Шымкент қаласы "Ақжайық" шағынауданындағы «Тұлпар» балабақшасында №218 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.
Бүгін халқымыз АЭС құрылысына байланысты маңызды шешім қабылдайды – Шалатай Мырзахметов
359
оқылды

Аталған учаскеге қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Шалатай Мырзахметов отбасыларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасады. 

 

– Елімізде АЭС салу бойынша әңгіме 1-2 жыл бұрын басталған еді. Сол кезде мені мамандар табыла ма, кадрларды дайындап үлгере ме және Қазақстан өзге елмен бәсекелес үшін ғана сала ма, деген сияқты біраз ой мазалайтын. Жуырда Президент АЭС салу бойынша халық таңдауына беріп, оны елге түсіндіру бойынша штаб құрылғанда көптеген мағлұматқа қанық болдым. Бізде шикізаттың мол екеніне қарамастан жыл сайын миллиардтаған қаржымен энергияны сатып алатынымыз, энергия тапшылығының жылдан жылға артып бара жатқанына көз жеткіздім. Мамандардың пікіріне құлақ түрдім. Жалпы мұндай  маңызды бастамадан әрбір қазақстандық тыс қалмауы керек. Бүгін халқымыз атом электр стансасының құрылысына байланысты маңызды шешім қабылдайды. Бұл еліміздің болашақ  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шешім болмақ. Халқымыз ынтымақ-бірлігін көрсетіп, еліміздің болашағына оң әсер ететін шешім қабылдайды деп сенемін, деді Шалатай Мырзахметов. 

Ал  қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ел тағдырына жаны ашитын азамат ретінде референдумға белсенді түрде қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге келгенін айтады.

Айта кетейік, Шалатай Мырзахметов – қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдағы депутаты болса, Орынбай Рахманбердиев – үшінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық байланыстар, қауіпсіздік және қорғаныс ісі комитетінің мүшесі болған.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы