Оған 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қызылордада алаяқ кәсіпкерлерден 250 млн теңге жинап алып, казиноға салып жіберген
1,659
оқылды

Қызылорда облысында таныстарының сеніміне кіріп, алдау жолымен 250 млн теңге жинап алған алаяққа сот үкімі шықты, деп жазады Aikyn.kz.

Сотталушы кәсіпкерлікпен айналысатын таныстарында қомақты қаражат бар екеніне көз жеткізіп, оларға түрлі тендерге қатысуға ұсыныс білдіреді.

Сол арқылы қаражатын үстемеақымен қайтарып алуға мүмкіндік бар екенін айтады. Оған өзі көмектесетіні туралы жалған уәде беріп, жәбірленушілердің сеніміне кірген.

«Осылайша ол жәбірленушінің бірінен 47,7, екіншісінен 62,5, үшіншісінен 80,5, төртіншісінен 60 млн теңгені қолхатпен алдап алған. Алаяқтық әрекетімен жәбірленушілерге мүліктік залал келтірген. Сотталушы сот отырысында өзінің кінәсін ішінара мойындады. Тендер жариялауға құқығы болмағанын, тек шарт ресімдеумен айналысқанын айтты. Жәбірленушілерден алған ақшамен қарызын жауып, казино ойындарына жұмсағанын көрсетті», - деп мәлім етті облыстық соттан.

Жәбірленушілер шығынның қалпына келмегенін айтып, оған бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы шын ниетпен өкiнетінін жеткізді. 

«Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық залал өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді», - деп толықтырды ведомстводан.