Тарихи шегініс. Таулы Қарабақ – КСРО тарағанға дейін Әзербайжан құрамында автономиялы облыс болып келген жер. Алайда халқының басым бөлігі армяндар еді. 1989 жылғы санақ бойынша, армяндар 76%, әзербайжандар 21%-ды құраған. Қазір тек армяндар тұрады. Қос тарап та «жер менікі» деп түрлі тарихи дәлелдер келтіреді. Қарабақ атауы әзербайжан тілінен шыққаны мәлім. Ал армяндар оны Арцах деп атайды. Бұл аймақты IV ғасырларда армян тайпалары мекендеген. Кейін парсы патшаларының қарамағына өткен. Кавказ Албания патшалығы да иелік еткен. Ал татар-моңғол шапқыншылығы басталған соң өңірде түркі тайпалары басшылық орнатқан. Осы кезден бастап Қарабақта мұсылмандардың билігі жүреді. 1502-1722 жылдар аралығында Сефевидтер патшалығы әмірін жүргізді. Бұл патшалықта исламның шииттік бағытын ұстанды. Ал 1747-1822 жылдары Қарабақ хандығы өмір сүрді, оның басшылары мұсылмандар болатын. Кейін Ресей империясының құрамына кіріп, жұтылып кетті. Ресейде билік басына большевиктер келген соң (1918-1920 жж.) қос ұлт арасында аталған өңірге қатысты соғыс жүрді. Бірақ 1930 жылдары Таулы Қарабақ Әзербайжан құрамында қалды. Тек 1980 жылдардың соңында қайта құру кезеңі басталғанда Қарабақтағы армяндар Бакуге бағынудан бас тартты. Ал КСРО тараған кезде 1992-1994 жылдары жүрген қарулы күрес нәтижесінде Таулы Қарабақ тәуелсіз, мойындалмаған республикаға айналды. Алайда де-факто Армения бақылауына көшті.
Қайта тұтанған соғыс. Соңғы қақтығыс 27 қыркүйек күні басталды. Оқ атуды қай ел бастағаны белгісіз, екі жақ та біз қорғанудамыз деп мәлімдеді. Армения жаппай, Әзербайжан жартылай мобилизация жариялады. Қақтығыс нүктелері негізінен Әзербайжан мен Таулы Қарабақ шекарасы бойында жүріп жатыр. Дегенмен жағдайды бағалауға екі елдің ақпараттық пропагандасы кедергі. Себебі олар таратқан деректердің рас-өтірігін анықтау қиын. Бір-бірінің ақпарын жоққа шығарып келеді. Мәселен, Армения Түркияның F-16 жойғыш ұшағы армян армиясына қарасты СУ-25 ұшағын жойғанын хабарлап, Анкараның соғысқа тікелей араласып отырғанын жария еткісі келді. Дегенмен Баку мен Анкара бұл жалған мәлімет екенін жеткізді. Бұдан бөлек, қос тарап та қарсыласының біраз танк, бронетехникасын жойғанын жариялап жатыр. Оларды да тексеру қиын. Өз кезегінде 1 қазан күні Армения қарсыласының 1 тікұшағын жойғанын жеткізді. Іле-шала Әзербайжан «ақпарат жалған, бүкіл әуе техникамыз дін аман» деп мойындамады.
Екі ел де өзінің мерейі үстем екенін дәлелдеу үшін дроннан түсірілген видеоларды дәлел ретінде таратуда. Әсіресе, Әзербайжан Түркияның «Байрактар» әскери дронының шабуылын жиі жариялайды. Бір видеода әскери жүк көліктерінің колоннасын бомбаласа, басқа видеода 122 мм Д-20 гаубицаларының көзін жойғанын паш етті. Соңғы мәліметтерге қарасақ, Бакудың біраз жетістігі бар сияқты. Әзербайжан әскері Кавказдағы биік шыңдардың бірі Муровдагты (3 340 м), бірнеше елді мекендерді басып алған. Жақында олар Арменияның 2,3 мың сарбазын, 130-ға жуық әскери техникасының көзін жойғанын мәлімдеді. Өз кезегінде Армения Әзербайжанның 790 әскерін жойып, 137 танкісін ойрандағанын жеткізді. Жоғарыда айтқанымыздай, қос тарап та ақпараттық пропаганданы үдеткен соң бұл деректердің ақ-қарасын анықтау қиын.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Бұл жолы Әзербайжанның қимылы ширақ, шабуылы қуатты. Себеп аз емес. Осыған дейін армиясын күшейтті. Түркияның қолдауына ие болды. Жазда Түркиямен бірге әскери жаттығулар өткізген. Енді үйренгенін практикада қолдануда. Өйткені 27 қыркүйектен бері Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Бакуды толық қолдайтынын ресми мәлімдеді. Біршама әскери техника жібергені де жасырын емес. Әзербайжан тек түрік техникасын ғана емес, Израиль өнімдерін де белсенді қолдануда. Олардың қатарында SkyStriker, Harpy шабуылдаушы дрондар бар. Ол Армения әскери күштерінің құрамындағы ресейлік техникаға қарсы қолданылуда.
Геосаяси тәуекел. Жалпы, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үшін Армениямен кез келген қақтығыс геосаяси сынақ деуге болады. Себебі Армения территориясында Ресейдің 102-әскери базасы орналасқан. Ондағы ресейлік сарбаздар Ереванды қорғауға әп-сәтте қосылып кетуі мүмкін. Сәйкесінше, Әзербайжан Ресейді де өзіне қарсылас етіп алу мүмкіндігі жоғары. Оған қоса, Армения мен Ресей ҰҚШҰ ұйымы аясында одақтас. Яғни, Мәскеу осы негізде-ақ Ереванға қорған бола алады. Бұдан бөлек, осы жолы Ресеймен арақатынасы күрделі болып тұрған Түркияның дрондарымен қақтығыс барысында ресейлік әскери техниканы жоюы да Мәскеуге ұнай қоймасы анық.
Бұл қақтығыста тыныш жатса да, әлі ұстанымын көрсетпеген тағы бар фактор бар. Ол – Иран. Армения мен Әзербайжан да парсы елімен шекаралас. 27 қыркүйектен бері атылған бірнеше снаряд Иран территориясына түсіп кетіп жатты. Тегеран осыған орай қос тарапқа «оқтарыңа ие болыңдар» деген мәндегі ресми ескерту жасады. Бір қарағанда, шииттік Иран шиизмге біртабан жақын Әзербайжанды (65-85%) қолдауы тиіс сияқты. Оған қоса, Иран халқының 16 пайызы – әзербайжандар. Бірақ бауырым деп қолдап кететін парсылар жоқ. 29 қыркүйекте Иран территориясынан Арменияға аттанып бара жатқан жүк көліктер колоннасын жергілікті әзербайжандар өртеп жіберген. Олар көліктерде армяндарға арналған қару бар деп ойлаған. Алайда Иранның Сыртқы істер министрі бұл мәліметті жоққа шығарды. Жүк көліктерінде шын мәнінде не болғаны әзірге белгісіз.
Бұл жолғы әзербайжан-армян қақтығысының тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жалдамалы күштер. Батыс медиасы Түркия Сириядағы соғыста тәжірибе жиған жалдамалы сарбаздарды Әзербайжан күштеріне көмектесуге алып келді деп жазды. Өз кезегінде Түркия «Армения жалдамалы күрдтердің күшіне жүгінді» деп айыптап отыр. Ал түріктер күрд халқымен ХХ ғасырдан бері күресіп келе жатқаны мәлім.
Сөз соңы. Жер дауы, дін дауы оңай шешілетін күрмеу емес. Әдетте, қос тарап та соңғы демі қалғанша күресіп, қантөгіс бірнеше жылға, декадаларға ұласады. Таулы Қарабақ кикілжіңі де осы тұжырымды дәлелдеп келеді. Алайда жақында Арменияның премьер-министрі Н.Пашинян Таулы Қарабақ «құқығы кең автономиялық облыс» мәртебесінде Әзербайжан құрамына оралса, соғыс өртін мәңгілікке өшіруге болар еді деген пікір айтты. Кім біледі, бұл да бір шешім шығар, алайда оған Армения парламенті, халқы, түптеп келгенде Таулы Қарабақ жұрты келісе ме?