Азық-түлік себетінде күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бар.
Астанада мұқтаж жандарға азық-түлік себеті таратылып жатыр
988
оқылды

Жаңа жыл қарсаңында қаладағы жылдағы дәстүр бойынша көмекке мұқтаж азаматтарға азық-түлік себеттері тапсырылып жатыр,-  деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Биыл Астана қаласының әкімдігі мен демеуші болған Petro Retail компаниясы халықтың әлеуметтік мұқтаж топтарына және басқа да азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек ретінде азық-түлік жиынтығын қайырымдылық көмек көрсету аясында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойған. Соның аясында бүгін төртінші рет қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті таратылып жатыр. 

«Акция аясында елордада 4 мыңға жуық отбасы азық-түлік себеттерімен қамтылды. Бүгін 1 000-ға жуық себет елорданың 5 ауданында әлеуметтік жағынан осал отбасыларға таратылып жатыр. Олар – көпбалалы отбасылары, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Азық-түлік себетінде күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бар. Атап айтсақ, күнбағыс майы, қант, ұн, сүт және т.б.», - деді Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Қуаныш Қайратұлының айтуынша, бүгін жалпы саны 45 тоннадан асатын азық-түлік себеттері жеткізіледі.

«Осындай қайырымдылық іс-шарасына атсалысқаны үшін Petro Retail компаниясына алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ өзге де бизнес өкілдерін, меценаттарды игі іске қатысуға шақырамыз. Қалалық әкімдік мұндай акцияларды жыл сайын ұйымдастырады», - деп сөзін түйіндеді Қуаныш Қайратұлы.

Елордада «10 игі іс» акциясы аясында бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Қайырымдылық іс-шарасы барысында волонтерлер осындай бірнеше мекенжайға барып, қар тазалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі акция әлі де жалғасын табады. 

Сонымен қатар осыған дейін ауа райы қолайсыз күндері волонтерлер елорда көшелерінде коммуналдық қызметкерлер мен қала тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақ үлестірген болатын.