АҚШ сауда министрлігі Қытайдың американдық азаматтары туралы ақпарат жинауына қарсы күрес шарасында TikTok және WeChat қосымшаларын жүктеу мүмкіндігін бұғаттады. Бұл туралы Aikyn.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтей отырып хабарлайды.
АҚШ сауда министрлігі АҚШ аумағында TikTok және WeChat қосымшаларын App Store және Google Play арқылы жүктеуге тиым салды.
Бұл тиым Қытай тарапынан американдық азаматтардың жеке деректерін жинауымен байланысты деп түсіндірілуде.
Сондай-ақ, ел президенті Дональд Трамп бұл шешімнің күшін жоя алады. Егер де компания АҚШ жерінде өз жұмысын жалғастырғысы келсе, американдық серіктестермен келісім шартқа отыруы керек.
TikTok қосымшасы әртүрлі эффектілерді пайдалана отырып, бейнелерді жылдам режимде түсіруге және орнатуға мүмкіндік береді. Қысқа уақыт ішінде TikTok бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да танымал болды.
АҚШ пен Қытай арасындағы келіспеушілікке байланысты Дональд Трамп 2-ші тамыздан бастап бұл қосымшаны АҚШ-та қолдануға тиым салатынын айтты. Көптеген американдық саясаткерлер алаңдаушылық білдіріп, TikTok ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп мәлімдеді.
Қазақстан билігі аталған екі желіні бұғаттауды жоспарламады. Себебі бұл біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмейді. Айта кетейік, TikTok желісінің қолданушылары Қазақстанда күн санап артып келеді.