Қазақстанда байланыс операторларының тарифі қымбат.
«Қазақтелеком» Kcell, Altel, Tele2 компаниясын сатып алып, тарифті көтерді  – Марат Омаров
Фото: gov.kz
4,443
оқылды

Тарифтердің ай санап өсуіне байланысты «AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев  Премьер-Министрге сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, тарифтің күннен-күнге қымбаттауына байланысты тұтынушының да арыз-шағымы көбейді. Бұл мәселенің өзекті екенін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров  Jibek Joly  телеарнасының «Уәде» бағдарламасында да айтып өтті. Ол телекоммуникация нарығындағы қазіргі жағдай мен бәсекелестікті арттыруға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Марат Омаров агенттік ұялы байланыс операторларының нарығына жан-жақты талдау жүргізіп, бәсекелестікті дамыту бойынша жүйелі шаралар ұсынғанын атап өтті. Оның айтуынша, жоғары тарифтер мен интернет сапасының төмендігі нарық құрылымымен байланысты. 

«Бір кездері Қазақстанда бірнеше тәуелсіз оператор болды: K-mobile, Kcell, Tele2, Altel және Beeline. Олар толық нарықтық бәсекелестік пен тарифтерге қарсы күресті қамтамасыз етті. Алайда бірігу мен қосылудан кейін екі ірі компания ғана қалған: «Қазақтелеком» компаниялар тобы мен Beeline. Бұл бәсекелестіктің төмендеуіне, тарифтердің көтерілуіне және қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкелді. «Қазақтелеком» Kcell, Altel және Tele 2 компанияларын сатып алып, ұялы байланыс операторларының нарығын монополиялады. Дуаполия болды».

 Бағдарлама жүргізушісі 2018 жылы монополияға қарсы орган «Қазақтелекомға» Kcell компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алуға неге рұқсат бергенін сұрады. Омаров бұл факті зерттелгенін айтты. Сонымен қатар активтерді сатып алуға және сатуға келісім беру құралы бар екенін түсіндірді. Мұны экономикалық шоғырлану (экономикалық концентрация) деп атады. Ол қазір шарттар қатаңдатылғанын, осыған байланысты сот процестері жүріп жатқанын айтты. «Қазақтелеком» агенттіктің үстінен шағым түсірген.

Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі  алдағы уақытта осындай жағдайды болдырмау мақсатында шешімдерді қайта қарап жатыр.

Бұған дейін  Kcell, Beeline, Tele2, Алтел, Activ: онлайн казиноны қолдай ма? деген мәселені хабарлаған болатынбыз.