Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен еріктілер су тасқынының салдарымен күресуді жалғастыруда.
Қазақстандықтар су тасқынының салдарымен әлі күресіп жатыр
511
оқылды

Елімізде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылмақ. Министрліктің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстары және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болмақ. Әзірге су тасқыны болған аймақтарда гуманитарлық көмек жеткізіліп, еріктілер көмектесіп жатыр.

Қазақстанның солтүстігінде Бірлік ауылының тұрғындары қайықпен эвакуацияланды. Оны Ұлытау мен Түркістан облыстарының құтқарушылары орындады, оған қоса, Петровка және Николаевка ауылдарының тұрғындары қауіпсіз жерлерге жеткізілді.

Ал Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері Петропавл қаласының маңындағы Заречный кентіндегі бөгеттерді нығайтты. Су тасқыны кезеңінің басынан бері барлығы 5000-нан астам қапшық дайындалып, тәулік бойы жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге құтқарушылар үй жануарларын да эвакуациялап, оларға ветеринарлық көмек көрсетілді. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарын жою үшін Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарының ТЖД қызметкерлері келіп көмектесті. Ақмола облысы Жібек жолы кентінің 6 және 7-шағынаудандарында су басу қаупі туындауы мүмкін. Соған орай, жеке құрамның 30 адамы мен 1 бірлік техникадан тұратын күштер мен құралдар жіберілді.

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынын болжау жүйесі әзірленіп жатыр. Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде су тасқынын болжау жүйесін құру үшін өзен гидравликасы мен су басу аймақтарын модельдеуді, заманауи геоақпараттық жүйелерді, қауіпті объектілерді, инфрақұрылым объектілерін, мекемелерді, тұрғын үй құрылысын, рельефті және метеожағдайларды егжей-тегжейлі картографиялық байланыстыруды пайдаланған зерттеушілер тобы құрылды.