Асыл туған "Қобыланды"
Асыл туған "Қобыланды"
689
оқылды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызу дайындық жүріп жатыр. Санаулы күнде, анығы 13-14 сәуірде М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы негізінде «Қобыланды» спектаклінің премьерасы көрермен қауымға жол тартады. Біз спектакльдің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайды әңгімеге тартқан едік. – Нұрқанат аға, Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері екеніңізді білеміз. Со­ған қарамастан еліміздің бас теа­трында «Қобыланды» спек­таклін сахналауға уақытыңызды арнап келіп отырсыз. Театр ұжы­мымен жұмыс процесі қалай жүріп жатыр? – «Қобыландыны» сахна­лай­мын деп ойлаған жоқпын. Осы қыста Алматыда ауруханада жат­қанмын. Театр басшысы Сәбит Әбдіхалықов келіп ұсыныс жа­сады. «Алдын ала дайындалма­ғаннан кейін қиындау болады, оның үстіне сырқаттаныңқырап жүрмін» деп ыңғай танытпаған едім, «Бұл – театрдағы ақсақал­дарымыздың ұсынысы. Осы спек­такльді сіздің қоюыңызды қалап отыр» деп ағынан жарылды. Бірер күннен кейін Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев ағалармен кез­деспекші. Олар «Театрда қазақтың классикасын қойғымыз келеді. Мұхтар Әуезовтің «Қобыландысы» ұзақ жылдардан бері қойылған жоқ, қайтадан бір сахналасақ» деп ұсынысын айтып, үлкендердің қолқасын жерге тастай алмай, қойылымға дайындықты бастап жібердік. Кезінде бұл спектакльді әкем­театрда сахналап, ұлы қойылым жасаған – ұстазым Әзірбайжан Мәмбетов. 1967 жылы кон­сер­ваторияда оқып жүргенімде сол спектакльдің массовкасына қатысқан едім. Ол кезде көп нәрсені түсінбеген екенмін. Тіпті ол кезде режиссер боламын деп ойлаған да емеспін. Бірақ осы спектакльді қою барысында Ыдырыс Ноғайбаевтың Қобы­ландысы, Фарида Шәріпованың Құртқасы, Хадиша Бөкееваның Қарлығасы, Асанәлі Әшімовтің Шуағы, Райымбек Сейітметовтің Бірсімбайы – бәрі есіме түсті. Спектакльді көріп таңғалатынбыз. Көрермендердің қабылдауы да басқаша болатын. Қазір – ХХІ ғасыр. Көп нәрсе өзгерді. Ол «Қобыландының» кезіндегі үлкен кісінің көбі өмірден озып кетті. Олардың немере-шөбере­лері өсіп, ер жетті. Әрине, спек­такльді өмірден озып кеткен бұрынғы кісілерге арнамайсың ғой, қазіргі жастардың түсінігіне қарай Қобыланды деген ұлы баба­ларының болғанын, оның елін, жерін қорғағанын, егемен ел болуымызға септігін тигізгенін көрсету керек деген ұстаныммен осы спектакльді қабылдағаныма қазір қуанамын. – Ел «Қобыланды батыр» жы­рын эпостық дастан ретінде біледі. Ал сіз сахналап жатқан «Қобы­лан­дының» форматы қандай болмақ? – Спектакльдің форматы драма күйінде қалады. Бұрын «Қара қыпшақ Қобыланды» деген атпен қойылса, біз бір ғана рудың деңгейінде қалмай, ауқымын кеңейту үшін «Қобыланды» деп атағанды жөн көрдік. Бұл спек­такльге Ғазиза Жұбанова музыка жазған болатын. Сол музыканы пайдалансақ деп көп тыңдадым. Ғазиза апамыздың жазғаны ұлы шығарма, бірақ ол қазіргі заман талабына сай біраз өңдеуді талап етеді екен. Бүгінгі күнге ыңғайлап өзгерістер енгізуге ол кісінің көзі тірі емес. Сол үшін Әсел Омарова деген жас музыкантты шақырып, ол арнайы музыкаларын жазып шықты. Гузель Мұхамеджанова актерлердің пластикасына көмек­тесіп жатыр. Қоюшы-суретші Мұрат Сапаров көркем безенді­руге кірісіп кетті. Бұрынғы қойған спектакльдің атмосферасы бар, бірақ өзінше ерекше декорация­лар кездеседі. Тайбурылдың мүсі­нін жасап, оны «тірілтіп», ұшатын жа­сап жатырмыз. Бұл да бір ерекшелігі. – Қойылымның тағы қандай ерекшелігі бар? Жаңа техникалық мүмкіндіктерді пайдаланудағы өзгешеліктерге тоқтала кетсеңіз. – Театрдағы бар мүмкіндікті қолданып жатырмыз. Жоғары көтеріліп-түсетін сахна, шең­бердің айналуы, Қобыландының ұшатын Тайбурыл аты, тағы сол сияқтылар. Ұшатын