Бірқатар сарапшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш салуы арқасында еліміз бен Қатар арасындағы ынтымақтастық осы жылы асқар шыңға шыққанын айтып жүр. Қатар инвесторлары еліміздің жетекші банктерінің бірін, ірі ұялы байланыс операторын сатып алды. Елде алып газ өңдеу зауытын тұрғызбақ. Құны миллиард доллар тұратын жобаларын қолға алмақ.
Қатар (Qatar) – жеті қат сырын ішке бүгіп жатқан жұмбақ ел. Шетелдік ақпарат құралдары бұл елдің билеушісін «патша-король» атайды, шынында Қатарды «әмір» басқарады: әмір және жоғарғы бас қолбасшы Тамим ибн Хамад ибн Халифа әл-Тани. Қатар әлемде бір ғана елмен – Сауд Арабиясымен шектеседі, елді басқа барлық жағынан Парсы шығанағы құшағына алған. Бұл елдің «жер жәннатындай» тамаша жағажайлары, футуристік заңғар ғимараттарымен, ежелгі Ислам сәулет өнерінің стилінде салынған ультразаманауи нысандармен «көмкерілген» астанасы Доха әлем туризмінің тартылыс орталығына айналды.
Айтпақшы, Қатар – Қазақстанның еңбек мигранттарын жұмысқа орналастыру туралы біздің елмен екіжақты келісім бекіткен жалғыз мемлекет. Мысалы, қазақ қызы Жұлдыз Ғалиақпар – осы елдің Qatar Shell GTL Limited Cо компаниясының әлеуметтік қызмет және әлеуметтік инвестициялар саласының жетекшісі. Раушан Баетова – Қатардағы North Oil Company бұрғылау жөніндегі инженерлер тобының басшысы. Зарина Дүйсенғұлова болса, Qatar Shell GTL Limited Cо. корпоративтік басқару және логистика сатып алулары тобының директоры. Қазақ өрендерінің Қатардағы табыс тарихын тізе беруге болады.
Екі ел басшылығының ынтымақтастығы да тығыз. 2024 жылғы 14 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірінің шақыруымен осы елге тұңғыш рет мемлекеттік сапармен барып қайтты. Қос елдің лидерлері енді үнемі телефонмен тілдесіп, өзара құттықтау жеделхатын алмасып тұрады. 2024 жылғы 3 шілдеде Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға сапарлап келді, ШЫҰ саммитіне қатысты. Бұл ел Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдап келеді. Тоқаев Қатарды Қазақстанның ендігі ең жақын серіктесінің бірі деп бағалады және екі елдің мақсаттары ортақ, тілеулес екенін атап өтті.
Жұмбақ елдің ниеті айқын
Қазіргі кезде екі елдің парламенттері Қазақстан мен Қатардың қарым-қатынасын нығайтатын келісімдердің тұтас топтамасын ратификациялап, өзара ынтымақтастықтың жаңа тарихының заңдық тұғырын қалап жатыр. Соның бастысының бірі – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісім». Оны ел Парламенті ратификациялады.
Премьер-Министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, биылғы жылдың елеулі олжасының бірі де осы: Қатар бейнесінде Қазақ елінің жаңа стратегиялық серіктесі пайда болды. Таңғаларлығы сол, тек бір ғана Қатар елі қазақстандық экономикаға 20 миллиард доллар инвестиция құятын болды. Салыстырсақ, Қазақстанға оның дүниежүзіндегі барлық серіктес елінен 2023 жылы келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі небары 23,4 млрд долларды құраған.
Көреалмаушылық па, әлде басқа ма, әлдекімдер қоғамда «қатарлық инвестициялардың артында қазақстандық олигархтар тұрғаны» туралы қауесет өртін қаулатуға талпынды. Жуырда бұл алып-қашпа сөзді Парламент мінберінен оппозициялық депутат Ермұрат Бапи көтерді.
«Қатармен жасалып жатқан стратегиялық әріптестік, әрине, құптарлық дүние, қалай болғанда да бұл мұсылман елі. Бірақ бұл елден аяқ астынан келіп жатқан ұлан-ғайыр инвестиция «не қылған батпан құйрық?» деген сұрақ туындатады. Соңғы кездегі бұл елмен әріптестіктің, инвестициялық жаңа жобалардың артында «ескі Қазақстан тұр» деген қоғамда пікір де бар. Жуып-шайып, ол ақшасын қайтадан алып кететін шығар», – деді депутат Бапи.
Еліміздің бас экономисі Нұрлан Байбазаров бұл қауесетті жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазақстандық банкті, ұялы байланыс операторын сатып алып, оны дамытуға қаржы құюы, ірі зауыт-кәсіпорын жобаларын қолға алуы қатарлық инвесторлардың ұзаққа келгенін және мақсат-ниетінің салмақты, айқын екенін паш етеді.
– Халықаралық келісімді барлық мүдделі мемлекеттік орган қарайды, құзырлы органдар сараптамадан өткізеді. Сондықтан бұл жерде ақша жылыстату тәуекелі жоқ деп ойлаймын. Жалпы, бұл жерде ешқандай «ескі Қазақстан» жоқ! Қатар мемлекеті қазір жалғыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде осындай белсенді инвестициялық саясатын ілгерілетіп жатыр. Олар Еуропаның футбол клубтарына дейін сатып алды. Бай мемлекет өз байлығын дүниежүзін дамытуға инвестициялайды. Ол дұрыс. Бұл инвестициядан біз де барынша мол алып қалуымыз керек. Ел экономикасына салып жатқан инвестициясы үшін оларға алғыс айтуымыз керек, – дейді Нұрлан Серікұлы.
Ол Президенттің Қазақстан экономикасын екі еселеу міндетін қойғанын еске салды, мұратқа жету үшін мол инвестиция керек. Жақында Мемлекет басшысының бастамасымен Астана «Араб үйлестіру тобын» жинады, оған Ислам даму банкі бастап, Парсы шығанағының мемлекеттік қорлары, даму институттары басшылары келді. Олар Қазақстанға 7-10 миллиард доллар инвестиция салуға дайын. Үкімет кез келген елден сапалы инвестиция тартуға жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да Үкіметтен сондай тапсырма алыпты.
Қазақстанның Қатардағы елшілігі ел Президентінің баса мән беруі арқасында биыл шынында да қос мемлекеттің ынтымақтастығына соны серпін берілгенін растады. Бұл ретте ықпалдастық әр алуан саланы қамтиды. Мысалы, екі ел еркін экономикалық аймақтарды дамыту бойынша өзара тәжірибе алмасады, киберқауіпсіздік, спорт, мәдениет, білім беру және басқа да салада ынтымақтастық орнатып жатыр.
Елшіліктің мәліметінше, Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара сауда-саттық бұған дейін бірқалыпты болды. 2021 жылы өзара тауарайналым – 6 млн 339,6 мың, 2022 жылы – 6 млн 642 мың, 2023 жылы 9,9 млн долларды құраған. Биылғы жылы бұл көрсеткіш екі есеге дейін өседі деп күтіледі. Қатар бұған дейін Қазақстанға 75,9 млн доллар ғана инвестиция салыпты. Енді бұл көрсеткіш миллиардпен есептелмек.
Достықтың тұғырлы 9 жобасы
Қазақстан аумағында іске асырылатын жобаларға қатарлық компаниялардың инвестиция салу шарттарының тізбесіне сәйкес, елімізге жалпы сомасы 18-20 миллиард доллардай инвестиция тартылады. Келісімдер бойынша Қатар инвесторлары елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда 9 бірлескен инвестжобаны іске асырады.
Біріншіден, 2024 жылғы қазан айында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен қатарлық Lesha Bank LLC Bereke Bank АҚ-ның 100% акциясын сату-сатып алу мәмілесін толық аяқтады. Бұдан былай Береке банкі қатарлық ірі қаржылық холдингтің құрамына кіреді.
Екіншіден, Tele2 брендіне ие «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы қатарлық Power International Holding Ltd компаниясына сатты. Цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, қатарлық инвестор елімізде дәстүрлі 4G сыртында, 5G байланысын дамытады.
