Ғалымдармен бірге : инновациялық жобалар таныстырылды
Ғалымдармен бірге : инновациялық жобалар таныстырылды
642
оқылды
Ғылым қызметкерлері күні қар­саңында Еуразия ұлттық универ­ситетінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур бары­сында университет ғалымдарының 20-дан астам ғылыми әзірлемесі мен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығының, ғылыми-зерттеу зертханаларының жетістіктері таныстырылды. ЕҰУ-дің Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, өткен жылы оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілген. Сәйкесінше, университет заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытып, бизнеспен және өндіріспен сабақтас­тықты нығайта түскен. Университет ғалымдары қазір әртүрлі бағытта 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.
«Біз сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материалдарын, 3D принтерлерді, жасанды интеллектті пайдалана отырып, жаңа технология­ларды әзірлеу үшін нақты сектордағы ірі компаниялармен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Жақында біз Qazbiofarm холдингімен отандық фармация мен биотехнологияларды дамыту бойын­ша меморандум жасадық. Біздің мін­детіміз – университет ғылымының ел эко­номикасының нақты секторына қосатын үлесін арттыру. ЕҰУ бүгінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және QS World University Rankings рейтингінде 277-орында», – деді проректор.
«Ядролық технологиялар паркі» АҚ энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина үшін экологиялық қауіпсіз өнімнің 12-ден астам түрін шы­ғарады. Парктің айтулы жетістігінің бірі «Beta sorb» инновациялық гидрогелі. Радиациялық тігілген суперсорбент өнімділікті 30 пайызға арттырып, судың шығынын 50 пайызға дейін азайтады. Ғалымдар тағы бір бірегей «Кровлен» өнімінің технологиясына тоқталды. Бұл құрылыста, химия және металлургия өнеркәсібінде гидрооқшаулағыш және шатырға арналған материал ретінде қолданылады. Ядролық технологиялар паркі соны­мен қатар «Экоизол» сауда белгісімен жоғары сапалы гидро, жылу, шу оқшау­лағышын жасайды. Еуропалық сападағы экологиялық таза өнім жылу шығынын 30 пайызға азайтады. «ТермоИзол» сауда маркасымен мұ­най-газ саласы және тұрғын-үй комму­нал­дық шаруашылық үшін термоор­нықтырылған оқшаулағыш пен тотқа қарсы ленталар шығарылады. Олар магис­тральдық құбырларды қорғау үшін қызмет етеді. Сондай-ақ, технологиялар паркі медициналық бұйымдарды, азық-түлікті радиациялық өңдеумен, жәндіктерді залалсыздандырумен айналысады. Пан­де­мия кезінде қан алу үшін 205 млн астам пробирка, түрлі мақсаттағы 2 млн-нан астам медициналық жиынтық өңделсе, ал өткен жылы 25 млн пробирка, 400 мың жеке медициналық бұйым залалсыз­дандырылды. «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығында журналистерге құрылыс саласындағы заманауи технологиялар туралы мәлімет берілді. Ғалымдар өн­діріс­тік қалдықтардан шуды оқшау­лайтын жеңіл бетондар жасамақ. Жобаға еліміз­дегі ірі құрылыс холдингтері қызы­ғу­­шылық танытуда. Университет ғалым­дары сонымен қатар жоғары беріктігі бар бірегей цементті әзірлеп жатыр. Ол әдет­тегіден 2,5 есе мықты бетон алу үшін қа­жет және бөгеттерді, көпірлер мен су электр стансаларын салуға пайдалануға болады. ЕҰУ инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, физика-математика ғылым­дарының докторы Максим Здоровец журналистерді ДЦ-60 ауыр иондары үдеткішінің жұмысымен таныстырды. Олардың ішінде зертхана цехында құрас­тырылатын трек мембраналарына негізделген суды тазартуға арналған фильтрлі сүзгілер бар. Сүзгінің артық­шылығы – ашық көздерден 2000 литрден астам суды тазарта алады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия физика-энергетикалық және ғылымды қажетсінетін технологияларды зерттеу институты» директоры Қайрат Күтер­беков термоэлектрлік модульдер мен натрий-ионды батареяларға арналған нанокомпозиттік материал өндіруге кеңі­нен тоқталды. Жоғары тиімді термо­электрлік материалдардың басты артық­шылығы – улы компоненттердің бол­мауы, төмен баға, жоғары энергия мен жылу энергиясын электр энергиясына айналдырудың үлкен тиімділігі және қызмет ету мерзімі ұзақ. Ғалымдар тобы онкологиялық ауру­ларды емдеудің тиімді әдістерін зерттеп жатыр. Бұл жобаның бірегейлігі – препаратты жасау және оны нано­тасы­мал­даушылар арқылы рак клеткаларына тікелей енгізу. ЕҰУ-дің аға ғылыми қызмет­кері Илья Корольковтың ай­туынша, бұл жобаның нано­тасымал­даушылардың өзіндік ерекшелігінде және оларды өзгерту әдістерімен ерекшеленеді. ЕҰУ Ақпараттық технологиялар фа­куль­тетінің Жасанды интеллект техно­логия­сы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді ым-ишарамен жет­кізілетін қазақ сурдоаудармасының қолжетімді жүйесін жасаумен айналысып жатыр. Университет докторанты Ғани Бал­баев тобық буынын қалпына келтіруге ар­нал­ған жаңа киілетін роботталған экзоскелеттің жасалуын көрсетті. Жоба жасанды интеллект негізінде жасалады және механикалық байланыстар қол­данылады. Физик ғалымдар тобы ядролық энергетика және иондаушы сәулеленуден қорғау үшін құрылымдық материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеуді таныстырды. Олар радиациялық жүктемелерге төтеп беруге және қорғауға қабілетті ядролық және термоядролық реакторларды жобалау мен құруда қол­данылатын болады. ЕҰУ оқытушы-зерттеушісі Жұмат Кар­гин металлургия өнеркәсібінің қал­дық­тарынан өндірілетін гематит ұнтағын алу технологиясы туралы айтып берді. Оны бояғыш және тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ емдік мақсатта суспензия және магнит өндіруде қолдануға болады. Жасыл технологияларға негізделген постдокторант Әлия Темірбекованың да ғылыми жобасы журналистердің қызығу­шылығын тудырды. Ол алғаш рет бағыт­талған нанобөлшектермен қаптал­ған мультиспектрлі, бактерицидті-фун­гици­дті жарықдиодты шамдарға негіз­дел­ген көкөністер мен жемістерді ұзақ­мерзімді сақтаудың эксперименттік зертханалық қондырғысын әзірледі. Баспасөз туры барысында ғалым Дина Сатыбалдина қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды бақылау үшін «элек­трондық мұрын» әмбебап мультисенсорлы газ аналитикалық жүйесін таныстырды. Ол әріптестерімен бірге «ақылды» қала­ның бұлтты экологиялық мониторинг жүйесіне арналған бағдарламалық жасақ­тама мен IT құрылғыларының желісін да­йын­дайды. Әзірлеу «электрондық мұ­рын» түріндегі ауа сапасын экспресс-баға­лаудың көп тапсырмалы портативті құрылғыларын әзірлеуге кететін уақыт пен шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялар факуль­тетінің деканы Шахмаран Сейілов IT-Alem жұмыс үстелі желілік тренажерін құру туралы айтты. Бұл студенттерге же­лі­­лік және IT-технологиялармен жұ­мыс істеу дағдыларын алуға көмектеседі. ЕҰУ ғалымдары Ахмет Байтұрсын­ұлының ғылыми мұрасын насихаттау үшін «Ахметтану» зияткерлік жүйесін әзір­леуде. Сондай-ақ, «Қызықты оно­мас­тика» мобильдік қосымшасы құры­луда, оның көмегімен қазақ атаулары мен гео­графиялық атаулардың тұжырым­дамасын білуге болады. Айта кеткен жөн, «Жас ғалым» жо­ба­сы бойынша ЕҰУ ғалымдарының қата­рына 86 постдокторант қосылды. «500 ға­лы­мның тағылымдамасы» жобасы ая­сында елуден астам ЕҰУ ғалымы екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Соңғы бес жылда ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журнал­дарында жарияланады. Университеттің кейбір ғалымдарының мақалалары жылдан-жылға өз пәні бойынша әлемдегі ең көп сілтеме жасалатын 0,1% кіреді.

Азат ҚАЗАҚ