Жыл басынан бері 645 құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама тіркелсе, оның ішінде 81-і бюджет қаражатымен, 564-і жеке қаржыландырумен жүзеге асқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов баяндады.
Құрылыс нысандарының пайдалануға берілуіне қатысты 781 өтініш қаралып, оның 189-ы оң шешім тапқан. Сонымен қатар басқарма жыл басынан бері 130 нысанда тексеру жүргізіп, нәтижесінде 96 нысанға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
«Басқарма заңсыз құрылыстарды бақылауды күшейтіп, 205 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 51,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Қазірге дейін оның 37,6 млн теңгесі өндірілді. Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы заңсыз құрылыс объектілері бойынша да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды», – дейді басқарма басшысы Мерлан Әбдірахманұлы.
Құрылыс сапасына қатысты да 19 нысан бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар өндірілген. Сонымен қатар үлестік қатысу заңнамасын бұзған 9 тұрғын үй кешеніне де айыппұл салынған.
Сонымен қатар қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің басқару жүйесі жаңарып, 1 172 тұрғын үй басқару нысаны ретінде тіркелген. Оның ішінде, 142 тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құрылып, 1 030 үйде жай серіктестік (ЖС) жұмыс істеп жатыр. Бұл реформалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және үйлерді тиімді басқаруға бағытталған.
Мерлан Әбдірахманұлының айтуынша, қалада құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сай жүргізу күшейіп, 2024 жылы лицензия алу бойынша 609 өтініш қаралып, 76 лицензия берілген. Сонымен қатар сарапшылық жұмыстарды орындау үшін 43 сарапшыға аттестат берілді, бұл құрылыс сапасын арттыруға көмектесуде.
Сондай-ақ қаланың кондоминиум нысандары «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне толықтай енгізіліп, техникалық паспорттар цифрландырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқаруды жеңілдетуге және айқындылықты қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Жалпы, Шымкенттегі бұл реформалар қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуді арттырып, құрылыс және тұрғын үй саласындағы басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруде.
Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газ техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері және басқа да ұйымдардың қатысуымен қала тұрғындарына газбен байланысты қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Дөңгелек үстел өткізілді және 53 500 дана жадынама таратылған.
Үй ішілік газ құрылғыларына қызмет көрсету мекемелерімен (ВДГО) 109 iKomek ситуациялық орталығы арқылы интеграция жүргізілді. Тұрғындар осы орталыққа хабарласып, ВДГО қызметтері мен сыни ескертпелер туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арнайы видео роликтер таратуда, ал газ бақылаушылар қауіпсіздік туралы жадынамаларды үй-үйге таратуда.
Газ және газбен жабдықтау қауіпсіздігі бойынша заң талаптарын бұзу фактілері аясында 2024 жылы 88 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 1 212 822 теңгені құрады.
Сонымен қатар Шымкент қаласында лифтілердің қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Қалада жалпы 1 233 лифт бар, оның ішінде 941-і тұрғын үйлерде, 58-і денсаулық сақтау мекемелерінде, 50-і мектептерде, ал 184 лифт сауда орталықтары мен қонақүйлерде орналасқан.
Жыл басынан бері 70 лифтке комиссиялық сынақтар өткізіліп, 69 лифт ресми тіркеуге қойылды. Қазір жүк көтергіш құралдарды тіркеу Egov.kz порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылуда.
Лифт шаруашылығының жаңғыртылуы да назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жергілікті бюджет есебінен осы жылы 24 лифтіні жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС жауапты.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсетуші мекемелердің жауапкершілігін арттыру мақсатында, тұрғындардан келіп түсетін шағымдар мен өтініштер iKomek 109 байланыс орталығымен интеграцияланған. Нәтижесінде, лифттердің тоқтап қалуы немесе ішінде адам қалып қою жағдайлары тіркелген жағдайда, қызмет көрсетуші мекемелер жедел әрекет етіп, мәселелерді уақтылы шешуге міндеттелген.
Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын басты назарда ұстап отыр.
Шымкент қаласының билігі құрылыс саласындағы тәртіпті нығайтуға және заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра бермек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы