2023 жылғы 1 қарашада Қазақстанға Мемлекет басшысының шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен келді. Бұл – Франция басшысының Астанаға жауапты сапары. Өткен жылдың 29-30 қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде болған еді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еске салайық, келіссөздер нәтижесінде сауда-экономикалық, аэроғарыш, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, атом және энергетика салаларындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған 35 құжатқа қол қойылды.
Қол қойылған құжаттардың арасында Жоғары білім және ғылыми-зерттеулер саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларация да болды. Қазақстан мен Франция білім беру және ғылыми орталықтар арасындағы байланыстар белсенді дамып жатыр. 2014 жылдан бастап Сорбонна-Қазақстан институты жұмыс істейді. Францияның үш білім ошағы – Пуатье университеті, Лотарингия университеті және Страсбург университетімен серіктестік белсенді дамып келеді.
Франция президенті Астанаға сапары аясында еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі – Maqsut Narikbayev University студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Сұрақ-жауап форматында Э.Макрон мен студенттер Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Президент Макронның айтуынша, Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестікті одан әрі жандандыруға бағыт алды. Ол континенттердің өзара байланысын ілгерілетуде Транскаспий көлік бағытының маңызын атап өтті. Франция көшбасшысы әлемдегі жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері қазақстандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік ашады деп санайды. Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Эмманюэль Макрон әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтау жөніндегі көзқарасымен бөлісіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың ерекше рөлін атап өтті.
«Қазір бейбітшілік, ынтымақтастық, халықаралық құқықты қалай сақтай аламыз? Бұл өзекті мәселелер екені даусыз. Егер көршілеріңіз тұрақсыз болса, еліңіздегі экономикалық тұрақтылықты қалай сақтай аласыз? Біз Отанымыздың тыныштығын қалай сақтай аламыз? Осындай кезде тұрақтылық, құндылықтарымызды сақтауымыз керек. Меніңше, Қазақстан Президенті осындай жұмыстарды атқарып жатыр. Сіз өз жобаларыңыз және көзқарасыңызбен биіктерге жетесіз», – деді Макрон.
Кездесу соңында Франция президенті MNU халықаралық журналистика мектебінің қызметімен танысты.
Еске сала кетсек, осы жылдың қыркүйек айында ашылған Халықаралық журналистика мектебі – Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Maqsut Narikbayev University медиа коммуникациялар саласындағы мамандарды даярлау, қолдау және біліктілігін арттыруға арналған алғашқы бірлескен жоба.