Кеше таңда Түркия мен оған көршілес бірқатар мемлекеттің тұрғындары дүмпуден шошып оянды. Арасында ұйқысынан ояна алмай бақилыққа аттанып кеткендер көп.
Аймақта 7,8 балдық жер сілкінісі болып, Түркияның өзінде 1 000-нан астам адам көз жұмды. Сирияда да апат кезінде о дүниелік болғандардың саны 400-ге жуықтады. Жаралылар мен бақиға аттанғандардың саны сағат санап артып жатыр.
Түркияның апат пен төтенше жағдайларды басқару басқармасы Сириямен шекаралас Кахраманмараш провинциясында жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттер шамасында 7,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлады. Көп ұзамай Газиантеп провинциясында магнитудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат ішінде елдің түрлі аймағында болған.
Кешқұрым Түркияның орталық бөлігінде тағы да магнитудасы 7,8 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл жолы жерасты дүмпуі Дамаск, Латакия және Сирияның басқа да бірқатар провинциясында сезілген.
Бханнестегі Ұлттық геофизикалық зерттеулер орталығының сейсмологтары Ливанның көптеген аймағында, соның ішінде астанасы Бейрут пен Бекаа өңірінде, сонымен қоса Бағдадта да жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.
Таңертең болған жер сілкінісінің өзінде Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде соңғы мәліметтерге қарағанда 1 300-ге жуық астам адам қаза тапты. Түркияның әртүрлі қаласында кем дегенде 2 000-ға жуық ғимарат қираған. Ал Сирияда 384 адам қаза тапқан.
Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 10 қаланың зардап шеккенін мәлімдеді. Олардың қатарында Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар.
Елдегі жағдайға байланысты ресми Анкара дабылдың ең жоғары деңгейін жариялады. Қазір түрік құтқарушылар апат аймағында құтқару, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Түркияның оңтүстігінде орналасқан екі халықаралық әуежай бүгінгі жер сілкінісінен кейін рейстерді жөнелту мен қабылдауды уақытша тоқтатты. Жалғыз ұшып-қону жолағына зақым келген Антакия қаласындағы Хатай әуежайы да жабылды. Газиантеп әуежайында азаматтық әуеұшақтары ұшпады.
Өз кезегінде Еуропалық Одақ (ЕО) Түркия мен Сирияға елде болған жер сілкінісіне байланысты көмек беруге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррел мәлім етті. Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем де Түркия мен Сирияға көмектесуге дайын екенін айтты.
Бұған дейін Әзербайжан Түркияға 370 құтқарушы тобын жіберетінін мәлім еткен еді. Әзербайжан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі олардың Түркияға іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу және жер сілкінісі салдарын жою үшін жіберілгенін хабарлады.
АҚШ, Украина, Израиль, Грекия, Италия секілді мемлекеттер де табиғи апатқа байланысты Түркия мен Сирияға көмек қолын созуға ниетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі салдарынан жүздеген адамның қаза табуына байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның да Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Қазір Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада оқиға орнына Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер аттанбақ.
Елдің Сыртқы істер министрлігі Түркияда болған қуатты жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады. Сондай-ақ ведомство Түркияға сапарлайтын қазақстандықтарға елшіліктер мен консулдықтағы дипломаттарымен тұрақты байланыс орнатуға кеңес береді.