Әншінің сөзінше, ол түрмедегілерге түрлі сынақ пен қиындықтан қалай өткенін айтып берген.
«Қателеспейтін пенде жоқ»: Қыдырәлі Болманов түрмедегі жігіттермен жолықты (видео)
2,016
оқылды

Әнші, «Ұлытау» тобының негізін қалаған Қыдырәлі Болманов Павлодар қаласындағы түрмеде сотталғандармен жолығып, кездесуден соң қандай әсерде болғанын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді дейсің. Қателеспейтін пенде жоқ. Павлодар қаласы, жалпы режімдегі колонияда жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесуге шақыру алдым. Қойылған мақсат – Республика күні мерекесі қарсаңында рухани әңгіме жүргізу, рухани қолдау көрсету екен. Мүмкін бір сөзім біреуге демеу, біреуге үміт, ал беруге жұбаныш болар. Тым болмаса қазір қиындыққа түсіп, қамауда отырған, сынақта жүрген отандас бауырларға амандасып, жақсы тілек тілеп, жүз көрсетіп, ізет білдіріп қайтармын. Алла көріп тұр – ниет түзу», – дейді әнші Қыдырәлі Болманов.

Әнші түрмеге алғаш барғандықтан, олармен қалай әрі не деп сөйлесу керегін білмеген.

«Шашыраған сұрақтар жауап таппай, масадай ызыңдап, сұрақтар жан-жағымда айналып жүр. Жаратушым жақсы ой берді бір кезде. Өзімнің де шалыс басқан, қателескен кездерім баршылық. Қателерімді қалай түзегенім, небір «нокауттарға» түсіп, оңбай құласам да, қайта тұрып, алға жүріп, биікке ұмтылғанымды, биік мақсаттарға қалай жеткенімді, менің де тар жолға түсіп, тайғақ кешкенімді айтайын дедім. Қалай бар, солай, шынайы әңгіме неге айтпасқа? Көңілім орнына түсті. Басшылары күтіп алды. Әңгімені басымнан өткен сынақтар, қиындықтар және қалай жеңгенім, тар жолдан қалай өткенім, тайғақты қалай кешкенім туралы сөздерден бастадым. Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім, қысқасы, өмірде болған оқиғаларымды кино қылып айтып бердім. Ән де орындалды. 2 сағат тез өтіп кетті», – деді ол.