Осы тапсырманы орындау барысында орман алқаптарына ағаш егу жұмыс- тары көктемде де, күзде де ұйымдастырылып жүр. Ағашты егуін егіп жатырмыз-ау, соның өсіп жатқаны бар ма? Егілген ағаштың күтімін қарап, жерсініп кеткеніне көз жеткізген біреу бар ма? Басқа өңірді қайда БҚО-ның өзінде ағаш аз егіліп жатқан жоқ. Бірақ жайқалып өскенін, ну орманға айналғанын әлі көрмедік. Керісінше, оталып жатқан орман көп. Бір қолмен егіп, екінші қолымен орманды отап жатқаны қалай? Бұл сұрақ экобелсенділердің өздерін таңғалдырып отыр?
Жоғарыда аталған Президент тапсырмасына сәйкес, 2021-2024 жылдары елімізде 852,9 мың гектар аумақта 1,79 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Ағаштың ең көбі, 328,7 миллион түпті Қызылорда облысында егу жоспарланса, ең аз ағаш егілетін аймақтар ретінде Атырау және Маңғыстау облыстары белгіленген. Тіпті, осы жоба аясында Арал теңізінің маңына сексеуіл егу жұмыс ұйымдастырылады дегендері де бар. Бұл туралы сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев: «Орман қорында 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. 5 жылға арналған кешенді жоспарлар бекітілді. Орманды толықтыруды бақылау мен мониторингілеуге арналған интерактивті карта жасалды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жоспарланған 129 млн ағаштың 89 миллионы отырғызылды. Биыл сексеуіл егу 100 мың гектар алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың гектар алқапта жүргізілетін болады. Өзбекстан Республикасының оң тәжірибесін қолдана отырып, біз алғаш рет сексеуілді аэро егуді жүргізуді жоспарлап отырғанымызды атап өту қажет. Ынтымақтастық жөніндегі тиісті жол картасына қол қойылды», – депті.
Бұл ағаштардың қанша пайызы жерсінді? Аралдағы сексеуілдің жайы не болды? Өзге өңірді қайдам Батыс Қазақстан облысында егілген ағаштардың жерсініуі өте төмен. Мамандар солай деп отыр.
Облыста 5 жыл ішінде 56,57 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланған. Осы үшін жергілікті бюджеттен 2,64 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 836,5 миллион теңге ағаш көшетін отырғызуға, 155,5 миллион теңге жобалау-іздестіру жұмысына, 141,4 миллион теңге теректерді өсіруге, ал 1,5 миллиард теңге техника мен жабдық сатып алуға бөлінген.
2021-2022 жылдары егілген ағаштар дәл қазір қандай жағдайда? Жерсінді ме?
Өкінішке қарай, ағаштардың тек аз бөлігі ғана жерсінген.
– БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы егілген көшеттерді қабылдайды. Бір жылдан кейін екпелердің жерсінуі тексеріледі. Қолдағы құжаттар бойынша көрсеткіш – 41,8 пайыз. Содан кейін күтім мәселесі туындайды. Қазір беріліп жатқан жерлердің көбі елді мекендер аумағында орналасқандықтан ағаштардың өсуіне малдың жайылуы кедергі келтіріп тұр. Бұл жерде су мәселесі де бар. Сонымен қатар ағаш егілген алқаптарды қоршап, тамшылата суару жүйесі қарастырылса, жерсіну көрсеткішінің 80 пайызға дейін артады, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысының орынбасары Дархан Закарин.
Экобелсенділер болса егілген ағаштардың жерсінбеуіне мамандардың біліксіздігі де себеп болып отыр дегенді айтады.
– Ағаш егіп жатқандар кәсіби мамандар емес, олар орман шаруашылығы саласынан ештеңе түсінбейді. Осының кесірінен қандай ағаштың қай жерге егілетінін түсінбейді, сосын ол өспейді, – дейді экобелсенділер.
Орал қаласындағы Сергей Исаев атындағы питомник бағының негізін қалаушы, бағбан Қайрат Кәрімов жалпы егілген ағаштардың тізімі дұрыс таңдалғанын айтады. Бағбанның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының климаты қарағай отырғызуға қолайлы. Қылқанжапырақтылар мен үйеңкінің жерсінуі ауыр, америкалық үйеңкіні мүлде екпеген жөн. Аққайың суды көп қажет етсе, кәдімгі емен және облыстың жеріне бейімделген қарағаштың эндемик түрі жақсы өседі екен. Жидені тұзды топыраққа егу қажет.
Ағашты еккенде қолайлы уақыт пен отырғызылатын талдың сапасы, топырақтың дайындығына ерекше көңіл бөлу, ағаш жерсініп кетуі үшін суарып тұру да маңызды. Мұнымен қоса, Қайрат Кәрімов бізде жоқ ағаштарды егіп, эксперимент жасауды құп көрмейді. Бағбан өңірге бейімделген ағаштарды ғана егу керек, сонда ғана нәтиже болады деп есептейді.
Ал белгілі кәсіпкер Гүлнар Мерғалиева керісінше ойлайды. Оның күтіп-баптап отырған өз бағы бар, қазір Орал қаласының өзінде бұрын егілмеген ағаштарды егіп соларды жерсіндіріп жүр.
Бізбен тілдескен Гүлнар ханым: «Бәрі де күтімге байланысты», – дейді.
