Ермұхамет Ертісбаев: Праймериз – революциялық идея!
Ермұхамет Ертісбаев: Праймериз – революциялық идея!
275
оқылды
«Nur Otan» партиясы ұйымдастырып отырған праймериздің ақтық сыны жақындады. 1 қазанда дауыс беру басталады. Осы орайда белгілі саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері, ұзақ жыл биік лауазымдарды атқарған Ермұхамет Ертісбаев «Azattyq Rýhy»-на берген сұхбатында праймериз туралы пікірін білдіре келе, Мәжіліс сайлауына дайындықтың егжей-тегжейіне тоқталды. Оның байламынша, көшбасшы партияның праймеризіне қоғамда ынта-ықылас зор. – Себебі, біріншіден, бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі мүлдем жаңа, үйреншікті емес құбылыс. Былтырғы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы идеяны жариялағанда шыны керек, менде оған қатысты біршама күмән болды. Өйткені бұл шын мәнінде революциялық идея еді. Себебі, «Nur Otan» монополист партия саналады: Мәжілісте, Сенатта, барлық жергілікті билік органдарында негізінен соның өкілдері отыр. Демек, ол жетеріне жетіп, әлдебір тұйыққа тірелгендей болған. Оны сілкінту, қуатты түрде дүр сілкіндіру қажет-тін. Бұған партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды, – деді Ермұхамет Қабиденұлы. Ол партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің праймеризді ұйымдастыру бағытында іргелі, қуатты жұмыс жүргізгенін ерекше атап өтті. «Соның арқасында партия биылғы жылы көз алдымызда жандана, жаңғыра бастады. Менің білуімше, тіпті екі жүз мыңдай мүшесі партия қатарынан шығарылды. Оның орнына жаңа адамдар ағыны тасқындай құйылды. Праймериздің мәні де осында: бұрын партия мүшесі болмаған жаңа, жасампаз адамдар қатарға қосылуда. Басқа саяси партиялар «Nur Otan»-ға бәсекелес бола алмай жатыр, осындай саяси бәсеке жоқ кезде қазіргі партияішілік бәсекелестік қоғамның зор қызығушылығын тудырды. Енді барлығы ертеңгі күнді асыға күтіп отыр. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дауыс беруге қатысуға ниетті. Партия Лидерінің кімге дауыс беретіні де қызықты», – деді ол. Е.Ертісбаев дауыс беру кезінде сайлаушыны не қызықтыра алатынын атады. – Әрине, сайлаушылар сайлауалды бағдарламаның мазмұнына ерекше көңіл бөлетін болады. Кандидаттың халық алдында өзін қалай ұстап, қалай сөйлейтініне де көп нәрсе байланысты. Осы орайда мен көптеген қатысушылардың дебаттан бас тартқанына таңғалдым. Жуырда 700-800 адам праймеризден шеттетілді. Бұлай болмайды ғой. Саясатқа құлаш ұра отырып, дебаттан, ашық пікірталастан қалайша бас тартуға болады. Бұл өзіңді өзгеге тыңдатудың жалғыз мүмкіндігі емес пе?! Сондықтан партия басшылығының бұл адамдарды праймеризге қатысудан шеттету туралы шешімі дұрыс. Өткен жылғы қыркүйекте мен ұзақ жылғы дипломатиялық іс-сапардан кейін Қазақстанға оралдым. Ашық айтайын, көңілімде біраз күдік болды. Бірақ бүгінде көңілім марқая отырып, атап өткім келеді: сайлауға дейін 3 ай қалғанда «Nur Otan» айқын фаворитке айналды. Өйткені өзге саяси партиялар праймериз ұйымдастырмақ түгіл, ұйымдастырушылық-саяси тұрғыда кадрлық жаңғыртуды да өткізіп жатқан жоқ! – деді Ермұхамет Ертісбаев. Ол «Nur Otan» партиясының жақтаушылары лигасы жайын тілге тиек ете кетті: «Лигаға негізінен партияның жақтаушылары саналмайтын адамдар кірді, олар партияның орталық органдарында қызмет атқармайды. Бұл жақсы болды, ол Лиганың кейбір өкілдерімен жеке таныспын. Олар «Nur Otan»-ды ұната қоймайтын, алайда соған қарамастан мұның реформаларды жүзеге асыра алатын жалғыз партия екенін көрді. Сол себепті олар жақтаушылар Лигасын құрды. Бұл – алдағы парламенттік сайлауда кезекті жеңіске жету үшін партияға қуатты қосымша қолдау», – деген пікірде саясаткер. Оның пайымдауынша, праймеризде дауыс берушілер өте көп болады. Мысал ретінде ол саясат десе елеңдеп отыратын таныстарының көбі тиісті интернет-тұғырнамаға тіркеліп те қойғанын хабарлады. Оның үстіне ондағы технологиялар жалған дауыс беруге, берілген дауыстарды өзгертуге ешқандай мүмкіндік бермейді. «Барлығы да тағатсыздана күтуде. Іс жүзінде бұл – парламенттік сайлаудың репетициясы. Дәл осылайша, келесі жылғы қаңтарда бүкіл еліміз көлемінде Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтеді. Бауыржан Байбектің барлық облысты аралап шыққанын білемін, ол тіпті Қазақстанның әрбір ауданында болып қайтты, партия белсенділерімен және саяси өрістен алыс жүрген, бірақ саясатқа қызығушылық танытатын адамдармен әңгімелесті. Ендеше ертеңнен бастап үш күн бойы жақсы дүрлігіс болады деген ойдамын», – деді Е.Ертісбаев. Ол өз тағдырын анықтауы үшін қарапайым халыққа сайлауға барынша белсене қатысуға кеңес берді. Таңдау жүректен шығуы және саналы болуы керек. Ресейде, Беларусте, Таулы Қарабақта, ТМД-ның өзге елдерінде не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Қазақстанда саяси мәдениет қалыптасты. Олай болса, азаматтарымыз эволюциялық процесс аясында елімізді ары қарай алға ілгерілете алатын партияға және кандидаттарға дауыс береді деген сенім бар. «Әрине, бұл наразы электорат тегіс «Nur Otan»-ға дауыс беруі қажет деген сөз емес. Бұған қатысты Президент Қ.Тоқаевтың ұстанымы өте нақты. Ол оппозиция міндетті түрде Парламентте ұсынылуы тиіс деді. Осы мақсатта тіпті арнайы заң қабылданды. Ол оппозицияның заң шығарушы органда ұсынылатынын кепілдендіреді. Дегенмен, Ұлт көшбасшысының партиясы праймериз арқасында Мәжіліс пен мәслихатта жай ғана ұсынылып қоймай, мүлдем жаңа әрі сапалы деңгейге шығады», – деді Ермұхамет Қабиденұлы. Дұрысында, жаңа депутаттық корпус Үкіметке, атқарушы билікке проблема түзуі, оның бас ауруына айналуы тиіс. Ол халықтың мәселесін өткір қойып, оның шешімін талап етуі қажет. Бізде шенеуніктер сын көтермейді. Министрлер елден іргесін аулақ салған, жабық. Осы бағытта қандай да бір өзгерістер қажет-ақ. – Бұл өте күрделі мәселе. Себебі, Үкімет дегеніміз де басым көпшілігінде «Nur Otan»-ның мүшелері. Сәйкесінше, олар бірыңғай режимде жұмыс істеулері тиіс. Министрлер жабық болмауы керек. Бірақ сіз айтып отырған түйткілдің де қалыптасқаны шындық. Өте өкінішті, әрине. Болашақ Мәжілісте және тиісінше болашақ Үкіметте өзара ықпалдастықтың басқа режимі орнағанын қалаймын. Олар Н.Назарбаев айтқандай, «бір режимде, бір ағзадай жұмыс істеуі» керек. Сонымен қатар депутаттық корпус атқарушы билікті, әсіресе, оның мемлекеттік бюджетті шығындауын қатаң бақылауға алуы қажет, – деді саясаткер. Ол Үкіметтің пандемия кезеңінде екі рет Ұлттық қордан орасан зор ауқымда ақша алып, экономиканы қолдауға жұмсағанына назар аудартты. «Депутаттардың міндеті әрбір тиынның нысаналы, дұрыс бағытта жұмсалуын қадағалаумен, сыбайлас жемқорлықтың өрісін тарылтумен шектелмеуі керек, Парламент коррупцияның түп-тамырымен жойылуына қол жеткізгені жөн. Мен жаңа Парламент алдына қойылатын міндеттерді санамалап шыққым келмейді. Әйткенмен, сіздің сұраққа жауап бере отырып, мынаны айтпақпын: ешқашан бір орында тұрып қалуға болмайды. Парламент пен Үкіметтің жұмыс режимі мүлдем жаңа, сапалы деңгейге шығуы тиіс», – деп түйді Ермұхамет Ертісбаев.

Айхан ШӘРІП

https://www.youtube.com/watch?v=i2-DE1KOPOU&feature=youtu.be&ab_channel=%D0%90%D0%B7%D0%B0%D1%82%D1%82%D1%8B%D2%9B%D1%80%D1%83%D1%85%D1%8B%2F%D0%90%D0%B7%D0%B0%D1%82%D1%82%D1%8B%D0%BA%2FAzattyqruhytv