АҚШ – Германияның, Ресей Украинаның ықпалын азайтпақ па?
Nord Stream, яғни «Солтүстік құбыр» туралы біз не білеміз? Бұл – Солтүстік Еуропа құбырының Балтық теңізінің табаны арқылы өтетін газ құбыры. Дәлірек айтсақ, Ямал-Еуропа газ құбыры жүйесі тарамдарының бірі саналады. Жобаға Германия, Ресей, Нидерланд және Франция қатысады. Бұл бастамаға әу бастан-ақ газ транзиті өтетін мемлекеттер, Балтық жағалауы елдері мен АҚШ қарсы шықты. Бірақ 2010 жылы құрылысы басталған құбыр аяқталуға шақ тұр. Бұл газ құбырын салудағы мақсат Еуропа нарығына көбірек газ тасымалдау мен транзиттік елдердің ықпалын азайту еді. Жалпы, бұл жоба – әлемдегі газ экспортының теңіз табанымен жүріп өтетін ұзындығы ең үлкен құбыр. Осыған дейін Германия мен Ресей OPAL газ құбырын Еуроодақтың үшінші энергопакетінен шығаруға тырысқан еді. Оған сәйкес, газ құбырының 50 проценті үшінші тарапқа берілуі керек. Ал Ресейдің «Газпромы» OPAL құбырын толтыруы тиіс Солтүстік еуропалық құбырдың жалғыз газ тасымалдаушысы болып тұр. Әрине, мұнда Ресейдің басты мүддесі – қыруар қаржыға кенелуден бөлек, Еуропаны «газ инесіне» ұзақ мерзімге отырғызу болса, тағы бір көзге көрінбес мақсаты – Украинаның газ тасымалындағы транзиттік ел ретіндегі рөлін азайту. Тіпті, болашақта оның территориясынан өтетін жолдарды айналып өту. Ресей үшін тағы бір тиімді тұсы – Атлант мұхиты арқылы танкерлермен Еуропаға газ тасымалдайтын АҚШ ықпалын әлдеқайда төмендету мүмкіндігі. Батыс сарапшылары АҚШ-тың өз мүддесі бар дейді. Олардың Германияны Еуропаның ең ірі газ хабы ретінде мойындауы қиын, яғни, америкалықтар бұл қызметті бірнеше мемлекетке бөлу арқылы мүдделер балансын сақтап отырмақ ниетте. Болжамдарға сенсек, 2030 жылы Еуроодақтың табиғи газ импорты 512 млрд шаршы метрге дейін артуы керек. Ресейдің газ кен орындары қосымша газ импортының төрттен бір бөлігін қамтамасыз ете алады. Бүгінде Еуропа елдерінің жасыл экономиканы барынша қолдап, әсіресе Париж конвенциясындағы талаптардың орындалуына атсалысып жүргені белгілі. Бұл орайда табиғи газдың қоршаған ортаға тигізер зияны да аз. Мәселен, табиғи газ көмірқышқыл газын аз шығарады. Оның үстіне, бұл зиянды газды 50 процентке артық шығаратын көмірден әлдеқайда тиімді. Сондықтан климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ конвенциясымен үндесетін еуропалық бағдарламалардың да талап-міндеттеріне сай келеді.Еуропарламент қандай шешімге келді?