Ол осы бақша орталығын бір жыл бұрын ашқан еді. Қазір орталық қылқанжапырақты сәнді ағаштар, әртүрлі бұталар мен көпжылдық гүл көшеттеріне бай.
– Біздің қаламыз онсыз да жасыл әдемі қала. Осы әдемілікке бір ерекше нәр бергім келді. Біздің қалада қылқанжапырақтыларды мүлде кездестірмейсіз. Сосын дәл осы қылқанжапырақты өсімдіктер егемін деп шештім. Қала әкіміне барып жер бөлуін сұрадым. Сосын бұрын егілмей жүрген ағаштардың түрін ектім, тәуекел еттім. Қазір сол мен еккен қылқанжапырақтылар жайқалып өсіп келеді. Мен өзімнің командам күтім жасайды, суарамыз, түрлі дәрумендер құямыз. Ағаш жерсіну үшін күтім керек. Қылқанжапырақтылар біздің жақта өспейді деген қате түсінік, мен соны жоққа шығардым, – дейді Гүлнар Мерғалиева.
Біздің облыста ағаш егу жұмысы жүргізіліп жатыр-ау. Тек бір әттеген-ай дейтін тұсы бар. Бір жағынан орман егіп, екінші қолымызбен орманды отап жатырмыз. Жергілікті әкімдік бизнес нысандары үшін Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің жағасынан жер береді, жерге қол жеткізген кәсіпкерлер сол маңдағы тал-теректі отап жатыр. Бұл үшін қанша экобелсенді қарсы шықты, әзірге нәтиже жоқ. Жылдар бойы Оралға көрік беріп келген жасыл желек жойылып барады. Жойылмағаны бүгінде қоқысқа толған.
Қала іргесінде Хан тоғайы аталған әдемі орман алқабы бар. Бұл жер өткен ғасырда егілген ағашқа бай. Кәрі ағаштар бүгінде әбден еңкейген. Ол аздай жастар орманды қоқыс алаңына айналдырып үлгерген. «Таза Қазақстан» жобасы аясында осы аймақтардан бірнеше мәрте қоқыс шығарылды.
– Мынау – 20 мектеп маңайы. Біз бұл фактіні бір ай бұрын анықтадық. Орман алқабын отап жатыр екен. Бір кәсіпкер бизнес ашпақшы. Біз жергілікті әкімдікке айттық. Бірақ нәтиже жоқ. Қазір ол жерді түгел тып-типыл қылды. Бұрын жайқалған ағаш болған дегенге ешкім сенбейді қазір. Ал мына жерде осыдан екі жыл бұрын керемет ағаштар өсіп тұрып еді. Қазір көріп тұрсыз зәулім ғимарат салып тастаған. Бұл жерге құрылыс жүргізу үшін 35 ағашты кесуге рұқсат алыпты. Бірақ біз келіп қазықтан қазыққа дейін әдейі есептеп қарағанда 130 ағаш кесілгенін көрдік. Неге саны асып кетті, неге кесесіздер деген сұраққа ешкім жауап бермеді. Бәрі бір-біріне сілтеп қоя салды, – деп қынжылады экобелсенді Дәуренбек Сахым.
Заң бойынша бір ағаш кескен адам 10 түп ағаш егу керек. Құрылыс нысаны үшін 130 түп ағаш кескен кәсіпкер 1 300 тал ағаш егу керек. Оны баптап өсірсе ну орманға айналмай ма? Алайда оны қадағалап, талап етіп жатқан кім бар дейсің?.. Оталған орман оталған күйі қалып жатыр.
«Орманды отау деген дүниеге тосқауыл қоюдың жалғыз жолы бар», – дейді мамандар. Әкімдік бизнесмендерге су жағасынан, орман алқабынан жер бергенді қою керек.
– Біздің басты мақсатымыз – егілген ағаштардың қазіргі жағдайын анықтау. Президент ағаштарды егеміз деп айтқан кезде, оларды өсіріп, климатқа жақсы әсер етуі керек екенін айтқан. Ағаштарды күтіп-баптауға қаражат бөлінуі керек екені түсінікті. Біз үшін ең маңыздысы – ағаштардың өсіп, миллиардтаған қаржы бөлінген бағдарламаның нәтиже көрсе-туі, – деді Д.Сахым.
Сонымен, біздің облысқа егілген ағаштар неге өспейді? Күтім жоқ па, әлде жер нашар ма? Біз бұл сұрақты Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қайрат Есенғалиевке қойдық.
– Көктемде аяқасты күн суытып үсік шалды. Соның кесірінен, үйеңкі мүлде өспей қалды. Бізде егілген ағаштардың 20-25 пайызы ғана жерсінеді. Орман алқаптарында егілген ағаштарды мал жеп кететіні, таптап кететіні бар. Бұлда ағаштардың өсіп кетуіне кедергі болып отыр, – дейді Қайрат Есенғалиев.
БҚО-да егілген ағаштардың ну орманға айнала алмауының бірнеше себебі бар. Мамандардың айтуынша, алдымен егіл-ген ағаштарға күтім жасалмайды, ең бас-тысы егілсе болды деген желеумен жерге талды жапсыра салады. Оларды уақытылы суарып, маңайын қоршап күтпегесін жас тал өспей қалады. Айналып келгенде бюджет қаржысы желге ұшады.
2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егу керек екен деп еге салу жоспары орындалатын шығар. Алайда климатқа оң әсер ететін, табиғатқа пайдасы тиер ну орман қала ма, қалмай ма артымызда бұл жағы әзірге беймәлім болып тұр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы