Жинағы бар адамның қиналғаны жөн емес
Жинағы бар адамның қиналғаны жөн емес
245
оқылды
Алайда дүрбелеңге түскен халықтың арыны арқырай аққан өзенге ұқсап кеткен-тін. Жұрт: «бірінші жетпесем, қордағы ақша таусылып қалады» деп шуласты. Өйткені осының алдында 42 500 теңге әлеуметтік төлемақы тара­тылғанда, министрдің өзі МӘСҚ-те осы шараға арналған қаржы түгесілгенін жариялағанын ел ұмытқан жоқ. Адамдар тасқынын зейнетақы қоры да еңсере алмады. Ішке кіре алмай, ұйымның ғимараты сыртында шуласқан жұрт кө­шеде өтіп бара жатқан өзге жүргін­ші­лердің көңілінде мазасыздық туғызғаны жасырын емес. Әрине, қазіргі кезде бұл «толқу» біраз басылды. Қазақстандықтар ақпарат құралдарынан зейнетақы жинағын үлестіру тек 2021 жылы ғана басталатынын білді. Дегенмен ығы-жығы халықтың алаң­даушылық пен айғай-шуға бой ұруы жаңа жылда қайта басталмасына кепіл жоқ. Жұрттың бәрі жоғары жақтағылар мақұлдаған мезетте БЖЗҚ-дан рұқсат етілген барлық ақшасын кез келген жол­мен алып кетуге дайын отыр. Оның ара­сында тіпті сол жинаққа күні қарамаған ауқаттылар да бар. «Қалай ойлайсыз, зейнетақы жина­ғын алып қойғаным дұрыс па? 1 миллион теңгедей алуыма болады екен» деп сұ­рады кеше блогер, PR-менеджер Ә.Елікбаевтан 142 мың жазылушысының бірі. «Алып кеткеніңіз дұрыс! Ол миллион сізге дәл қазір көбірек пайдалы болады. Зейнетке шыққанша одан не қалар дейсіз. Мен мысалы, 1997 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеймін. БЖЗҚ-дағы жинағымда шамамен 30 миллион теңге жатыр. Оны жылжымайтын мүлік сатып алуға бағыттауды жоспарлап отырмын», – деді Әлішер Елікбаев еш ойланбастан. Ол әрине, баспанасыз емес: кең сарайдай үйі барын айтады. Кедей емес: аккунт­тарында орналастыратын жарнамадан жылдық табысының 70%-ын табады. Қалған 30%-ын Astana Group пен ChocoFamily-ден жалақы түрінде алады, сондай-ақ Tutti Frutti және «Farш» ком­панияларындағы үлесінен кіріс көреді.  

Қарапайым халық не ойлайды?

