Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген 3 шетел азаматы ұсталды. Олардың ішінде ішінде қарақшылық шабуыл жасап, түрмеден қашып кеткендер де бар, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген 3 шетелдікті ұстады. Олардың бірі - Өзбекстан Республикасының азаматы. Екі жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген оны тәртіп сақшылары Ордабасы ауданында қолға түсірген. Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған 38 жастағы ер адам 2020 жылы түрмеден қашып, кейін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Аталған факті бойынша оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Екінші күдікті де өзбекстандық. Ол экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің Сарыағаш полицейлерімен бірлесіп жүргізген шара барысында қолға түсті. 30 жастағы шетел азаматына есірткі сақтаумен байланысты қылмыс жасағаны үшін Астана қалалық полиция департаменті тарапынан іздеу жарияланған.
Халықаралық іздеуде жүрген үшінші адам - Ресей Федерациясының азаматы, Келес ауданында ұсталды. Оған 2022 жылдың желтоқсан айында көрші елде іздеу жарияланған. Қазіргі таңда 21 жастағы шетелдік қамауға алынды.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні күдіктілерді экстрадициялау мәселесі жүріп жатыр.