Ал Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, «Мобайл Телеком-Сервис» мобильді операторын қатарлықтар 1,1 миллиард долларға сатып алды. «Қазақтелеком» 2019 жылы аталған ұялы операторды сатып алуға 255 миллиард теңге жұмсаған екен. Ендеше оны шамамен екі есе қымбатқа өткізіп отыр. Мәміле отандық телекоммуникация саласына озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге, бизнес-процестерді халықаралық стандарттарға сәйкес оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Кейінгі үш жоба бойынша қатарлықтар Қазақстанда қуаттылығы жылына 1 млрд, 2,5 млрд және 6 миллиард текше метр болатын үш газ өңдеу зауытын салады. Бұл жобалар Қашаған кен орнының газын алауда босқа жақпай, қазынасын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ елдің ішкі қажеттіліктерін өтеу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған. Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы елімізде жылына 6,9 миллиард текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге жол ашады. Вице-премьер Нұрлан Байбазаровтың дерегінше, газ өндеу зауыттарының әрқайсысында құрылыс кезеңінде – 2 мың, пайдалану кезеңінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Алтыншыдан, қатарлықтар «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін салып береді. Жобаны іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайтуды, Қытай бағыты бойынша газ экспортының көлемін сақтауды, Алматы жылу электр орталығын газға ауыстыруды қамтамасыз етеді. Құрылыс кезеңінде 4 мыңға жуық, кейін 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жалпы, жобаны іске асыру оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлердің ұлғайып бара жатқан көгілдір отынға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға және экспорттық көлемді қолдауға мүмкіндік береді.
Жетіншіден, қатарлық инвесторлар «КС-14 жаңа компрессорлық стансасы» мен «КС-14–Қостанай–Ақтөбе» магистралды газ құбырын салады. Жоба Қостанай қаласы мен облысының тұрғындарын газбен жабдықтауға, сондай-ақ елдің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын арттыруға бағдарланған. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға, содан соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоба Қостанай облысын және жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарын газбен жабдықтайды. Яғни, шекаралық өңірді өркендетуге үлес қосуы тиіс. Өлкенің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, газ қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Сегізіншіден, қатарлық инвесторлар Қызылорда облысында Бу-газ қондырғысына негізделген электр стансасын салу жобасын жүзеге асырады. Осы арқылы бұл ел Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытады. Жоба аясында жаңа маневрлік қуаттарды енгізу үшін бу-газ қондырғысын салу, сондай-ақ «Қызылорда‒Шымкент» және «Қызылорда‒Жезқазған» электр беру желілерін тарту қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға, пайдалану кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоба еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесінің оңтүстік бөлігінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, электр стансалары үшін жаңа инфрақұрылым құрады.
Тоғызыншыдан, қатарлықтар елімізде, Ертіс өзенінде қуаты 350 мегаватқа дейін жететін су электр стансасын тұрғызады. Жоба жаңа маневрлік қуаттарды енгізу, сондай-ақ Шүлбі су электр стансасының контрреттеу функциясын орындау мақсатында әзірленді. Жобаны іске асыру Шүлбі су электр стансасының тиімділігін 1 050 мегаватқа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Ертіс өзенінің ағысы бойынша қысқы кезеңде су тасқыны ықтималдығын жоюға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде – 800, пайдалану кезеңінде 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Айтпақшы, Қазақстан мен Қатар «Әскери ынтымақтастық туралы келісімді» де бекітті. Оған сәйкес, мұсылман екі ел әскери білім беру, әскери ғылым, әскери медицина, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау операциялары, жауынгерлік даярлық, өзге салаларда әскери ынтымақтастықты жолға қояды.
Дүниежүзілік қару-жарақ саудасын талдау орталығының ақпаратынша, Қатар соңғы жылдары әлемдегі ең ірі қару-жарақ пен әскери техника импорттаушыларының бестігіне кірді. Соңғы жеті жылда 12 елден озық қару-жарақ алған. Бір ғана Америкадан 11,6 миллиард, Франциядан 6,1 миллиард долларға қару-жарақ пен әскери техника алғызды.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, болашақта Қатармен жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, құқық, еңбек, әлеуметтік қорғау, жемқорлықтың алдын алу, газ, мұнай өндірісі салаларында келісімшарттар жасау көзделген.
Мұнайы мен газының қоры жөнінен әлемде 13-орында тұрған Қатар қара алтын өндірісінен аулақтап, цифрлық технологиялар мен шикізаттық емес табыс көздеріне көшіп алды. Ақан Рахметуллин белсенді дамып, тұрақты өрлеген бұл елмен өзара іс-қимылдың әлі де көптеген саласын тыңдай игерген жөн екенін айтады. Ендеше «Досың болса Қатардан, қалдырмайды қатардан» деуге болатындай.
Айхан ШӘРІП