Содан бері қанша жыл өтсе де, әлі күнге есімдері аталмай қалған батырлар аз емес. Сондай асыл азаматтардың бірі – кеудесін оққа төсеп, соғыстан кейін де әскери қызметте болып, атағы да, абыройы да жат жерде қалған әкем Дүйсен Ибраимов деп ойлаймын.
Ол 1942 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарабұлақ ауылында онжылдық мектепті аяқтап, 1943 жылы Воронеж майданының құрамына танкист болып қабылданады. Сол жылы «Курск шайқасы үшін» орденімен марапатталады. Әкем соғыс аяқталғанға дейін ең жауапты екі майданда – Бірінші Украин және Бірінші Беларусь майдандарында болғанын айтып отыратын.
Ол бірден соғыстың қайнаған ортасына түскен екен: майданға бара жатқанда олардың әскери эшелонын фашистік ұшақтар бомбалап, жанындағы бірнеше жігіт көз алдында қаза тауыпты. Олардың эшелондары Воронеж қаласына келеді. Қаланы қақ жарып ағып жатқан өзеннің бір жағалауында – немістер мен венгрлер, екінші жағалауындағы авиациялық зауытта Кеңес әскерлері жайғасқан еді. Сол жерден Гитлер өзінің және одақтас әскерлерін Кавказға және Сталинградқа бұрып әкетті.
Архивтен және есеп карточкасынан алынған мәліметтерге сәйкес, подполковник Д.Ибраимов ең басында 1-гвардиялық танк армиясының танк бригадасы 11-танк полкіне қабылданады, онда ол Воронеж қаласы үшін болған шайқастың соңына дейін қатысады. 1944 жылға дейін ол Польшада, Сандомир плацдармында ауыр жарақат алады. Госпитальдан емделіп шыққан соң Орынбор командалық зениттік-артиллериялық училищесінде оқиды. Содан кейін офицер Ибраимов Берлинді басып алу үшін болған шайқаста артиллерия командирі ретінде соғысады.
Берлин үшін шайқаста ол Сталинградты қорғаған армия генералы Василий Чуйковтің басшылығымен 8-гвардиялық армияның 24-атқыштар дивизиясы 168-атқыштар полкінің құрамында шайқасады және «Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медалімен марапатталады.
Жеңістен кейін Германияда әртүрлі офицерлік лауазымдарға, сонымен қатар Силезиядағы көмір шахтасын күзету бастығы болып тағайындалады. 1948 жылы әкемді Қытай Халық Республикасының Қызыл армиясына көмектесу үшін жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысуға Шығысқа жіберілді. Әскери білімі бойынша зениттік командир болғандықтан, ол әуе колоннасының әуе қорғанысы бастығы болып тағайындалады. Колонна Қазақстаннан шекара арқылы, одан әрі Суарға және Қытайдың шалғайында шоғырланған жерлеріне қарай жылжиды екен. Әкемнің айтуынша, сол кездері Қытай аумағында 600 мың қазақ, 10 мыңнан астам орыс және т.б. ұлттар өмір сүрген.
Әкем Германиядан 1953 жылы оралды. Осыдан кейін ол Алматыда замполит кавалерия полкінде қызметте болды. 1958 жылдың қыркүйегінде Ленин атындағы №1 Ленинград кешкі мектебіне оқуға түсті. Ал 1960 жылы маусымда Ленинград педагогикалық институтына Тарих факультетіне түсіп, 1964 жылы сәтті бітірді. 1963 жылдың желтоқсанында жетілдіру курстарына жіберілді, ал 1955 жылдың 20 желтоқсанында Тәжікстанның Чкаловск қаласына аттанды.
Үнемі әскери қызметте болғандықтан, ол соғыс туралы сөйлескенді ұнатпайтын, тек оны мектептерге, әртүрлі ұйымдарға кездесуге шақырғанда ғана еске алатын. Мен әкем Қырғызстанда әскери қызметте болғанда, Майлы-Сайда дүниеге келіппін. Әкем тау жотасында орналасқан уран кендерін игеру ауданының әуе қорғанысы бастығы болды. Содан кейін олар ұзақ уақытқа Тәжікстанның Чкаловск қалашығына көшіріліпті. Ол 30 мыңға жуық халқы бар жабық қала еді, уран өндірісімен айналысатын. Қала Мәскеудің қарамағында болған, тіпті балмұздақтың өзі Мәскеуден әкелінетін. 1968 жылы әкем Ташкенттегі Армия штабына ауыстырылды.
1970 жылдың 31 мамыры – әкемнің дүниеден өткен күні, бұл – менің өмірімдегі ең қаралы күн. Әкем жүрек талмасынан қайтыс болды. Жерлеу кезінде мен ұлыма оның есімін беретінімді түсіндім. Өз елінде туып, жат жерде қызмет қылған әкемнің денесі 1970 жылдың 5 маусымында Тәжікстан жеріндегі Чкаловск қаласында жер қойнауында тапсырылды.
Міне, менің жадымда қалған әкемнің жарқын да батыл бейнесі осындай.
Естелік жазған ұлы Юрий Ибраимов