МҚІА Консультативтік-сараптамалық тобының отырысында сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оны бюрократиядан арылту мәселелері талқыланды.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың басшылығымен сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері бойынша Консультативтік-сараптамалық топтың отырысы өтті.
Отырысқа Консультативтік-сараптамалық топтың мүшелері О.Х.Құспеков, Е.Л.Өстеміров, Д.Н.Смагулов, Ж.Е.Біркенов, М.И.Утешов, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның өкілдері қатысты.
Отырыста мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, сонымен қатар жер қатынастары саласында көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру мәселелері қаралды.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай бюрократия мемлекеттік аппарат қызметінің жұмысын қиындататын және оның тиімділігін төмендететін негізгі факторлардың бірі екендігіне тоқталып, «Мемлекет басшысы «Бюрократия – барлық реформалардың сапасыз болып іске асуының басты себебі» деп атап көрсеткен болатын. Құжат рәсімдеудің ұзақтығы, артық құжат айналымы, формальдылық – азаматтар мен кәсіпкерлерге қиындық туғызады. Сондықтан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуда ашықтыққа, жеделдік пен сапаға мән беру қажет», - деді.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы сәуірде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойған сәттен бастап агенттік бюрократиялық кедергілерді жою бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізді. 2 жыл ішінде мемлекеттік органдардың 4 мыңнан астам функциялары талданды.
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Біріншіден, мемлекеттік органдардың құрылымын оңтайландыру бойынша 140-қа жуық, функцияларын талдау нәтижесінде, қайталанатын міндеттерін алып тастау, кейбір функцияларды бәсекелестік ортаға беру және орталықсыздандыруға қатысты 200-ден астам ұсыныс әзірленді.
Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігіне жүргізілген талдау аясында екі департамент басқарма болып қайта құрылып, бұл жылына 8,5 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берсе, ал ауылдық дәрігерлерге уақытша еңбекке жарамсыздық парағына қол қою құқығын беру шамамен 1 млн ауыл тұрғынын аудан орталықтарына бару қажеттілігінен босатты.
Екіншіден, процесстерді цифрландыру, онлайн платформаларды пайдалану арқылы көптеген ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, қажетсіз құжаттарды жою арқылы рәсімдерді жеңілдету бойынша 170-тен астам ұсыныс уәкілетті органдарға енгізілді.
Үшіншіден, бюрократия мен қағазбастылық көріністеріне әсер ететін нормативтік құқықтық актілердегі олқылықтар мен қайшылықтарды зерделеу нәтижесінде 60-қа жуық ұсыныс әзірленіп, олар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.
Жалпы бюрократиялық кедергілерді талдау және мониторингтеу нәтижесінде Агенттік Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппаратына 715 ұсыныс енгізді. Бүгінгі таңда 100-ден аса ұсыныс мемлекеттік органдар тарапынан орындалды. Қалғанын заңнамалық өзгерістерді енгізу арқылы орындау көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта энергетика, су ресурстары және ирригация министрліктерінде, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрлігінде бюрократиядан арылту бойынша талдау жүргізіліп жатыр.
Агенттік бастамасымен «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне қол жеткізу арқылы азаматтардың құқықтарының бұзылуын анықтауға және тиісті шағымдарды күтпей-ақ олардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған қашықтықтан мониторинг жүргізу жаңа тәсілі тәжірибеге енгізілді.
Осылайша, биыл осы ақпараттық жүйеде жүргізілген қашықтықтан мониторинг нәтижесінде 15 мыңнан астам бұзушылық анықталып, көрсетілетін қызметті берушінің 180 қызметкері әкімшілік және 161 тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 536 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың 9 айында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталды, оның 82% - ы жергілікті атқарушы органдарға, 18% -ы орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі.
Отырыс барысында жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты мәселелер талқыланды.
Консультативтік-сараптамалық топ отырысының қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыру ұсынылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.