"Ролан Гарросә турнирінде ширек финалдан не күтетінін айтты.
Елена Рыбакина: Париж Олимпиадасында жекелей сынға күш саламын
Фото: ҰОК
1,199
оқылды

Елена Рыбакина Париж Олимпиадасында Александр Бубликпен миксте өнер көрсету мүмкіндігі мен "Ролан Гаррос" турнирінде ширек финалдан не күтетінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Федерацияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазақстандық теннисші ширек финалдағы қарсыласы, Италия өкілі Ясмин Паолинидің оңай шағылатын жаңғақ еместігін мәлімдеді.

«Соңғы рет біз Штутгартта ойнадық, матч үш сетке созылды. Мен алға шыққаныммен, ол жақсы қимылдап, допты қатты соғып, қайтарып отырды. Аяқпен жиі жұмыс істеуге тура келеді. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз, ол мықты ойнайды. Элинамен өткен матч та ауыр болды. Көреміз», – деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.

– Олимпиадада Бубликпен бірге ойнағыңыз келе ме? Ол жөнінде не айтар едіңіз?

– Сашамен бірге жаттығып, ойнау әрқашанда көңілді. Микст жөнінде әзірге айта алмаймын. Анығы, Париж Олимпиадасында жекелей сында өнер көрсетуге күш саламын. Сосын жұптық сында ойнаймыз ба, ақылдасатын боламыз.

– Франция ашық чемпионатында топ жарамын деп ойлайсыз ба?

– Әрине, қашан да жеңіс – басты мақсат. Бірақ қазір мен әрбір келесі матчқа дайындаламын. Ясмине төртінші айналымда ұтқаннан кейін ендігі назар алдағы ойында. Өте жақсы ойнап жүрмін деп айта аламын. Ұйқыға және денсаулығыма байланысты алаңдаушылық болды. Соңғы аптада дене дайындығы мен салмағымда аздаған жоғалту болды. Дегенмен өзімді тамаша сезінемін. Ойындарды екі сетпен бітіріп келе жатқаныма қуаныштымын.

– Жақсы көретін «Үлкен дулыға» турнирі қандай?

– Сірә, Уимблдон болар. Сонда ең үлкен табысыма қол жеткіздім. Стадион лық толса, қай «Үлкен дулыға» жарысы да күшті ғой, дегенмен мен балалық шағымнан Уимблдонды армандадым.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.