Бүгін Астана медициналық университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы күндері» аясында елордалық қалалық ассамблея өкілдері студенттер мен оқытушылармен кездесу өткізді.
Жиынға модераторлық еткен академиялық жұмыс жөніндегі проректор, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанар Бөкеева бұл шараның жастар үшін өте маңызды екенін атап өтті. «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Астана медицина университеті Спорт және жастар ісі жөніндегі орталығының басшысы Шерзод Пулатов этномәдени орталықтың жұмысы мен негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Өз кезегінде «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Астана қаласындағы филиалының төрайымы Юлия Лагуткина Қазақстан халқы Ассамблеясының амбициялық және белсенді жастары туралы әңгіме өрбітті. Ол қолданыстағы жобалар туралы айтып, ҚХА жастарының қызметіне егжей-тегжейлі тоқталды. Сонымен қатар ұйым жетекшісі өз сөзінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі жастар ассамблеясының рөлі туралы да баяндап берді. Шара соңында қалалық ҚХА шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай кездесулер бұдан бұрын бірқатар елордалық ЖОО-да өткен болатын.