Оқиға ер адамның зайыбымен телефон арқылы сөйлесу кезінде жанжал туындауынан басталған.
Әйеліне қалжыңдап өтірік айтқан ШҚО тұрғыны 2 жылға сотталды
3,829
оқылды

ШҚО Ұлан ауданының тұрғыны полицияға жалған хабарлама бергені үшін 2 жылға сотталды.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға ер адамның зайыбымен телефон арқылы сөйлесу кезінде жанжал туындауынан басталған. Әйелі оған көліктің иесі екенін айтып, алайда жолдасының көлікті көп қолданатынына ыза болған. Содан кейін күйеуі оған сабақ болсын деп ойлап, «көлікті ұрлау» операциясын ұйымдастырған. Ер адам ағасынан көлікті гаражына апарып беруін өтінген. Артынша полицияға көліктің ұрланғанын хабарлаған.

Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК-нің 419-бабы («Көрiнеу жалған сөз жеткiзу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ресми түрде ескертілген. Ер адам жағдайдың салдарын ойламай, болжамды қылмыс туралы қасақана жалған сөз хабарлаған. Сол үшін ол 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды.

"Қазір сотталған ШҚО Ұлан аудандық пробация қызметінің есебінде тұр. Азаматпен қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сотталған жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қатаң бұзбайтынын, әйелімен алдағы уақытта олай қалжыңдаспайтынын айтты", – деді ШҚО бойынша ҚАЖД Ұлан аудандық 1-пробация қызметінің аға инспекторы Шынар Баймуратова.

фото: tengrinews.kz