ат та жай ғана ауызда қалған сөз емес, шынды­ғында Қобыландының Тайбуры­лының қанаты болған. Дастанда Тайбурылдың ізі, шабысы, демі кең ауқымда суреттелген. Тайбу­рылды үлкен кейіпкердің біріне айналдырып отырмыз. Бұрынғы қойылымда Көклан жағымсыздау кейіпкер болған. Өйткені Мұхтар Әуезов бұл спектакльді кеңес заманында жазып, көп нәрсенің ба­сын аша алмай, сол кезде на­шарлау кейіпкер жасау керек болды деп ойлаймын. Біз Көк­лан­ды өз трагедиясы бар, мәңгі жа­сайтын көріпкел етіп бейнеледік. Оның бәріне жаны ашиды, бірақ көмек­тесу қолынан келмейді, тағдыры солай жазылып тұр. Оны әрбір істің хабаршысы болып жүретін кейіпкерге айналдырдық. Бұл да бір өзгешелік. Спектакльде сахналық сайыс­ көп. Көпшілік сайыс, екіден, үштен сайыс. Nomad каскадерлер клубы келіп қолұшын беріп, актерлерді үйретіп жатыр. Бұл әлем­дік деңгейде аты әйгілі жі­гіттер. Шымкент циркінің жі­гіттері Көкланның көтеріліп-түсетін, ұшатын эпизодтарына көмектесуде. Олардың бәрі «Қо­бы­ландының» сахнада жақсы шығуына шын ниетімен тілектес болып, қолдан келген көмегін тигізуде. – Әзірбайжан Мәмбетов сах­налаған «Қобыланды» спекта­к­лі­нің актерлік құрамында Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Шолпан Жан­дар­бекова, Серке Қожамқұлов, Райымбек Сейітме­тов сияқты көптеген Халық артис­тері болған. Ал қазіргі актерлік құрам туралы не айтар едіңіз? Артис­терді қалай таңда­дыңыздар? – Әуезов театрының бұ­рын­ғы, орта буын актерлерін жақсы білеміз. Шынын айтқанда, кейінгі толқын актерлерді онша таны­майды екенмін. Өйткені спек­такльде ойнайтынның көбі театрға жаңа келген жастар. Спектакльдің актерлік құрамы театр басшылығымен, Есағаң (Есмұхан Обаев), Асағаңдармен (Асанәлі Әшімов) ақылдаса оты­рып таңдалды. Олардың тілегі де сол – жастарға көмектесу, со­лардың деңгейін өсіру. Дайын­дық барысында жастардың аяқ алысы жаман емес. Рөлдерде Айдос Бектеміров, Рашида Хаджиева, Болат Әбділманов, Шынар Асқарова, Шерхан Пірназаров, Ғалымбек Оспанов, Ләззат Қалдыбекова, Назгүл Қарабалина, Дулыға Ақмолда, Баян Қажнабиева, Алмас Шаяхметов, Ажарлым Бақытжанова, Зарина Кармен, Аян Өтепберген, Мағжан Асаубай, Әсел Сайлауова сияқты театрдың белді актерлері де ойнайды. Дайындық барысында актерлік жұмыстарым оларға керек екенін сезіне бастадым. Олар да мені түсінді. – Инсценировка барысында өзіңіз жаңа кейіпкер қостыңыз ба? Мұхтар Әуезовтің шығармасы мен спектакльдің қандай айырма­шы­лықтары бар? – Жаңа кейіпкер қосқан жоқпыз. Бірақ қазіргі заманға лайықтадым. Пьесаның сөздері сол қалпында сақталды. Бұл спектакль 1967 жылы қойылып, сахнада ұзақ жүрді. Елу жылдан астам уақытта жаңарып, қай­тадан сахналанып отыр. Жа­сыратын несі бар, «Қалай болар екен, көрермен қалай қабылдар екен?» деген қорқыныш та жоқ емес. Әзірбайжан Мәмбетов – қазақ театрына жаңалық алып келген және оны әлемдік дең­гейге кө­терген ұлы режиссер. Қал­ға­нымыз Әзекеңнен үй­рендік. Өнер – киелі дүние. Өнерлі болу көрінгеннің маңдайына жазылмаған. Бұл халыққа үлкен қа­сиет болып дару керек. Театр – мұ­ңайып келгенді қуантатын, қуа­нып кел­генді ойланды­ра­тын қасиетті жер. Адам­ның жан дү­ниесін тазар­татын орын. Театрға адам жайдан жай келмейді. Жо­ғал­т­қанының орнын толты­рып, іздегенін тапқысы, үзіл­генді жал­ғағысы келеді. Қиналып жүрген сәтте театрға келіп ойланып, іздеп жүрген нәр­се­нің түйінін та­бады. Ондайлар көп. Өз басым қанша адамның алғысын алдым. «Үзіліп бара жатқан өмірімді қайта жал­ғадыңыз. Өмірдің мәнін енді түсіндім» деп жылап тұрып, ал­ғыс айтқандар да кез­десті. Спек­такльдерім арқылы халықты қуа­нышқа бөлесем, сол үлкен жетістік. Осы спектакль арқылы жастардың жүрек теті­гіне тие білсек деген ойымыз бар. – Әңгімеңізге рақмет!