Әлеуеті – зор, жалақысы – аз
Әлеуеті – зор, жалақысы – аз
© коллаж: Қуаныш Cапарбай
439
оқылды
 

Әлеуметтік маңызы бар 6 тауарды шетелден аламыз

Ата заңымызда аграрлы ел екеніміз анық жа­­зылған. Алайда ауыл шаруашылығының ішкі жал­пы өнімдегі үлесі – 5 пайыз ғана. 1980 жылы бұл көрсеткіш – 22,6%, ал 1990 жылы 34% болған. 2010 жылға дейін тұрақты түрде төмендеп, 4,2%  тұ­рақ­таған еді, бүгіндері  – 5%.  Бұл – экономикалық саясат үшін үлкен сын. Әрине, бұл көрсеткішті кө­теру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін да­мыту үшін бюджеттен миллиардтар бөлініп ке­леді, әзірге нәтиже көңіл көншітпейді. Алысқа бар­май 2 жыл бұрын қабылданған «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламасын алайық. Бұл бағдарлама әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік өнімдер импортын жергілікті өнімдермен ал­мастыруы тиіс еді. Бірақ бағдарламаның жүзеге асырылуы Президентің көңілінен шықпады. «...Бір жарым жыл ішінде бұл бағдарламаның шарттары 6 рет қаралды. Ал жалпы бөлінген 200 мил­лиард теңгеден сәл ғана асатын қаржының бес­тен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілер саны мен халық тұтынатын тауарлар импортының үлесі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Яғни, біз нақты мақсаттар мен міндетте­ме­лерді айқындап алмай, ақша бөле береміз. Бас­қаша айтқанда, атауы жақсы басқа бағдар­ла­малар сияқты «Қарапайым заттар экономи­ка­сы­ның» да сәтсіздікке ұшырау қаупі туындады, – деді Мемлекет басшысы биылғы 10 шілдеде өт­кен Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Бұлай дей­тін себебі, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі ин­дексінде 55-орында тұр. Үздіктер көшін Син­гапур, Ирландия және Ұлыбритания бастаған. Былтыр күнделікті өмірде тұтынатын тамақ өнім­дерінің 29 түрінің 23-і отандық өндіріс есе­бінен қамтамасыз ету 80 пайыздан, кейбір өнім­дер бойынша   100%-дан асты. Алайда біздің ел әлеу­меттік маңызы бар 6 тауар бойынша әлі күн­ге импортқа тәуелді. Алманың 62,9%, балық­тың 60,8%, шұжықтардың 62,0%, ірімшіктер және сүзбенің 57,0%, қанттың 46,6% және құс етінің 58,3% шетелден жеткізіледі. Сингапурмен салыстырғанда, жағдайымыз бен мүмкіндігіміз зор бола тұра,  6 тауарды шетелден импорттауымыз ақылға қонымсыз. Десе де, мұның бір себебін елі­міздегі әлсіз инфрақұрылыммен, логисти­ка­мен байланыстыратындар бар. Салдарынан мау­сымдық өнімдердің қажетті көлемін сақтау мүм­кін болмай қалады да, ішкі нарықта импорт өнімдер ұсынылады.  

100 сұрақтың 36-ы субсидияға қатысты мәселені қозғайды

Ауыл шаруашылығы саласының сарап­шы­лары егер саланы қаржыландыру тиімді жүр­гізілсе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімділікті арттыру, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, жаңа жұмыс орнын құруға әбден бо­лады деп санайды. Integrity astana коммер­ция­лық емес ұйымының жетекшісі, экономист Жа­нат Нұрғалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда саланы ті­келей мемлекеттік қолдау (сары себет) деңгейі  төмен. Жалпы, өнім құнына шаққанда субсидия  4-5 пайыздан аспайды. «Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының рұқсат етіл­ген деңгейінен айтарлықтай төмен. ДСҰ келісімі бойынша мемлекеттік қолдаудың шекті дең­гейі 8,5% болуы тиіс. Біз бұл бағытта Еуразия эко­номикалық ұйымындағы елдерден де артта тұр­мыз. 2015 жылы Беларусь Республикасында «сары себет» деп аталатын субсидия көлемі $ 1,5 млрд, Ресейде $ 3,3 млрд құрады», – дейді ол.  Сарапшы субсидияны салаларға бөлуде үл­кен тартыс жүретінін айтады. Бұған ережелер мен мәлімдемелерге енгізілген түзетулердің көптігі дә­лел дейді. еGov.kz порталының, азаматтық қо­ғам ұйымдары мен квазимемлекеттік сектор басшыларының блог-платформаларындағы ашық  деректерді талдау барлық аймақ үшін суб­сидия мәселесінің өзекті екенін көрсетіп отыр.  Мәселен, Integrity astana зерттеуі сала министріне жо­л­данған 100 өтініштің 36%-ы субсидияға қа­тысты мәселені қозғағанын анықтаған.  

