Бұл жолы спортшылар матчты брейк алмасумен бастады.
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты
Фото: ҚТФ
873
оқылды

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі төртінші айналымда Филипп Шатрье кортында дүниежүзілік рейтингіде 2017 жылы үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 19-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолинаға қарсы келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Теннис федерациясының мәліметінше, қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде украиналық теннисші басым түскен еді. Соның ішінде Токио Олимпиадасында қола жүлде үшін бәсекеде Свитолинаның бағы жанған-ды. 

Бұл жолы спортшылар матчты брейк алмасумен бастады. Есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейкпен алға шықты – 4:2. Содан кейін сетке доп бергенде, сәтті ойнады – 6:4.

Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Есепті 4:1-ге жеткізгенімен, Свитолина да барынша тырысып бақты – 3:4. Дегенмен Рыбакина матчты брейкпен түйіндеді – 6:3.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, италиялық Ясмине Паолини немесе рейтингіде 70-орындағы ресейлік Элина Аванесянның жеңгенімен шеберлік байқасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.