Көмір ұрлығы көшеге шығарды
Көмір ұрлығы көшеге шығарды
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
539
оқылды
Таяуда ғана Моңғолия елінде болған халықтың наразылығы әлем жұртшылығын елең еткізбей қой­мады. Оған себеп ретінде сарапшы­лар түрлі болжам айтуда. Көбі моңғол жұртының бас көтеруіне 12,9 млрд долларға бағаланған көмір ұрлығын әсер етті деп санайды. Осы тұста біз басқа да факторларға назар ауда­рып, мән-жайға үңіліп көрдік. Шенділердің шикі ісі 4 желтоқсанда Улан-Баторда халық үкімет сарайына басып кіруге тырысты. Жиналған жұрттың талабы біреу – жем­қорлық мәселесін тергеп, үкіметті отс­тавкаға жіберу болатын. Әуелде Қытайға жеткізіледі делінген «12,9 млрд доллар болатын көмірді ұрлады» деген ақпарат елді ашындырғанға ұқсайды. Наразылар көмір ұрлығы мен бюджет ақшасының жымқырылуын тергеуді, бұл жағдайға қатысы барларды анықтауды талап еткен. Ал Моңғолиядағы көлемі жағынан үшінші қала саналатын Дарханда халық көмірді ұрлағандардың есімін жариялап, мүлкін тәркілеуді талап қылған. Әйтсе де, қарсы­лықты қыздырған тек көмір жайы емес тәрізді. Өйткені митингіге шыққан жұрт «Конституциямен бекітілген құқығымыз бен бостандығымыз жыл сайын шектеліп жатыр, өміріміз нашарлап барады» деп ұрандатқан. Яғни, бұл тұста экономикалық тұрғыдан елдің кері кетуі де септессе керек. bne IntelliNews сайтының хабарлауынша, Моңғолия үкіметі елдегі жағдайды үш рет талқылап, мемлекеттік «Эрдэнэс Таван­толгой» көмір компаниясына қатысты тексеріс бастаған. Үкіметте наразылармен диалог жүргізетін жұмыс тобы да құрылған. Бір оңды тұсы, митингте қантөгіс болған жоқ. Негізі, 5 желтоқсанда кезектен тыс құрылтайына шұғыл жиналған моңғол парламенті шеруді «заңсыз митинг» деп бағалап, қуып тарату туралы шешім қабылдаған. Осылайша, Үкімет тәртіпті қалпына келтіріп, алаңды агрессивті жастардан тазарту үшін күш қолдануға шешім қабылдады. Бірақ көп өтпей Ұлан-Батыр басшысы Долгорсурэнгийн Сумья­базар Үкімет үйінің айналасындағы шеру­шілерді мәжбүрлеп тарату туралы қаулы­ның күшін жойды. Көп ұзамай 8 желтоқсанда Ұлан-Бато­рда көмір ұрлығына қатысы бар деген сегіз күдіктінің ұсталғаны хабарланды. Атап айтқанда, «Эрдэнэс Таван-Толгой» мемле­кеттік көмір өндіру және экспорттау компаниясының бұрынғы басшысы Батту­лғын Ганхуяг қамауға алынған. Оның бір­қатар туыстары мен ықпалды бизнес­мендері де ұсталыпты. Олардың ішінде Khishig Arvin Industrial тау-кен компания­сының басшылығы да бар. Бұл туралы Моңғолияның Әділет және ішкі істер министрі мәлімдеді. Барлығының үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізілген. Жалпы, бұл іске ұзын саны 40-қа жуық адам күдікті ретінде танылып отыр. Дегенмен Моңғо­лия­дағы шерулер әлі де болса толық басыла қойған жоқ. Жұртты алаңдатқан көмірден өзге қандай жайлар бар? Ел экономикасының еңсесі түсе бастаған Шынын айтқанда, демократиясы жөнінен дамыған елдердің сапына қосылып жүрген Моңғолия неге бүлінгені қызық-ақ. Пандемия кезеңін айтпағанда соңғы онжылдықта Моңғолия бүкіл әлемді таңдай қақтырды. Дүниежүзілік банк осы өңірдегі үш маңызды елдің даму көрсет­кіштерін өзара салыстыратын есебін жа­риялап тұрады. Мысалы, 2011 жылы Қытай­дың жалпы ішкі өнімі – 9,6 пайызға, Қазақстандікі – 7,4 пайызға өссе, Моң­ғолия ЖІӨ-сі бірден – 17,3 пайызға артқан. 2012 жылы Моңғолия 12,3 пайыз межесін бағындырды. Ал 2018 жылы 7,7 пайызға жеткен. Бұл сол кездегі әлемдегі ең жоғарғы өсімнің бірі саналған. Десе де, корона­дағдарыс осы елге көп соққы бергенге ұқ­сайды. 2020 жылы Қазақстан эко­номика­сы 2,6 пайызға төмендегенде Моң­ғо­лия экономикасы бірден 4,6 пайызға құл­дырапты. Былтыр Моңғолияның ЖІӨ небәрі 1,4 пайыз өсім көрсетіп, экономика­ның рецессияға таяп тұрғанын көрсетті. Яғни, наразылықтың астарында «көмір дауы» ғана емес, елдің экономика­лық әлеуеті де бар секілді. Соңғы кездері бұл елде де халықтың қымбатшылыққа шағым­данып жүргені мәлім еді. Бұл елдің бір ұстыны демократиялан­дыру болғаны анық. Мемлекет жеке басқа табынуға, бір адамның билікті басып алуына жол бермеу үшін парламенттік демократияға көшкен. 20 жыл бойы саяси институттарды дамытуда, саяси жаңғыруда қомақты жетістіктерге жетті. Осыған қарамастан, Моңғолия өзгелерге қарағанда қос елге қатты тәуелді. Моңғолияның отставкадағы генералы Лувсангомбо Моломжамц осы жайға қатты назар ауда­рып, мәлімдеме жасаған.
«Моңғолияның сыртқы саясатының басымдықты бағыты ретінде Ресей мен Қытай ғана белгіленген. Мемлекет қос алпауыттың қыспағында тұр. 1990 жылға дейін Моңғолия толығымен дерлік Ресейге тәуелді болды. Содан кейін КСРО бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев бұл елден кеңес әскерлерін толығымен шығару туралы шешім қабылдады. Нәти­жесінде, ғасырға жуық уақыт бойы құрыл­ған әскери байланыстар үзілді. Өлкеде Қытайдың ықпалы күш алды. Ресей бұл көршісін стратегиялық маңызды емес деп санап, Орталық Азиямен шектелді. Ал Мәскеу ықпалында болғандар өсу орнына өше беретіні мәлім. Оның құшағынан құтылған моңғол елі серпінді даму даңғы­лына шықты. Оған Қытай қатты ықпал етті. Соның қорытын­ды­сындай, бүгінде бүкіл моңғол экспортының 86 пайызы ҚХР-ге тиесілі. Осылайша, бұл ел Қытайға қатты тәуелді болып қалды. Пан­демия кезінде карантин­дік шектеулерге бола Қытай түрлі кедергі-тосқауылдар қо­йып, импортты күрт азайт­ты. Салдары­нан, көр­ші елдің де эко­номикасына нұқсан келді», – дейді ол.
Міне, дәл осындай қарбаласқан, жай­сыз кезеңде Моңғолияның басты экспорт­тық тауары саналатын көмірдің үлкен көлемі Қытайға көлеңкелі жолдар­мен заңсыз сатылып келгені әшкере болып тұр. Әрине, бұл нәрсе сөзсіз халықтың ашу-ыза­сын тудыратыны анық еді. Себебі Моң­ғолияда ұлттық компаниялардың, соның ішінде көмір өндіруші алпауыттың акция­лары халыққа таратылған. Яғни, тұрғын­дардың жақсы бір табыс көзі сана­лады. Сон­дық­тан осы жемқорлықты әрбір моң­ғол өз отбасының әл-ауқатына жасалған қас­тандық ретінде жанына жақын қабыл­даған секілді. Егер көптеген миллиард экс­порт есепке алынбаған болса, онда ха­лық та орасан зор дивидендтерден қа­ғылғаны анық. Әзірге бұл сынақтан Үкіметтің қандай амал тауып өтері белгісіз. Бұл ретте көмірге қатысты жемқорлықтан кімдердің қорек­тен­генін Қытай жағы білетін болып шық­ты. Қытай Моңғолиядан көмірді ұрлап тасуға қатысқан қытайлық шенеуніктерді бірден өлім жазасына кескені жайлы қауесет тарады . Сонымен бірге Бейжің осы іспен байланысты моңғол саясаткерлерін де анықтағанға ұқсайды. Олардың аты-жөндері Моңғолияның Үкімет басшысы Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэге жолда­нып үлгерген. Бағана біз айтқандай, Моң­ғо­лияда айыпталып жат­қан 40-қа жуық адам осы деректің негізінде анықталуы мүмкін. Не десек те, Моңғолия елі саяси билік транзитіне қатысты ауыр түйткілдерден ада екені белгілі. Алайда Моңғолиядағы жағдай жемқорлықтың кез келген, соның ішінде демократиялық дамуда көп ілгері­леген мемлекеттің де діңгегін шірітуге қа­білетті екенін аңғартты. Сондықтан ха­лық бұл мәселеде белсенділік танытып, мә­селені біржақты етпейінше, Үкіметіне тыныштық бермейтін секілді.