ОПЕК-тің шешімі мұнай нарығына қалай әсер етеді?
ОПЕК-тің шешімі мұнай нарығына қалай әсер етеді?
736
оқылды
ОПЕК-тің шешімімен мұнай экспорттаушы елдер қараша айынан бастап шикізат өндірісін тәулігіне 2 миллион баррельге қысқартпақшы. Мұндай міндет­теме Қазақстанға да қойылды, ол енді тәулігіне 78 мың баррель кем өндіретін болды. Бұл ше­шімнің ішкі нарықта жанар-жа­ғармай бағасын қымбаттатып жіберетіні өз алдына, энер­ге­тикалық отынның жетіспеу­ші­лігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазақстан жылына 86 миллион тонна мұнай өндіреді, оның 17 млн тоннасы ішкі нарықта қалады да, қалғаны экспортталады. Әйтсе де, республикада өндірілетін мұнай­дың тек 26 пайызы ғана отандық компа­ниялардың үлесінде. Қалған төрттен үш бөлігі шетелдік субъектілерге тиесілі. Қазір ел аумағында мұнайгаз өндірісі саласында 15 мемлекеттен 80-нен астам компания жұмыс істейді. Мемлекет Теңізшевройл, Сол­түстік Каспий операциялық компа­ниясы, Қара­шығанақ Петролеум Оперей­тинг сияқты ірі шетелдік компаниялардан басқаларын өн­дірген өнімінің 30-70 па­йызын ішкі на­рыққа сатылуын міндеттейді. Әлбетте оның бағасы экспортталатын тауар құнымен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда арзан болғандықтан ол шетелдіктер үшін тиімсіз. Алайда бұл отан­дық мұнай өңдеу зауыт­тарының шикізатсыз қалдырмау және ішкі нарықты жанар-жа­ғармаймен қамтамасыз ету үшін қажет. Шектеуден ши шықпасын ОПЕК+тің халықаралық жағдайға бай­ланысты «қара алтынның» өндірісін біресе шектеп, біресе ұлғайтып отыруына көз үйренген. Әйтсе де, бұл жолғы шектеу бұған дейін бекітіп жүрген көлемдерден әлдеқайда асып түсті. Мұнайшылар сол арқылы шикі­зат бағасын қазіргі қалпында ұстап тұруды, мүмкін болса тіпті одан да қымбаттатып жіберуді көздейді. Өйткені өнім жетіспеген сайын оның құны арта түсетіні белгілі. Бірақ мұнай өндірісін қысқартудың басты себебі бұл да болмауы ықтимал. Өйткені әлемде қазіргідей геосаяси жағдай күннен күнге ушығып бара жатқанда және оның бір ұшы нақ осы көмірсутегімен байланысты болғандықтан, мұндай қадамның артында саясаттың жатқанын аңғару қиын емес. Сарапшылар ОПЕК+тің шешімі әлем­дік экономиканың дамуын тежейтіндігін айтады. Ал АҚШ Ақ үйінің ресми өкілі Джон Кирби ОПЕК+-ті басқарып отырған Сауд Арабиясын «моральдық және әскери тұрғыдан Ресейді қолдау» деп айыптады. Сондай-ақ шектеу инфляцияны өршітіп жібере ме деп қауіптенеді. Басқасы басқа, мұнай өндірісін шектеу Джо Байден үшін аса бір қысылтаяң шаққа тап келді. Тұ­ты­нушылық бағалардың, оның ішінде бензин құнының қымбаттауы қараша айында өте­тін Өкілдер палатасы сайлауында оның Демократиялық партиясына кесір болып тиетіні сөзсіз. АҚШ президенті сол себепті өндірісті шектемеу туралы Парсы шыға­нағындағы бірқатар елдерге қолқа салып та көрген. Дегенмен әзірге одан нәтиже шық­қан жоқ. Ал бізді мұнай өндірісінің шектеуі Қазақстан экономикасына қалай әсері ете­тіндігі алаңдатады.
