Жалпы жоғарыда айтып өткендей, өңірде өтініш білдірген 5 228 үміткердің жартысынан көбі, яғни 51 пайызы теориялық емтиханды сәтті тапсырған. Ал 2 562 қызмет алушы емтиханнан өте алмауы салдарынан практикалық емтиханға жіберілмепті. Мұнымен қоса, өткен жылмен салыстырғанда биыл жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер саны екі есеге азайған. Мамандандырылған бөлім қызметкерінің айтуынша, бұл емтихан талаптарының қатаңдатылуына байланысты болып отыр.
“Биыл теориялық емтихан тапсырушы үміткерлер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайды. Мұндай жағдай практикалық емтиханда да байқалып отыр. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуір айында ережелерге өзгерістер енгізілді. Енді жүргізушіге арнайы курстарды аяқтағаны туралы куәлік алу қажет, содан кейін ғана ол арнайы ХҚКО-да емтихан тапсыра алады”, – деді ХҚКО мамандандырылған бөлімінің бас маманы Бағлан Ботабеков.
Бөлім қызметкерінің айтуынша, үміткерлер жүргізуші куәлігін Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Жаңадария ауылы, 91 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алуға құқылы. Ол үшін қажетті құжаттар көшірмесі немесе автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы алынған құжат болуы қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттың болуы да маңызды екенін атап өтті.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы