Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында ел өміріндегі өзекті мәселелерді атап өтті.
Бала тәрбиесіне бейқам қарамау керек
285
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында ел өміріндегі өзекті мәселелерді атап өтті.

– Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының айрықша сенім мандаты иесі екенін қадап айтты.

«Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ашық аспан астындағы бейбіт өмір – ең басты байлық екенін еске салды. Шын мәнінде әлемде соғыс өрті тұтанып, жан-жағымыз отқа оранып жатқанда бейбіт Қазақстандағы өмірдің мәнін дұрыс сезінген абзал.

Алқалы жиында Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы екенін айтып өтті.

– Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын», – деді.

Президент бұл мәселеге көбірек тоқталды. Заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашатынын, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіретінін жеткізді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін.

– Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет, – деді.

Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауды тапсырды. Бұл да өте керек нәрсе.

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор