Футболдан әлем чемпионаты: Мбаппе Франция құрамасын плей-офф кезеңіне шығарды
Футболдан әлем чемпионаты: Мбаппе Франция құрамасын плей-офф кезеңіне шығарды
501
оқылды
Франция құрамасы Данияны жеңіп, 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өтті. Дохадағы «974» стадионында өткен екі еуропалық команданың арасындағы матчта барлық голдар екінші таймда соғылды – 2:1. Осы топта бүгін Тунисті 1:0 есебімен ұтқан Аустралия ұпай саны жағынан Францияны қуып жеткен еді. Егер әлем чемпиондары Данияны тізе бүктірсе, онда 1/8 финалға күні бұрын жолдама алар еді. Ал бір ғана ұпайы бар даниялықтарға шегінер жер жоқ-ты. Қос команда бұған дейін 18 рет кездесіп, соның 8-інде француздар, алтауында даниялықтар жеңіске жетіп, үшеуінде тең тарқасқан еді. Бірақ Франция Данияны ресми ойында соңғы рет 2000 жылы Еуропа чемпионатында ұтқан. Франция екі ойында алты ұпай жинап, D тобы арқылы плей-офф жолдамаларының біріне ие болды.