Тарихи шешім қабылдайтын айтулы күні аты әлемге танымал, көкшетаулық биология ғылымының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Хұсайынов та өз таңдауын жасап, №731 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Қоршаған ортаның тазалығы мен үшін аса маңызды – ғалым Әбілжан Хұсайынов
182
оқылды

Ғалым елдің болашағы үшін бүгінгі референдумның маңызы аса зор екенін ғылыми түрде дәлелді фактілермен жеткізді. 

– Бүгін – еліміз үшін үлкен қуанышты сәт. Тарихи маңызы аса жоғары шешім қабылданбақ. Жылына елімізде 500 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Энергияны тұтыну көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, тек өндіріс орындарында ғана жылына 3 пайыз артық энергия қажет. Атом энергиясымен қатар елімізде жасыл энергия, яғни  күн, жел энергиясынан да қуат көзін алу көлемі артып келеді. Қазір небәрі  алты пайыз болғанымен, болашақта табиғи энергия көздерінен энергия алуды 36 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Атомның негізгі шикізат көзі – уран өзімізде өндіріледі. Әрі дүниежүзінде уранның барланған қоры жөнінен де көш бастап тұрмыз. Атом энергиясымен электр энергиясын алудан да тоғыз пайызға жеткізу мақсаты бар. Жалпы, өзім экология саласында болғандықтан, табиғи қоршаған ортамыздың тазалығы  мен үшін аса маңызды. Қазір энергияның 70 пайызы көмірден алынады. Оны 17 пайызға дейін төмендету жақында ғалымдар мен құзырлы органдар бас қосқан жиында жоспарланды. Міне, осындай энергиямен еліміздің табиғи қоршаған ортамыз да тазара бастайды, – дейді Әбілжан Тоқанұлы. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы