«Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым», «Сарра». Бүгінде Роза Мұқановадай театр үшін өндіртіп жазған қаламгерлер некен-саяқ. Ол – театр қоржынын небір тағылымды туындыларымен байытқан қуатты қалам иесі.
– Жазуда жалған болмайды. Жазуда ақиқат болады. Жанның тазалығы болады. Мен тым жас кезімде, отызға толмаған шағымда «Мәңгілік бала бейне» деген пьесамды қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының марқұм Болат Атабаев деген реформатор, режиссері менің жастығыма қарамай сахнаға шығарды. Ал Әуезов театрында тек қана классиктер қойылатын. Бүгінгі халықаралық фестивальға Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» кезінде инсценировкасын жасаған болатынмын. Қырғыз театры сол шығарма желісіндегі қойылымын алып келді. Әзербайжан театры «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясын алып келді. Бұл біздің көрермендердің қолы жете бермеген шығармалар. Сондықтан театрдың есігі ашық, спектальді көруге келіңіздер! – деді жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова.
Фестивальдың ашылу салтанаты алдында артистер мен қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры әзірлеген «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен ашылды. Жалпы автордың да драматургияға сара жолы аталмыш қара шаңырақта театр кемеңгері Болат Атабаевтың ақ батасымен басталған болатын.
– Бүгін біз бір апта бойы Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үлкен театр мерекесін салтанатты түрде ашып жатырмыз. Бұл фестивальдың мән-мағынасы баршамызға анық, айқын. Елдің ықыласына бөленген жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығына арналады.
Түркі дүниесі, түркі мәдени кеңістігінде де Роза Мұқанованың туындыларының шоқтығы биік. «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Бопай ханым». Осы қойылымдардың барлығы да рухани құндылығымызды дәріптейтін өміршең туындыларға айналды. Фестивальдың мақсаты да сол – Роза Мұқанованың драматургиясын дәріптеу. Осы жолы жаңа есімдерді ашқымыз келеді, әсіресе режиссурада не болып жатыр?! – деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белді ұжымдар мен Қырғызстан, Әзербайжаннан келген артистер бір апта бойына бас қаладағы сахналарда өнер көрсетеді. Ал олардың қарым-қабілетін көзі қарақты көрерменмен қатар, Әлия Бөпежанова, Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды белгілі мәдениет майталмандары бағалайды.
Еске сала кетейік, аталған Халықаралық театр фестивалі 3 қарашаға дейін жалғасады.