Кадр саясатына жаңаша көзқарас
Кадр саясатына жаңаша көзқарас
© коллаж: Әсел Балтақызы
695
оқылды
2022 жыл ауыс-түйістер жылы болды десек, жаңылмаспыз. Әрине, биліктің мұндай өзгерісі бізге таңсық емес. Бірақ биылғысы бұрынғыдан өзгеше сипат алды. Содан болса керек, әрбір жаңа та­ғайындау сенсацияға толы толды. Бір өзі аймақ пен саланы «мен­шігіне» айналдырған мүйізі қарағайдай әкімдер мен министрлердің дәурені аяқталып, орнын босатты. Олардың орнын жас, жігерлі технократтар алмастырды. Жалпы, осы барлық кадрлық шешімнің астарында не жатыр? Ол белгілі бір заңдылыққа бағынған ба, әлде бейберекет жүріп жатыр ма? Сенім жүгі салмақты Бұған дейін саясат сахна­сын­дағы белгілі тұлғалардың шо­ғыры өз­гермеді. Жаһанға жар сала жариялан­ған мерито­кратия қағидасы сөз жү­зінде қалды. Ал қазіргі өзгерістер одан принципті түрде ерек­ше­ленеді. Үкімет пен әкімдердің қатары жаңар­ды. Жасыратыны жоқ, ірі кадр­лық шешімдер «Қасіретті қаң­тар» оқи­ға­лары тұсында бас­талды. Ауыс-түйіс­тің ең ірісі қос биліктің жойылуы бол­ды. Нә­тижесінде, 5 маусымда ұйым­­­­дастырылған жалпы­ұлт­тық референдумда Қазақстан халқы Ата Заңнан Елбасы мәр­тебесінің алып тасталуын ма­құлдады. Осылайша, республи­камызда іс жүзінде мем­ле­кеттің екі шылбыр, бір тізгіні толық­тай Президент қолына көшті. Қаңтар оқиғалары кезінде Мем­лекет «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Жарлығын жария­лап, Үкіметті таратты. Дәл сол күні Президент Жарлығымен Қырымбек Көшербаев та Мемлекеттік хатшы лауазымынан босатылды. Рефе­рендумда құпталған конститу­ция­лық реформаға сәйкес, Мемлекет­тік хатшы лауазымы жойылды. Оның ор­нына Мемлекеттік ке­ңесшісі ла­уазымы пайда болды. Әуелі 5 қаң­тарда Мемлекеттік хат­шы болып тағайындалған Ерлан Қаринге 14 маусымда Мемлекеттік кеңесші қызметі жүктелді. Бүкіл әлемдік ақпарат айдынын елең еткізген Жарлық 6 қаңтарда жарияланды. Президент Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті лауазымынан бо­сатылды. Оның үстінен мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық мін­деттерін асыра пайдалану күдігі бойынша қылмыстық іс қозғал­ды. Сонымен қатар тергеу бары­сында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгісі анық­талды. 18 қарашада оның үсті­нен сот процесі бастал­ды. Ал Ұлт­тық қауіпсіздік коми­тетінің төра­ғасы лауазымына оның алдында Мемлекеттік күзет қыз­ме­тінің бас­тығы болған Ермек Са­ғымбаев тағайындалды. 19 қаңтарда Мемлекет басшы­сының Жарлығымен Мұрат Бек­танов Қорғаныс министрі лауазы­мынан босатылды. Орнын Руслан Жақсылықов басты. Бұрынғы Қор­ғаныс министрі қаңтар оқиғалары­нан соң бір жарым ай өткенде тұт­қындалды, оның ісі қазан айында әскери сотқа берілді. Ол Қылмыстық кодекстің 451-бабының 3-бөлімі бойынша ұрыс жағдайында билiктi асыра пайдаланды деген күдікке ілікті. Ресейлік жазушы, тарих зерт­теушісі, «Трагический январь» кіта­бының авторы Леонид Млечин қанды қаңтар күндері Қ.Тоқаев күш құрылымдары басшыларының «ақ­параттық қамауында» қалғанын, олар ұсынған мәліметтердің дұрыс-бұрыстығын тексеру қиынға соққа­нын айтады. Бұл тығырықтан батыл кадрлық және басқа шешімдер құтқарды.
«Алғашқы күндері, 4-6 қаңтарда Тоқаев нағыз ақпараттық изоля­цияда қалды. Соны ұйымдастырған күш құрылымдары елден қашуы үшін Президентті бүліктің ауқы­мымен, негізгі облыс орталықтарына шабуыл жасаған қарулы бандит­тердің санымен, олардың Ақордаға шабуылдауды жоспарлап отырға­нымен қорқытуға тырысты. Сол сын сәтте Тоқаевтың қасында бол­ған, небәрі бірнеше адамнан ғана тұратын оның аппаратының қыз­меткерлері маған былай айтты: «Президент шын мәнінде мыңмен жалғыз алысқан күйге түсті, жан-жақтан анталаған бандиттерге және сатқындарға қарсы жалғыз күресті». Қазір айқындалып отыр: сол тау­қыметті күндері Президент дұрыс шешім қабылдады және елді хаос­тан, тоз-тоз болып бөлінуден сақтап қалды», – деді Л.Млечин.
Саясат алыптары аттан ауды Елімізде саяси трансформация 2019 жылы басталып, Президент өзгергенімен, жаңа көшбасшыға бұрынғы Мемлекет басшысының командасы толық дерлік көшті. Қаң­тарда бейбіт шеруге шыққан халық Тоқаевтан билікті өзгертуді талап етті. Ел тілегіне құлақ түрген, ден қойған ел басшылығы жыл бойы кадрлық жаңғыруды бірте-бірте жүзеге асырды. Президент Жарлығымен 2022 жылғы 25 ақпанда Ерлан Тұрғым­баев Ішкі істер министрі лауазы­мы­нан босатылып, Президент кеңес­шісі болып ауыстырылды. Алайда 17 тамызда ол қызметінен де кетті. Сол 25 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Имашев Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы лауазымынан босады. Халықаралық сарапшылар осы арқылы Тоқаев алда әділ сайлау өткізуге дайындалуда деп тұспал­дады. Бұл жорамал кейін расталды. Былайғы жұрт жақсы біле қой­мағанымен, сырт көзден таса саяси ойындардың белсенді ойыншысы Нұрлан Онжанов Мемлекет басшы­сының Жарлығымен 13 маусымда Президент Кеңсесінің бастығы ла­уазымынан алынып, Қазақстанның Германия елшісі қызметіне аттанды. 2009 жылдан бері билікте тек ірі қызметтерді «арқалап» келген алып­тардың бірі, Президент көмекшісі де болған Қанат Бозымбаевтың 11 маусымда Президент Жарлығымен Алматы облысының әкімі лауазы­мынан босатылуы да сарапшы­лар­дың таңданысын тудырды. Себебі ол осы қызметке 2021 жылғы 24 қарашада ғана тағайындалған болатын. Оның әкімдік дәуірінің соңғы нүктесіне ерте қойылуына «Алтын орда» базары былық­та­рының ашылуы себеп болғаны айтылады. Сауда-саттық саласына тікелей жетекшілік еткен Бақыт Сұлтанов та 15 тамызда Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және инте­грация министрі лауазымынан ке­туге мәжбүр болды. Ол алдымен, 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Президенттен сөгіс алды. Себебі сауда саласының ша­руасы шатқаяқтап, елде алапат қым­батшылық қарқын алып, ин­фля­ция деңгейі рекорд орнатты. Қазақстан саясатының тағы бір серкесі Бейбіт Атамқұлов та шетелге кетті. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 қазандағы Жарлығымен Өзбекстанға елші болып аттанды. Сарапшылар мен ақпарат құрал­дары бірқатар аймақ басшысының ұзақ отырып, өңірді шағын ханды­ғына айналдырып жібергенін сынап жүрді. Биыл барша қазақстандыққа танымал, еліне сыйлы біраз әкім сая­сат сахнасындағы басты рөлде­рінен айырылды. 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жар­лыққа сәйкес, Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазы­мы­нан алып тасталды. Қоғам өкіл­дері оны қаңтар оқиғалары кезінде әрекетсіздігі үшін қатты сынаған еді. Мемлекет басшысының 7 сәуірдегі Жарлықтарымен Гүлшара Әбдіқалықова – Қызылорда облы­сының әкімі, Бердібек Сапарбаев – Жамбыл облысының әкімі, ал Махамбет Досмұхамбетов Атырау облысының әкімі лауазымынан бо­сатылды. 31 тамызда Түркістан об­лысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкасы үлкен қоғамдық резо­нанс туғызды. Өмірзақ Естайұлы өзі басқарған өңірдегі коррупциялық жанжалдар аясында орнынан кетті. Орнына бұған дейін Өзбекстандағы қазақ елшісі болған Дархан Са­тыбалды барды. Дәл сол 31 тамызда отандық саясаттың тағы бір кори­фейі Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босатылды. Қостанай облысын 2015 жылдан бері табан аудармай бас­қарған Архимед Мұхамбетовке де биыл әкімдік мансабын аяқтады. Кадрлық жаңғыру жарқын істерге бастайды Президенттің 2022 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Әлихан Смайыловты Премьер-Министр лауазымына тағайындады. Ми­нистрлер кабинетінде едәуір өзгеріс болды. 2021 жылдан бері ел Үкіметі 68 пайызға жаңарды. Бұрынғы Үкі­мет­тің 22 мүшесінің 15-і қызметінен босатылды. Биыл Ұлттық банк тө­ра­ғасы Ерболат Досаевтың Алматы қаласының әкімі қызметіне, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің Премьер-Министрінің орынбасары лауа­зымына тағайындалуы, Қарағанды өңірінің басшысы Жеңіс Қасым­бектің Астана тізгінін қолына алуы қоғамда пікірталас туғызды. Жалпы, бұрынғы әкімдірден тек төртеуі: 2014 жылғы қарашадан Шығыс Қазақстан облысын басқарып, әкім­дер арасында рекордсменге айналған Даниал Ахметов, 2021 жыл­ғы қыркүйектен Маңғыстау об­лысын басқаратын Нұрлан Но­ғаев, 2019 жылғы наурыздан бері Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев және СҚО әкімдігінен Қостанай облысына ауысқан әкім Құмар Ақсақалов орнын сақтап қалды. Елде 20 өңір бар деп есептесек, олардың басшылары бір жыл ішінде тура 80 пайызға жаңарған. Саясаттанушы Андрей Чебо­таревтың байламынша, биыл елдегі билік жүйесінде салмақты ауыс-түйіс болды.
«Мемлекет басшысы қаңтар оқиғалары тұсында бұрынғы билік­тің командасымен қалды да, оның ішінде кімге сенерін білмеді. Жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент биліктегі бірқатар тұлғаның өз тапсырмасын орындамай, саботаж жасайтынын ашық, ащы айтты. Қазіргі билік жү­йесі айтарлықтай жаңарды. Тоқаев өз уәдесінде тұрды: ауыс-түйісті бей­берекет емес, бірте-бірте, бай­салды жүргізіп жатыр», – деді сарапшы.
Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы кадрлық өзгеріс үрдісінде тек құзырлы органдар мен мамандардың ғана емес, халықтың да талап-тіле­гіне құлақ қоятынын аңғартты. Жергілікті жұртшылықтың сынына іліккен әкімдер орнын босатты. Сондықтан осы жаңғырулар қоғам­дық пікір туғызып қоймай, халық қолдауына иеленді. Бұл биліктегі жаңа элитаны бұқараға етене жақын етудің жақсы амалы болса керек. Қаңтар оқиғаларының басты бір сабағы сонда: әкім болсаң, халқыңа жақын бол. Оның үстіне, жас, қайратты, қажырлы технократтар Президенттің жан-жақты жаң­ғы­руға бағытталған реформалары мен бастамаларын әр өңірде және әр салада нақты жүзеге асыруға бар күш-жігерін бағыттайды, экс-саясат серкелері сияқты өз имиджін ел мүддесінен биік қоймайды деген үміт бар. Ендеше жаңа кадрлық саясат жемістері Әділетті Қазақ­станның берік кірпіші болып қа­ланары сөзсіз.