Бұқара өкілдерімен тілдескенде білгеніміз: COVID-19 індетінің, мемлекеттік шектеулердің, әлемдік дағдарыстың үш жақты соққысының астында қалып, қаусаған халық зейнетақы жинағына шын зәру. Сонда ол қаржыны баспана мәсе­лесін шешуге, емделуге жұмсай алар еді. Айжан Кеулімқош қор жинағын берсе, оны қайда бағыттайтынын біледі. «5 жылдан бері пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін. Зейнетақы жи­нағым қолыма тисе, оны бас­па­наның бастапқы жарнасына енгізер едім. Толық емес отбасы­данмын. Ешбір мемлекеттік бағ­дарламаға сәйкес келмеймін. Аз қамтылған отбасы санатына да жат­паймын», – дейді ол. Айнур Самаддинқызы зей­нет­ақы жинағы осы күрделі шақта елдің тұрмысын түзеуге үлкен сеп бо­ларына сенімді: «Биылғы наурыздан бері жұ­мыссыз қалдым. Табыс табу қиын­дады. Жұмыс табу осынша күрделі болады деп ешқашан ойламаппын. Көп адамның мерзімі өтіп кеткен заемдары бар, төлеуге ақшасы жоқ. Жұмыс жоқ, табыс жоқ. Мен 2007 жылы ұзақ мерзімге тұрғын үй кре­дитін алғанмын. Қа­ражат болма­ғасын, амалсыздан ипотеканы ке­піл­сіз кредит ретінде қайта рәсім­деуге тура келді. Жасым қырыққа таяп қалды. Бүкіл өмірім кредитпен өтетін болды. Артық ештеңе сатып ала алмаймын. 13 жылдан бері еш­қайда саяхаттап шықпаппын. Жа­лақыны жалақыға әзер жалғау­мен болдым. Бүгінде ол да жоқ. Билік болса, аз қамтылған және көп­балалы отбасыларға ғана қара­сып отыр», – дейді ол. Түркістан облысының тұрғыны Ахмет Нысанбаев өз зейнетақысына баласы мен келінін жеке отау қы­лып, бөлек шығаруды қалайды. «Ұлым Алматыда резидентураны аяқтауда. Жалпы жиынтығында 10 жыл оқыды. Хирург, травматолог, ортопед маманы болып шығады. Келінім екеуі 3 немере сыйлады. Ынтымағы ұйыған мерейлі отбасы. Ұлым Алматыда пәтер жалдап тұ­руға мәжбүр. Оның отбасы негі­зінен, менің үйімде тұрады. Қалада баспана жалдауға көп шығын­да­латынын байқап жүрмін. Алма­ғайып шақта отбасын асырау да оңай емес. Жұбайым екеуіміздің біршама зейнетақы жинағымыз бар. Мемлекет заң жүзінде рұқсат етсе, соны қосып, ұлыма пәтер сатып әперуге көмектесер едік. Үйі жоқ маманның күйі қайдан келсін», – дейді ол.  

Қор қасіреттен құтқара ма?

Артем Братцев ІІ топтағы мерзімсіз мүгедек, І типті қант диа­бетімен ауырады. «Дертім ауыр жүруде. Им­му­нитеттің төмендеуі кесірінен өкпем қабынды, түберкулезбен сырқат­тандым, басқа да әртүрлі ке­сел жамалды. Қос аяқты кесіп тас­тады. Әзірше тек арбамен қоз­ғаламын. Протездеуді күтіп жүрмін. Жақында денсаулық жағ­дайым нашарлап кетті. Ампу­тациялаудан кейін қалған аяқтың жұрнағындағы (культя) жара жазы­лар емес. Диабет салдарынан көру және есту қабі­летімнен айырыла бастадым. Ка­рантин кесірінен азаматтық некедегі әйелім жұмысын жоғалтты. Енді шұғыл емдеу қажет етілуде. Әйтпесе, дәрігерлердің айтуынша, реампу­тация жасау керек болады. Бұл жамбасымды бөлшектеп, толық ампу­тациялауға соқтырады. Ондай жағдайда протез аяқтарды пайда­лана алмай қаламын» деп тұнжы­райды А.Братцев.   Ол сұрау сала келе Қазақстанда мұны бірде-бір клиника емде­мейтінін біліпті. Ресейдің Ново­сібіріндегі ауруханамен тексерілу және емделу туралы ауызша келі­сімге келген. Бірақ ол үшін қар­жы керек. Оны табудың басқа жолдарын іздестіріп көріпті: мысалы, банктен кредит алуға ниеттенген, банкирлер бас тартыпты. «Мемлекеттен көмек сұра­май­мын. Менің зейнетақы қорында қордалаған жинағым бар. Шамамен 3 миллион теңге. Мүгедек ретінде оны қазірден алуға құқылымын. Соны 13 жыл бойы ай сайын 19 мың теңгеден төленетін төлем ретінде тағайындады. Ал ақша шұғыл қажет. Жарты жыл ішінде емделуге кіріс­песем, барымнан айырылып, кескен томарға айналуым ықтимал. Емдел­сем көру қабілетімді, про­тезбен қозғалу мүмкіндігін сақтаймын. Қоз­ғала алмайтын, бұтына жібе­руден басқа амалы жоқ жарымжан жанға айналғым келмейді. Мемле­кетке де масыл боламын: әлеуметтік қызметшіге, күтушіге шығындалуға тура келеді, қосымша шығын шы­ғарады. Егер маңдай теріммен тапқан жинағымды пайдалануға рұқсат етсе бұдан құтылуға болар еді», – дейді ол.    zeynetaki 1 Елорданың жас тұрғыны Нұрлан екінші жыл қатарынан ҰБТ-да жоғары балл жинай алмапты. Ақы­лы оқуға түсуден басқа шарасы жоқ. «Министр Нұрымбетовтың ау­зынан анық-қанығын ести алма­дым. Өзімнің зейнетақы жинағым жоқ. Оның орнына ата-анамның, туыстарымның БЖЗҚ-дағы жина­ғын жоғары білім алуға жұмсай аламын ба? Осыған мүмкіндік берсе. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген. Маман болсам, жұмыс істе­сем, қайтарамын ғой. Университет бітірмесем, дені дұрыс компания жұмысқа алмайды, болашақ бұлың­ғыр болады. Әке-шешемнің үмітін ақтағым келеді, құрдымға құлағым келмейді», – дейді Нұрлан. Светлана Юхно зейнетақы жи­нақ­тарын баспана алумен немесе емделумен шектеуге қарсы. «Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қоры 42 500 теңге әлеу­меттік төлемақы төледі. Сол үшін билікке үлкен рахмет. Бүгінде төлем төлеу тоқтатылды. Жұртта дәрі-дәр­мек, тіпті азық-түлік алатын қар­жы қал­май барады. Несие бермей жатыр. Көшеге шығып, қол жаюға, қайыр­шы болуға арым жібермейді. Жұмыс жоқ. Бұл бетіммен зейнет жасына жетпейтін түрім бар. Ен­деше мемле­кет шын қамқорлық көр­сеткісі келсе, БЖЗҚ-да жина­ғымыздың бір бөлігін қалдырып, артып қалғанын әлеуметтік төлем ретінде өзімізге берсін», – дейді С.Юхно.  

Бір-біріне сенбейді

Кәсіпкер Еркемұрат Толыбай БЖЗҚ-дағы жинағы кіріс әкелмей, босқа жатқанына қапалы. Биліктің білікті басқарушы екеніне сенбейді. «Негізі, бұл қаражатты басқа­руды азаматтардың өзіне беру керек еді. Әрине, елдің бәрі қаржы жөнінен сауатты емес. Қорда тек мем­лекеттің басқаруына сене­тін­­­дердің қаржысы қалсын. Әйт­песе, ай сайын қомақты қаражат ауда­­рамыз. Өсу орнына кейде ондаған мың теңгеге кеміп қалғаны анық­талады. Қор оны инвес­тициялаудың теріс нәтиже көрсеткенімен түсін­діреді. Яғни, банкрот болған Әзір­байжанның халықаралық банкінің акциясы секілді әлдебір «өтімді құн­­ды қағазға» салған жинағымыз кейін «күйіп» кеткен. Мен өз жина­ғымды анағұрлым табысты құрал­дарға инвестициялай аламын. Мысалы, 2015 жылғы қазанда 1 Бит­коин 500 доллар ғана тұрды. Егер азаматтар жинағын крип­товалю­таға салғанда шетінен байып шыға келетін еді, өйткені бүгінде, 7 қыр­күйекте 1 биткоин 10 мың 148 дол­лар тұрады», – дейді бизнесмен. Мемлекет зейнетақы жинағын пайдалануда көптеген шектеу енгіз­гелі отыр. Мысалы, ол жинақ иесі­нің қолына берілмейді. Емделсе – ауруханаға, үй алса – банкке ау­дарылады. Аударудан бас тартуы да мүмкін. Беру-бермеуді мемлекет шешеді. Осылайша, билік бір жағы­нан халықтың жинақты тиімді жұм­сайтынына сенбейтінге ұқсайды. Бәлкім сенім білдірген жөн болар? Сарапшылардың мәліметінше, зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй мәселелерін шешу, емделу немесе қаржы компанияларына басқаруға беру жөніндегі жоба тұжырымдамасы 90%-ға ғана дайын. Сондықтан жыл соңына дейін ары қарай пысықталады. Талай қызу пікірталасқа тамыздық болады. Бұл мәселе Президент тапсырмасымен өткен жылдан бері талқыға салы­нуда. Бастапқыда Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігі тек 100 мыңдай азаматқа ғана артық жинағын алуға рұқсат етуді ұсынды. Мұндай жартыкеш қадам қоғамның қатаң сынына ұшырады. Сол себепті азаматтардың зейнет­керлікке шық­қаннан кейін орташа өмір сүру ұзақ­тығы кемітілді. Осы­ның есебінен ен­ді жаңа қолдау ша­ра­сымен 7 есе көп – 721 мың адамды қамту көзде­луде. Жобаны жүзеге асыру жұмы­сының қатысушысы, экономист Олжас Құдайбергенов осының өзін азсынады. –Үкімет БЖЗҚ-да басы артық жатқан қаражаттың тек жартысын ғана қиып отыр. Қазақстандықтарға артық жинағын тегіс жұмсауға мүм­кіндік беру керек. Бұл ретте баспана мәселесін шешу бірінші орында тұрғаны жөн. Себебі елдегі наразы­лық акциясының көбі үйсіз­дік пен жұмыссыздықтан бастау алып жата­ды, – деді экономист. Жинақты баспана алуға бағыт­тауда да кілтипан жетерлік. Мәселен, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға нысаналы пайдалану бойынша уәкілетті опе­ратор ретінде «Отбасы банк» (Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі) бекі­тілетіні мәлімделді. Яғни, қара­жат тағы да тек осы банк арқылы өтеді. Азамат құрылыс компания­сына жинағын тікелей аудара алмайды. Үкімет осы арқылы сақ­тық танытып, аяғын аңдап басып отыр. Зейнетақы ақшасы алаяқ құрылыс компания­ларының қалтасында кетіп қал­мауын мақсат тұтады.  

Өз күніңді өзің көр

Дамыған елдерде азаматтарға зейнетақы жинағын емделуге, үй алуға, оқуға шығындауына жол ашық. АҚШ тұрғындары зейнет­ақы қорлары арқылы өз жинағын қала­ған компанияның акциясына сала алады. Әйтсе де, оның теріс жағы бар: егер компания банкрот болса, зейнет­ақы жинағы да жойылып кетеді. Associated Press дерегінше, 2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде амери­калық зейнетақы қорлары 2 триллион доллар жоғалт­ты. Салда­рынан ондаған мың зей­нет­кер зейнетке шығуды кейінге қал­дыруға немесе ауқатты кәрі­лік­пен қош айтысуға мәжбүр болды. Нәтижесінде егер 1985 жылы аме­рикалықтардың небәрі 18%-ы ғана 60 жастан кейін жұмыс істеуін жалғастырса, 2006 жылдан кейін бұл көрсеткіш 29%-дан асыпты. Алдағы он­жылдықта зейнеткер-жұмыс­керлер қатары 5 еседей өседі деп болжануда. Сингапурде азаматтар баспана алу үшін зейнетақы жинағын қо­тарып алып кете алады. Тиісінше, ол енді мемлекеттен зейнетақы дә­мете алмайды. Азамат қартайған шағын­дағы қажеттілігін өтеу үшін көздел­ген ақшаны қазір жұмсап тастағалы тұрғанын түсінетінін көрсетіп, келісімге қол қояды. Айт­­қандай, ізінше азамат ол бас­панасын сатса, онда алып қойған зейнетақы ақшасын өсім­ақы пайызы­мен бірге мемле­кетке қай­таруға міндетті. Әйткен­мен, жаңа жылжымайтын мүлік алғысы кел­се, сол қайтарған қар­жы­сын үсте­ме­ақысымен қоса тағы да алып кетуге құқығы бар. Осы арқылы әр азамат өз тағдыры үшін өзі жауап­кершілік арқалайды.  

Елдос СЕНБАЙ