Биыл елімізде 217 мектеп пай­далануға беріледі. Оның 44%-ы (163 мектеп) ауылдық аймақтарда салынбақ. Жалпы, 2024-2025 жыл­дары 740 мың оқушыға ар­налған 369 мектептің құрылысы жүргізілетіні мәлім болды.
«Жайлы мектеп» жайсыз болмасын
631
оқылды

Үкіметтің сейсенбідегі отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қа­ралды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің айтуынша, салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған. «Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының арқасында үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілуі тиіс», – деді Бектенов. 

Бір жылда 217 мектепті іске қосу оңай шаруа емес. Мәселен, былтыр қаңтар-желтоқсан ара­­­­лы­ғында ел аумағанда 93 жал­пы білім беретін мектеп пайда­ла­нуға беріліпті, 2022 жыл­ғы көр­сеткіш – 85 мектеп. Оның үстіне, Олжас Бектенов 217 мек­тептің 98-нің құрылысын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырып отыр. Қалған 119 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру қажет. «Мерзімдердің бұзы­луына еш­қан­дай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», – деп атап көрсетті ол.

Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сынып­тар үшін оқу кабинеттері, сани­та­риялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шара­ларымен қам­­­тамасыз етілмек. 

Сондай-ақ отырыста «Жай­­­­лы мектеп» жобасын іске асы­руға республикалық бюд­жеттен 2,3 трлн теңге бөлі­не­­­­ті­ні айтылды. Мектеп салу және оларды уақытылы қол­­да­­­­­нысқа беру Samruk-Kazyna Construction компаниясын жер учаскелерімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өңір әкімдеріне жүктелген. Былтыр Samruk-Kazyna Con­struction компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылып, осы қаражат негізінде компания 208 мектепті жобалауды және салуды бастаған, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері биыл 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алмақшы.

Десе де, бұл әзірге қағаздағы құ­жат, ойдағы жоспардың сұл­басы ғана секілді. Қазақстан Құрылысшылар одағы респуб­­­ли­калық заңды тұлғалар бір­­лестігі (РЗТБ) AIQYN-ға жол­­даған жауабында жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) бекітілу мерзімі созылған сайын құрылысты бөгейтінін айтады. «Яғни, мәселе жергілікті ат­қа­­­­­рушы органда емес, ЖСҚ-ның жоқтығында. Үкіметтің №963 қаулысы осыдан 15 ай бұрын (30.11.2022) бекітілгенімен іс жүзінде 10 сараптаманың ғана оң қорытындысы алынды», – делінген РЗТБ жауабында.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруда шикілік барын Үкімет отырысында Премьер-Министр де жоққа шығармады. Әсіресе, құрылыс нысанына қажетті учас­келерді бөлу және ЖСҚ әзірлеуде кедергі көп екенін айтқан ол бар­лық проблеманы қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды. 

«Мектептерге баратын жол­­­­­­­­­­­­дар мен инженерлік-ком­­муни­кациялық инфра­­­­­құры­­­­лым­ның құрылысын 1 та­­­мызға дейін аяқтау қажет», – деді О.Бек­­­тенов. 

Ал өңір әкімдеріне 15 нау­­­рызға дейін жер учаскелерін рә­сімдеуге қатысты барлық проблеманы шешу жүктелді.

Құрылысшылар одағы ЖСҚ-ның уақытылы әзірленбей және тиісінше сараптама қоры­тын­­­­­­­­­­­дысы алынбауына қолдан жасалған бюрократтық шешімдер себеп. «Былтыр жаз бойы ма­ңызды мәселелерді шешудің ор­­нына М.Айманбетов бастаған Samruk-Kazyna Construction ком­­­паниясының басқарушы менед­­ж­менті жер учаскесінің конфигурациясын тексерді және егер учаске геометриялық пішіні дұрыс болмаса, қосымша учаскені кесуді талап етті, өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялау­мен айналысып кетті, бұл жобалау процесін де кешіктірді. Жергілікті атқарушы органның тиісті қо­­сымша шешімдерін шығару қа­­­­жеттілігіне байланысты мұны кез келген облыстың әкімі растайды», – делінген одақ­тың жауабында. 

Осылайша, былтыр бекітілген ЖСҚ-сыз және тиісінше сарап­­­таманың оң қорытындысы мен жұмыс жүргізуді бастауға талон­­­сыз құрылыс жүргізілген. Яғни, жобасыз және сараптама қорытындысынсыз құры­­лыс жүргізу қате шешім бол­­­­­ған­­дықтан, мемлекет қара­жаты ар­­тық шығындалған. 

«Қарапайым құрылыс ны­­­са­­­­­нының анықтамалығы – бан­нерлердің дизайнын, сө­­зін бе­кі­­­ту, ілу жұмыстарына келі­­сімнің өзі айлар бойы жүреді. Кез келген мердігер компанияның жұмысы осындай болмайтын кедергілерден бөгеледі. Сондай-ақ Samruk-Kazyna Construction компаниясында басшылық жиі ауысады. Мысалы, «Жайлы мек­­­теп» ұлттық жобасын іс­­­ке асыру жөніндегі құрылыс департаменті директорының өзі төрт рет ауысты. Құрылыс сала­сында тәжірибесі жоқ менед­­жерлердің шешімдерінің де жұмысқа кедергісі көп», – дейді Құрылысшылар одағы. 

Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығын қам­­­­­тамасыз етуде отандық өнді­рісті тарту мәселесі айтылды. 

Оқу-ағарту министр Ғани Бейсембаев «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастық өкіл­дерінің ұсыныстарын ескере оты­рып, отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданғанын жеткізді. Мәселен, жиһаз өнімдерін тек «Самұрық-Қазына» АҚ және «Атамекен» тізіліміндегі қазақ­­­стандық компаниялардан сатып алу көзделген. Бұдан басқа, отандық өндірістегі құрылыс материалдарын қолдану бойынша талаптар енгізіліпті.

Алайда оқу орындарының сыртқы құрылысына қатысты қағазбастылық мәселесі ішкі жабдықталуында да бар. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жиһаз жеткізуге бірде-бір келісімшарт жасалмағанын айтты. 

«Үкіметтің № 963 қаулысына сәйкес, бір ай ішінде осындай келісімшарттар жасасу талабы бар, бірақ көптеген жоба мемлекеттік сараптамадан әлі өтпеген. Техникалық тапсырмаға бірыңғай талаптардың болмауына және тапсырыс беруші ретінде Оқу-ағарту министрлігі тарапынан осы мәселе бойынша құзыреттердің болмауына байланысты мемлекеттік сараптама жүргізуді жылдамдатуда қиын­дықтар бар», – дейді ол. 

Мұндай жұмыстарды ертерек бастап тез арада жүргізу үшін іскерлік қажет. 

«Осы уақытқа дейін отандық жиһаз өндірушілермен оффтейк келісімшарттар жасасу тетігі пысықталған жоқ. Біз бұ­ған дейін жиһаз өнімдерін өндірушілерден тікелей сатып алуды ұйымдастырған жағдайда мемлекет 35,0-40,0 млрд теңгеден астам қаржы үнемдей алатынын, бұл бюджет шығындарын едәуір қысқартатынын атап өткен болатынбыз. Бұл ретте, материалдарды жеткізуді орталықтандырылған ұйымдастыру ЕАЭО шеңберіндегі кооперациялық жобаларға да, сондай-ақ салааралық коопе­­рацияға да серпін бере алар еді. Құрылыс салушылар тарапы­нан мерзімдерді ұзарту – бұл бюджетті қысқартуды және жо­ба­­ларға өзгерістер енгізуді ескере отырып, білім беру ұйым­­дарының объектілеріне шетелдік жеткізушілердің мүдделерін тіке­­лей лоббилеу немесе қолда бар уақытты ұтымсыз пайдалану деп санаймыз», – дейді Жиһаз жә­не ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев.

Отандық жиһаз өндіру­­ші­лердің пікірінше, ұлттық жо­баға кемінде 400 мың мек­­­­теп партасы қажет. Егер қағазбастылық және басқа да қолдан жасалған кедергілерді алып тастамаса, қа­­жетті жиһазбен жабдықтау ісі орындалмай қалу қаупі бар. 

«Бәлкім, бұл кедергілер парталарды Қытайдан сатып алу үшін белглі бір тұлғалардың мүд­десі үшін де жасалып жатуы ғажап емес», – дейді олар. 

Орта білім саласындағы ол­қылықтың бірі – маман тап­шылығы. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған 7 842 мектепте 600  мыңнан астам педагог қызмет етеді. Президент тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап мұғалімдердің айлық жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп, төрт жылда екі есе артты. Алайда мек­­теп мұғаліміне деген сұраныс толық шешілмей келеді. Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанның айтуынша, бүгіннің өзінде ел бойынша он мыңға жуық маман жетіспейді. 

«Демографиялық дүмпудің балалары мектепке келе бастады, осыған сай сұраныс артты. Алдағы уақытта оқушы саны 4 млнға жетуі де мүмкін. Өкінішке қарай, бір жапырақ диплом беріп, жалған маман дайындап жатқан оқу орындары әлі де көп. Егер мектеп мұғаліміне «сапалы педагог» деген анықтауышын қосып айтар болсақ, бұл мәселе бізде өте ауыр. Бүгінгі балалар «құндылықтар соғысының» құрбанына айналып жатыр. Себебі тәрбиенің өзі бізге әр тараптан келіп жатыр. Батыстың тәрбиесі, шығыстың тәрбиесі, діни тәрбие, либереалистік тәрбие бар. Сондықтан қазіргі баланы бір идеяға, бір мақсатқа тәрбиелеу өте қиын. Ол үшін мұғалімнің өзі бойына ұлттық құндылықты сіңірген маман болуы керек», – дейді ол.

Премьер-Министр Үкімет отырысында жайлы мектептерді оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен қамтамасыз етудің маңызын да айтқан. Жайлы мектептер, әсіресе ша­ғын қалалар мен ауылдарда оқу­шыларды баурап алатын бірегей орталыққа айналуға тиіс. 

«Біз ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», – деді О.Бектенов.

Қысқасын айтқанда, Мемлекет басшысының жаңа формат­тағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет қазынасынан 2,3 трлн теңге бөлінетін ұлттық жобаның сұрауы да оңай болмас деген ойдамыз. 

Бауыржан БАЗАР