«AMANAT» партиясы Қызылор­да об­лыстық филиалы кезекті есеп бе­ру-сайлау конференция­сын өт­кізіп, 2021-2022 жыл­дар­да­ғы жұ­мыс ба­рысын қоры­тын­ды­лады.
Еселі еңбектің есебі
596
оқылды

Алқалы жиын­ға «AMANAT» пар­тия­сы­ның Хат­шысы Ержан Жылқыбаев, Пар­ла­мент Мәжілісіндегі фрак­ция мү­шесі Мархабат Жайымбетов, партия  фи­лиалының Саяси кеңе­сі мен Сая­си кеңес бюросы мүшелері және ау­мақтық партия фи­­лиалдарынан сайланған 249 делегат қатысты. 

Конференцияда облыстық партия фи­лиа­лының төрағасы Наурызбай Бай­қада­мов биылғы атқарылған жұмыстарды кеңі­нен жеткізді. Қазір «AMANAT» пар­тия­сының Қызылорда облысында 1 ай­мақ­тық, 9 аумақтық филиалы, 241 бас­тауыш  ұйымы, 45 мыңға жуық мүшесі және мыңдаған жақтасы бар. Биылғы есеп беру-сайлау кезеңінде өңірден 78 немесе 47,9 пайыз бастауыш партия ұйы­мының жетекшілері жаңадан сайланды.  Соңғы сай­лау қорытындысымен барлық  мәсли­хат­тағы орынның 79,6 пайызын  иеленуде. Жал­пы, есепті мерзімде партияның  1 об­лыс­тық, 1 қалалық және 7 аудандық  сай­­­­лауалды бағдарламасы бойынша жо­с­парланған 1 499 іс-шара­ның 97 пайызы орындалған. 

«Негізінен, өңірде бағдарлама ая­сын­да  балабақшалар желісінің өсуі нәтиже­сінде 2-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылуы 88,8 пайыз­ға артса, 3-6 жастағы балалар­дың қамтылуы 100 пайызға жеткен. Сон­дай-ақ тұрғындарының көгілдір отын­ды пайдалану деңгейі 70 пайызды құрайды. Оның ішінде қалалық тұрғындар 100, ауыл тұрғындары 50 пайыз газ тұтынады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 75 пайыз­ға артады деп күтілуде. Жол мәсе­лесінде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда өңірдегі нормативтік жағ­дай­­дағы жергілікті маңызы бар жолдар­дың үлесі  82 пайызға тең.  Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 87,5 пайызға артады деп күтілуде. Облыс тұрғындарының ор­талықтандырылған ауызсумен қамтылу деңгейі 98,1 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізетін боламыз. Негізінен, халықтың әртүрлі тобымен жұмыс істеуде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан партиялық жобалармен қатар жаңа жобалардың іске қосылуы да қоғамдағы түрлі өзекті мә­се­лені шешуге септігін тигізіп отыр», – дей­ді партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов.

Есепті мерзімде партияның қоғамдық қабыл­дау бөлмелеріне тұрғындардан 8 005 өті­ніш түскен. Нәтижесінде, олар­дың 64,2 пайызы оңтайлы шешімін тап­қан. Соның ішінде 3 мыңға жуық өтініш­ке заң тұр­ғысынан тиісті түсіндірмелер мен құқық­тық кеңестер беріліп, 35 ауыл­да мо­бильді қабылдаулар өткен. Мо­бильді қа­былдауда көтерілген 579 мә­се­ленің 43,3 пайызы шешіліпті. Сол сияқты биыл­­­ға жоспарланған 16 қабылдаудың  8-і өтіп, оларда 96 тұрғынның 29 сұрағы қана­ғаттандырылған.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жо­басы бойынша облысқа биыл 3 млрд тең­ге бөлініп, 600 микрокредит беру жә­не 636 жаңа жұмыс орнын ашу жос­пар­ланған. Бүгінгі күнге 199 млн теңгені құрайтын 30 жобаға несие берілген. Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы бойынша көлемі 157,1 мың гектар бо­латын 256 жер учаскелері мемлекет мен­шігіне қайтарылған. Биыл 200 мың гек­тар жерді қайтару жоспарланып, меже 69  пайыз­­ға орындалып отыр. Ал «Кедергісіз келе­­шек» партиялық жобасы аясында 742 әлеу­меттік нысанның мүмкіндігі шек­­теулі азаматтар үшін бейімделуіне мо­ни­торинг жасалып, нәтижесінде 314 ны­­санға қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүр­гізілген. Жиында Парламент Мә­жі­лі­сінің депутаты, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Мархабат Жайым­бетов партияның облыстық фи­лиа­лы Саяси кеңесінің есепті кезеңде ат­қарған жұмыстарына оң бағасын берді. 

«Мен есепте айтылған жұмыстарды ке­ше ғана ауыл-аймақтарды аралап, көз­бен көрдім. Халықпен тікелей тілдесіп, жағдаймен таныстым. Онда көтерілген мәселелер партияның алға қойған мін­дет­­терінде көрініс тапқан. Енді сайлауал­ды уәделердің уақытылы және сапалы орындалуына Мәжілістен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция мүшелері, партия филиалдары мен бас­тауыш ұйымдары бір кісідей күш салуы­мыз қажет», – деді депутат. 

Өз кезегінде қалалық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жетекшісі Тал­ғат Мақашов, партияның Жалағаш аудан­дық филиалына қарасты «Қаракет­кен» бастауыш партия ұйымының тө­райы­мы Мирамкүл Жүсіпова мен Қазалы аудандық «Жастар Рухы» жастар қанаты­ның төрағасы Нұрбек Ақпанбетовтер  ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 «AMANAT» партиясының Хатшысы Ер­жан Жылқыбаев  тұрғындардың әлеу­меттік-экономикалық әл-ауқатын жақ­сарту мен партия жұмысын күшейту бағы­тындағы алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті. Конференция барысында  пар­тияның облыстық филиалы Саяси кеңе­сінің және бақылау-тексеру комис­сия­сының жаңа құрамы сайланып, алдағы жұмыстар пысықталды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы