Баланы жәбірлеуге жол берілмейді
Баланы жәбірлеуге жол берілмейді
343
оқылды
«Бала – бауыр етің» дейді қазақ. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы тараған бейнероликтен қызына зәбір көрсеткен ананың әрекетін көргендер жағасын ұстады. Бұл мәселе қазір «AMANAT» партиясының Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің назарында. Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Динара Закиева елорда әкімдігінің Білім басқармасымен және психологиялық қолдау қызметімен байланыс орнатылғанын айтты. Әкімдіктің салаға жауапты құрылымдарымен, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері баланың ата-анасымен кездесу де өткізіпті.
«Қыздың өзі мен анасына пси­холог көмек көрсетіп жатыр. Медициналық тексеру жүргізілді. Бейнежазбаға сараптама жүр­гізіледі. Біз бұл мәселе бойынша байланыста боламыз. Өкінішке қарай, балаларға қарсы қылмыстың 70 пайызы отбасында болады. Күн сайын ба­лаларға қарсы 6 қылмыс жаса­лады. Өткен жылы 12 айда 2 088 дерек тіркелген. Және бұл тек тір­келгені ғана. Жабық есіктің арғы жағында қалып кеткен қанша оқиға бар?», – дейді Динара Закиева.
Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшадағы жазба­сында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған бүлдіршіндердің қилы тағдырынан мысал келтір­ген. Ол отбасындағы балаға кө­мек­тесу үшін ата-аналарға да пси­хологиялық көмек ұйымдас­тыру керек екенін еске салады.
– «111» қызметіне ата-ана­лар­дың балаларына қатыгез­дік­пен қарауы бойынша қоңыраулар жиі түседі. Барлық жағдайда біз ата-аналарға қосымша психоло­гия­лық көмек көрсетеміз. Кә­мелет­ке толмағандар ісі жөнін­дегі комис­сия ата-аналарға емдеу курсынан өтуге кеңес береді. Мен осындай жағ­дайға тап бол­ған жандарға психологтің көмегі қажет болса, «111» нөміріне қоңы­рау шалуды ұсы­намын. Қоңы­рау шалу тегін және құпия, – деді депутат.