударылатын тө­лем көлемі күрт артады. Демек, та­быс жеткілікті. Ғылым министр­лігінің хабарлауынша, жаңа жатақ­ханалар салу үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін қазіргі 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке арттыру қарасты­рылып жатыр. Бұл биыл 597 285 тең­геге тең. Ал келесі жылы АЕК мөл­шері тағы артқанда, осы сома да автоматты түрде тағы өседі. Алматы қаласында әрбір сту­дент үшін төлем 230 АЕК-ке дейін күрт ұлғаяды. Яғни, биылғы айлық есептік көрсеткішпен есептегеннің өзінде, бір орын үшін жылына 704 490 теңге аударылады. Оларда жа­татын әрбір студент нағыз алтын балаға айналатын түрі бар. Министрдің мырзалығында шек жоқ: мұны азсынса, жекемен­шік жатақхананың жөндеу шығын­дарын да мемлекет көтеруі мүмкін. С.Нұрбек министрлігінің мәлі­ме­тінше, 6 жыл өткеннен кейін инвес­тор студенттерді қуып шығып, ны­санды қайта форматтамауы, шә­кірт жастар жатақханаларда ары қарай тұруы үшін мемлекет жа­тақ­хана қожайынының келесі 14 жыл­дағы операциялық шығындарын бюджеттен өтейтінін болады. Жа­тақхананы жаңадан салатындарға мемлекеттен басқа да қолдаулар бар. Кәсіпкерге оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге шығындалудың қажеті жоқ. Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қаржы орталығы әр өңірде студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция салу мәселесін талқылау үшін түрлі кездесу ұйымдастырып жатыр. Ол жиындарда кәсіпкерлерге шарттар жасасу рәсімі, мемлекеттік тапсы­рысты орналастыру тәртібі, инвес­тициялық ынтымақтастық аясында төлемдердің сомалары мен мер­зімдері түсіндіріледі. Сонымен бірге әкімдерге жа­тақхана салатын жеке және заңды тұлғаларға басымдықты түрде жер беру, олар сұраған жер учаскелерінің бастапқы нысаналы мақсатын жедел өзгерту жүктелді. Тапсырыс иеленген компания менеджері, кәсіпкер Алмат Жан­до­сов кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыс – осындай нысанның табысының тек бір көзі ғана екенін айтады. Біріншіден, оның сыр­тында студенттердің өзінен аренда ақысы алынады, оны әр жатақхана иесіне өз бетінше белгілеуге рұқсат етілген, тек тым жоғары баға қойса, ақылы мол, қалтасы таяз студенттер онда тұрудан қашады. Сондықтан Алматыда – 25-40 мың, Астанада – 15-25 мың, өңірлерде 6-15 мың теңге шамасында болып келеді. Бұдан бөлек, төменгі қабатта асхана, буфет орналастырылған, олар да біраз табыс әкеледі. Түрлі терминал, тауар сататын автоматтар қою­ға болады. Кәсіпкер егер нысан ауданы мүмкіндік беріп жатса, шаш­тараз, жаттығу залдарын, ксе­роксы бар ойын залдарын және басқасын ашуға болатынын қосты. Ол бір жайтқа назар аударды: әр студент үшін бөлініп жатқан қар­а­жатты Қаржы орталығы да, басқасы да тексермейді. Ол қаражат қай­тарымсыз негізде беріледі. Тек 6 жыл бойы объектінің нысаналы мақсатын өзгертпесе, яғни жатақ­хана қалпында қалдырса болғаны. Содан кәсіпкерлер шығып қалған студенттердің орнын жетімбұрыш жағалаған өзге жұртқа, мысалы қаптап келіп жатқан ресейліктерге жалға беріп, екі жеп биге шығуы мүмкін.