Шикізат экспорты ШОБ-тың дамуына кедергі келтіріп отыр

Ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржы, оның ішінде субсидияға қатысты сын қаржының ірі холдингтерге бағытталуына қарата айтылады. Ал біздің елде 1 миллион 700 мыңға жуық жеке қо­сал­қы шаруашылық бар. Олар­дың өнімдері сауда нүктелерінде сатылмайды, қайта өңдеуге жі­беріл­мейді. Президент осы шаруа­шы­лықтардан мемлекет салық ал­май­тынын, салдарынан мұн­дай шаруа­шылықтарда жұмыс істей­тіндер іс жүзінде әлеуметтік жағынан қорғалмайтынын айтып, олардың өнімін супермаркеттер сөресіне жеткізуді тапсырғаны бар. Осы тапсырмадан соң Үкімет жетекшісі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын жаңартуды, сон­дай-ақ өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін 3,1 трлн тең­геге жеткізуді қамтамасыз ету үшін көктемгі дала жұмыстарына бө­лінетін қаражат көлемін 2 еседен астам көбейтуді тапсырды. Бұл тап­сырмада бағдарламада өсім­дік шаруашылығына басымдық берілетінін бағамдау қиын емес. Мұ­ның себебі өсімдік шаруашылығының ішкі жалпы өнімдегі үлесіне байла­нысты болса керек. Былтыр ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 5 триллион теңге болса, соның ішінде өсімдік шаруашылығының үлесі 2,8 трлн (немесе жалпы ауыл­шаруашылық өнімінің 54,7%), мал шаруашылығының үлесі 2,3 трлн (44,0%) теңге болды. Қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты соңғы бес жылда тұрақты түрде өскен. Мысалы, былтыр экспорт 5,9%-ға өсіп, 3,3 млрд дол­ларды құрады. Оның 70% астамы өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Осыны ескерген Үкімет өсімдік шаруашылығына басымдық берген сияқты. Бірақ сарап­шылар бұл бұрыс шешім деп санайды. «Осы тұста айта кету керек, ауыл­шаруашылық өнімдерінің 80%-ы шикізат ретінде, қайта өңдеусіз сатылады. Соның салдарынан был­тыр өңделген өнім экспорты 2018 жылмен салыстырғанда 20,7% тө­мен­деген. Қазақстан өсімдіктерді экс­портқа бағыттау арқылы шағын және орта бизнесті терең өңдеумен және мал шаруашылығымен ай­налысу мүмкіндігінен айырып отыр», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымы­ның кандидаты, The Last Hope қоғамдық бірлестігінің жетек­шісі Руслан Асаубаев. Оның пікірінше, өсімдік шаруа­шылығы шетел инвестициясы үшін жоғары басымдыққа ие, бірақ солай екен деп, бұл бағытпен кетуге болмайды. Себебі соңғы төрт жылда бұл саладағы инвестициялық кіріс жыл сайын 37% төмендеп жатыр. Егер 2015 жылы тікелей шетел ин­вес­тициясы 71,5 млн доллар дең­гейінде болса, 2019 жылы 10,1 млн доллар болды, яғни бес жылда жеті есе азайған. Сондықтан өсімдік ша­руа­шылығын импорт алмастыруға дайындау қажет. Себебі 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі орташа өнімділік гектарына 12 центнер болған. Сарап­шының пайымынша, бұл төмен көрсеткіш. Еліміздегі үш аграрлық облыс – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында субси­дия­ның 60 пайыздан астамы өсім­дік шаруашылығын дамытуға бағытталған. «Әрине, бидай өндірісінің тиімділігін растайтын жақсы мысал ретінде «ҚазАгро» холдингінің қызметін айтуға болар. Бірақ бұл салада да ескеруге тиіс бір жағдай бар: еліміздегі 117 агроөнеркәсіп кешенін қаржылық сауықтыруға 323,5 млрд теңге жұмсалғаны белгілі. Сол 117 агроөнеркәсіп кешенінің 63-і еліміздегі үш ірі компанияға тиесілі. Қаржылық сауықтыруға ие болған 37 субъекті «Алиби» ЖШС-ке, 20-ы «Казэкспортастыққа», ал 6-ы «Иволга» ЖШС-ке қарайды. Осылайша, біз үш ірі холдингке 270 миллиард теңге немесе жалпы қаражаттың шамамен 84 пайызын бердік. Осылайша, субсидияны тағы да ірі ойыншылар алып, ұпайын түгендеді», – дейді Руслан Асаубаев. Ол алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын жетілдірерде осы мәселеге көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Әйтпесе, шағын қожалықтардың жағдайы қожырап кетеді.  

Мал шаруашылығының болашағы қандай?