«Кейінгі айларда ОПЕК+ке қатысушы-мемлекеттер бекітілген квотаның өзін орын­дай алмай жүр. Мәселен, Нигерия өз квотасынан тәулігіне 700 мың баррель кем береді. Ресей тәулігіне 1,2 миллион барре­льді аз өндіреді. Қашаған мен Каспий құбыр желісі консорциумындағы апаттардан кейін Қазақстан да бекітілген көлемінен көп қа­лыс қалып келеді. Сөйтіп, ОПЕК+ бүгіннің өзінде міндеттемені орындамай отыр. Өн­діріс көлемі шамамен тәулігіне 3,5 миллион баррельге төмендеген. Яғни, ОПЕК+ бұл шешімі арқылы нарықта қалыптасқан үр­діс­ті тек заңдастырған болды», – дейді Қа­зақстан мұнайсервис компаниялары ода­ғы­ның бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, бұл жағдай бензин нарығына айтарлықтай ықпал ете алмайтын көрінеді. Өйткені қазіргі кезде көптеген ел­дердің экономикасы тұралап жатыр, сол себепті мұнайға аса үлкен сұраныс жоқ. Бү­гінде мұнайдан гөрі газға сұраныс артқан. Қазір әлемдік нарықта бірінші орынға газ шықты, мұнай одан кейінгі орында тұр. Сон­дықтан ОПЕК+тің шикізат өндірісін шектеуі қолданыстағы бензин бағаға әсер етпеуі тиіс. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын нарық­тағы ең танымал Brent маркасының баррелі қазіргі шамадан екі есе төмен болатын. Қазір оның құны 80-90 доллар дәлізі аралы­ғында құбылады, тіпті 100 доллардан асқан кезі де болған. Экономика осы бағаға бейім­делді, енді оның екі жыл бұрынғы 40 дол­ларға түсуін ешкім қаламайды. Дизель отыны қымбаттауы мүмкін Баға өзгермегенімен, ОПЕК+тің ше­ші­мімен Қазақстан енді шикі мұнай өн­дірісін тәулігіне 78 мың баррельге қыс­қартуға мәжбүр. Бұл біздің ел үшін өте қомақты көлем әрі қымбатшылықтан әбден зәрезап болған жұрт одан еш жақ­сылық күтпейді. Мұнай өндіру кемісе, ол ел ішінде бензин тапшылығы туын­датып, кейін көпшілік тұтынатын барлық тауар­лардың жаппай қым­батташылығына ұрын­дыра ма деп қорқады. Бірақ сарап­шылар бұдан бензин емес, ең бірінші ди­з­ель отыны қымбаттауы мүмкін деген жо­рамалдарын алға тартады.
«Автомобилистер аса алаңдамаса да болады, өйткені оның бағасы жарты жылға бекітіліп қойылған. Алайда қысқы дизель отынының жағдайы не болатындығы түсі­ніксіз. Өйткені біз дизельді әдетте шетелден импорттаймыз. Қазір курс бағамының айыр­машылығына байланысты енді ол қа­зақстандықтар үшін анағұрылым қымбатқа түсейін деп тұр. Бұл жағдай жанармайды үл­кен мөлшерде қотарып сатып алушылар мен автоқұю стансаларына да оңайға тимесі анық», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Одан бөлек, Үкімет сәуір айында дизель отыны акцизін көтеруі арқылы қымбат­шы­лықтың туындауына өзі себепкер болып отырған сияқты. Әйтпесе, мемлекеттің им­порттық өнімге тәуелді екеніне қара­мастан, онсыз да жетпей жатқан солярканың акциз бағасын қымбаттатуын қалай түсінуге болады? Өйткені акцизге қосылған әрбір теңге тұтынатын өнімнің түпкілікті құнында көрініс табады. Өнім өндірісі мен импорт тауарларға акцизді көтеру ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әкеліп соқтырады. Рас, наурыз-сәуір айларында рубль дол­лар мен теңгеге шаққанда қатты құлдырап, рубль 4 теңгеге дейін төмендеді. Үімет акциз­дің құнын көтеру туралы шешімін соған байланысты шығарған болар. Бірақ қазір жағдай басқаша, рубль 8 теңгеге жетті. Сон­дықтан қазақстандықтар қараша тумай, қымбатшылыққа ұрынбай тұрғанда қысқы дизель отынының қорын жинап алуға қам жасай бергені дұрыс. Ал бензин бағасы әзірше бұрынғысынша қалыпта. Әйтсе де әлемдік мұнай нарығындағы толқу әлі тыншыған жоқ әрі ОПЕК+тің шектеуі әлі күшіне енгенбеген. Сондай-ақ желтоқсан айында мұнай экспорттаушы елдер ұйы­мы­ның басқосуы өтеді. Міне, мұнай нарығын­дағы жағдай осы отырыста қабылданған шешімдерге байланысты болмақ. Сөз соңы. Қазақстанда кейінгі он жыл­дарда жаңа кен орындары ашылған жоқ. Сондай-ақ мемлекеттің мұхитқа шығатын жолы болмағандықтан, бізде көмірсутегін тасымалдау құны қымбат. Мысалы, қазақ мұнайы Еуропаға Қара теңіз порты арқылы шығарылады. Одан басқа жалпы ұзындығы 1650 шақырым болатын Каспий құбыр желісі консорциумы бар. Мұнай өндіруші өнімін теңізге жеткізу үшін құбыр опера­торына әр тоннасы үшін 38 доллар төлейді. Оның үстіне, салық үстемесінің жоғары­лығы, ішкі нарықта қатаң бағаның бекітілуі «қара алтынның» өзіндік құнына теріс әсер етеді. Бұл факторлар әлеуетті инвесторларды мұнайгаз саласына инвестиция салудан қашқақтатады. Кейінгі 10 жылда тіпті қы­тай­лықтардың өзі Қазақстанның мұнайгаз саласына ақша салуды доғарған. Оларды тек дайын өнім ғана қызықтырады. Мұндай жағдайда ОПЕК+тің ғаламдық мұнай на­рығын реттеуінің еліміздің ішкі жағдайына да әсері үлкен болмақ.