Бейсенбіде Еуропалық парламент Ресей саясаткері Алексей Навальныйдың жағдайына байланысты отырыс өткізді. Еуропарламентке тиісті резолюция қабылдау туралы бірнеше депутаттық топтан ұсыныстар түскен болатын. Атап айтсақ, «Жасылдар – Еуропалық Еркін альянсы (оған 705 депутаттың 67-сі кіреді) Навальный басқарған Коррупциямен күрес қорының тергеулерінде аты аталған саясаткерлерге қарсы жеке тұлғалық санкциялар қолдануды ұсынып отыр. Сондай-ақ резолюция жобасында Украинаны аттап өтетін «Солтүстік құбыр – 2» жобасының құрылысын тоқтатып, Ресейді Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының құрамынан шығару туралы бастамалар бар. Бұдан тыс әсіре солшылдардың депутаттық тобы Навальныйдың улануын айыптаса да, бұл істі Германия үкіметінің Ресеймен бірге тергеу қажетін сөз етеді. Сондай-ақ Мәскеумен жақсы қарым-қатынасты үзбеуге кеңес береді. Еуропарламент депутаттары Алексей Навальныйдың ісі бойынша тәуелсіз тергеу жүргізу қажет дейді, сонымен қатар Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді қолдап отыр. Нәтижесінде, еуродепутаттар РФ-тің Солтүстік еуропалық газ құбырын тоқтату туралы резолюциясын қабылдаған еді. Әрине, депутаттардың резолюциясы қазірше ақыл-кеңес ретінде жарияланып отыр. Бұл құжатты қолдап 532 депутат дауыс берген, 84 депутат қарсы болса, 72 депутат қалыс қалған. Бұдан бөлек резолюцияда Еуропалық одақ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қайта қарау, Мәскеуді халықаралық аренадан, оның ішінде Үлкен жетілік форумдарынан аластату сияқты бастамалар бар. Ал саясаткерге қатысты істі БҰҰ, Еуропа кеңесі, Еуроодақ, Химиялық қаруларды жою ұйымының аясында тергеу ұсынылып отыр. Еуропарламент 21 қыркүйекте өтетін Сыртқы істер министрлері кеңесінің бұл істе нақты мығым позицияны ұстанып, Ресейге қарсы шектеу шараларының жылдам қабылдануын талап етуде. Резолюцияға сәйкес, Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры анықтаған коррупциялық қылмыстарға қатысы бар тұлғалардың еуропалық активтерін бұғаттап, қатал санкциялық механизмдерді қосу бекітілген.Ресей не дейді?
Ресейдің Мемлекеттік Думасы Еуропаның «жазалау әрекеттеріне» сын көзбен қарап отыр. Жалпы, ресейлік саясаткерлер үшін Навальный қатардағы блогер болып саналса, Еуропа үшін ол Немцовпен бір қатарға қойылатын, үлкен саяси оппозиционер. Әрине, Кремль де істің насырға шабатынын күтпесе керек. Қазіргі жағдай ресми Мәскеуді де мазалап отыр. Мемлекетттік Дума өкілдері еуропарламенттің резолюциясын Батыстың «русофобиялық саясаты» деп бағалап отыр. Сондай-ақ бұл мәселе РФ-ның ішкі ісіне араласу деп мәлімдеді. 17 қыркүйек күні Алексей Навальныйдың Instagram-аккаунтында Томскідегі қонақүй нөмірінде қалған бөтелкенің ішінде «Новичок» тобына жататын удың табылғаны жарияланған болатын. Ресей басылымдары «Новичок» химиялық қаруын ойлап тапқандардың бірі Леонид Ринктің мәлімдемесін жарыса жазуда. Онда химия ғылымының докторы «егер удың бөтелкеден табылғаны рас болса, онда оны ұстаған адамдардың бәрі қайтыс болар еді» деп мәлімдеген сыңайлы. Риа Новости келтіріп отырған мәлімдемеде Ринк «кез келген химиялық зертханада адамды улайтын зат шығару оңай ғой» депті. Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымы Алексей Навальныйдың қан талдамасының нәтижесін Германияға жақын арада ұсынуы тиіс. Бірақ Ресей жағы бұл ұйымның жұмысына да сынмен қарайды. Оның үстіне, Ресей билігі үлкен геосаяси бастама – «Солтүстік құбыр-2» жобасының басқа-басқа, дәл Навальный ісінің кесірінен тоқтап қалғанын қаламайды. Бұл тұста Ресей жағы бұл ұйымның Сириядағы жұмыстарын еске түсіреді. Олардың пайымынша, кезінде бұл ұйым Асад үкіметінің өз халқына қарсы химиялық қару қолданғаны жайлы жалған ро-ликтер түсірген. «Ақ каскалардың» сириялық плацдармде фактілерді ашық бұрмалауға жол бергенін де алға тартады. Сол себептен бұл ұйымның мәлімдемелеріне сеніммен қарауға болмайды деген ұстанымда. Соған қарамастан, еуропалықтар бұл ұйымның Навальныйға қатысты зерттеу нәтижелерін күтіп отыр. Егер Ресейдің әлі де химиялық қаруды оппозицияға қарсы қолданып жүргені анықталса, бұл істің жақсылықпен бітпесі анық. Екіжақты текетірес экономикалық, саяси дау-жанжалға ұласып отыр. Кәрі құрлықтың алдында да екі таңдау: не адам құқықтары мен демократия жеңіп, газ құбырына қатысты мегажоба аяқсыз қалады, не Еуропа экономикалық, экологиялық маңызды жобаны жалғастырып, Навальный ісінде тек жеке саясаткерлерге қарсы санкциялармен шектелуі бек мүмкін.Кәмшат ТАСБОЛАТ