Бүгінгі таңда мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласына бөлінген субсидияның 48,1%-ын ғана алып отыр. Ал статистика мал ша­руа­шылығы өнімдерінің астық өнім­ділігімен салыстырғанда, анағұрлым тұрақты өсіп келе жатқанын көр­сетеді. Мысалы, ірі қара малдың жал­пы саны 2004 жылы 4 871,0 мың бас болса, 2019 жылы 8 205,5 мың басқа жетті. Ірі шаруа қожалықтарда 2002 жылдан 2019 жылға дейінгі мерзімде мал басы тиісінше 7,0-ден 9,1% -ке дейін өсті. Ал осы кезеңдегі мал өсімінің ең жақсы нәтижесі 4,5%-дан 35%-ға дейін жеке қосалқы шаруашылықтарда тіркелді. Көріп отырғанымыздай, жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басы қарқынды өскен. Бұл осы шаруашылықтарға назар аудару қажет екенін білдірсе керек. Әрине, мал шаруашылығы өнім­дерінің экспорты аз болып отыр. Се­бебі ішкі сұраныс жоғары болып тұр. Десе де, мал шаруашылығы өнімдері бес жыл бұрын экспорттың 0,36%-ын құраса, былтыр бұл көрсеткіш 5,9% көрсетті. Сарапшылар бұл деректің өзі Қазақстанда мал өсірудің болашағы зор екенін білдіреді дейді. Десе де, жеке қосалқы шаруашылықтарда ветеринарлық қадағалауды күшейтіп, жем-шөп базасын нығайтып, табиғи-климаттық жағдайға бейімдемесе, бәрі бекер болатынын айтады. Екі жыл бұрын Етті мал шаруа­шылығын дамытудың 2018-2027 жыл­дарға арналған бағдарламасы қабылданды. Әлеуетті фермерлердің жерге және жеңілдетілген несиеге қолжетімділігін жеңілдетуге арналған бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 100 бас малы бар 80 000 отбасылық ферма құру жоспарланған. Сонда 2027 жылға дейін 400 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз. Отбасылық фермаға негізделген, яғни қарапайым халыққа қолжетімді деген бағдарламаның қандай нәтиже берерін уақыт еншісіне қалдырамыз. Жалпы, шет ел тәжірибесінде кәсіп­керліктің кооперативті фор­масы басым және табысы төмен са­лаларды мемлекет тұрақты қол­дай­ды. Мысалы, Испанияда өн­діріс­тік кооперация тұтыну на­ры­­ғы­мен және әлеуметтік сала­­мен бай­ланыстырылған. Ол ел­дегі коопера­тивтердің дамыға­ны сондай, өз мектептері, ден­сау­лық сақтау орталықтары, тіпті зей­нетақы қорлары бар. Данияда АӨК коопера­тивтері азық-түлік ком­пания­ла­рының қатысу­шылары са­на­лады. Агроөнер­кәсіп кешенін дамыту­дың кооперативті тәсілі Ұлыбританияға да тән, онда фермерлердің 70%-ы ауылшаруашылық бірлестіктерінің мүшелері. Жалпы, мұндай тәжірибені 2016 жылы ауыл шаруашылығы министрі болған Асқар Мырзахметов енгізуге кіріскен. Ауылдағы жеке шаруашылықтарды өндірістік коопера­тивтерге біріктіріп, сүт, ет және т.б. өндіру мен сатуды жолға қоймақ болған. Бұл жерде халық­аралық тәжірибе мен халықаралық институттардың ұсыныстары ес­керілген сияқты. Себебі мұндағы ең маңызды фактор – өндірістік кооперативтер субсидияға, кепілсіз және төмен пайыздық несиеге қол жеткізеді. Бұл жеке кәсіпкерлер мен шағын өндірушілердің қы­зығу­шылығын тудырды: 2017 жылы сегіз аймақта 665 жаңа ӨК ұйым­дас­тырылды. Олар тұқымды трансфор­мациялау бағдарламасына қатысып, аналық бас үшін 18 000 теңге, асыл­тұқымды бұқа сатып алу және күту үшін 250 000 теңге субсидия алды. Қаржылық қолдау қоры арқылы қондырғы алу үшін кепілсіз несиеге ие болды. Алайда 2017 жылдың соңында А.Мырзахметов қызметінен алынғаннан кейін ауылшаруашылық кәсіпорындарын дамыту төмендей бастады. Тек биыл 17 шілдеде асыл­тұқымды мал шаруашылығын да­мыту­ға, мал шаруашылығы өнімі мен өнімділігін арттыруға субси­дия берудің жаңа ережесі бекітілді. Ал мұның жеке қосалқы шаруа қожалықтарын қаншалықты жарыл­қайтынын алдағы уақыт көрсетеді. Жалпы, ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, ендеше бұл саладағы жалақы төмен болмауы тиіс.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