Дін мен криминал несімен жұп?
Діни теріс идеология мен криминалдық субмәдениетті табыстырған ортақ нәрсе – бүгінгі қоғамнан оқшаулануға үндейтін ұстанымдары сияқты. Екеуі де қоғам мен заңды мойындамайды. Бірі заңды белден басып, тайраңдап жүргісі келсе, келесісі құқықтық практикаға өздерінің шариғатын ұсынады. Яки криминалды тарап Конституциямызда жазылған құқықтық мемлекет екенімізді, әсіредіншілдер тобы зайырлы мемлекет екенімізді жоққа шығарғысы келеді. Сол себептен де елімізде теология институтын енгізу өзектілігі туындады. Шетелде діни білім алу шектеліп, теолог мамандарды өзімізде дайындау міндеті қойылды. Ал 2017 жылы Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты түзеу мекемелерінде жаңадан 2 теолог штаты ашылды. Осы тұстағы мәселелерді екшеп, штатты ашуға Парламентке, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ұсыныс жазған философия ғылымдарының докторы Ерболат Қайнар болатын. Ол бұл жұмыстарды әлі де болса жетілдіре түсу қажеттігін айтады. «Менің ұсынысым бойынша аға инспектор және инспектор штатына дінтанушы мен шығыстанушы мамандығын бітірген адамдар алыну керек болатын. Бірақ 90 пайыз заңгер және психолог мамандар қабылданды. Тіпті, кейбір мекемелерде адам таба алмауына байланысты басқа лауазымда жүрген мамандарға жүктелді. Көп жерде әйел қызметкерлер алынды. Академияны жаңа бітірген курсанттарды тағайындаған оқиға да кездесті. Оған қоса, теолог мамандар режимдік, жедел және қадағалау жұмыстарына да жұмылдырылды. Бұл – әуелгіде көзделген діни оңалту мақсатына қайшы. Өйткені біріншіден, теолог маман діни сауатты болуы керек. Ол жазасын өтеушінің діни көзқарасын өзгерте алуға қабілетті болуы қажет. Екіншіден, ол азаматтық тұлға болуы тиіс. Өйткені криминалды субмәдениеттің ықпалындағы адам нысанды киіммен жүрген құқық қорғау қызметкеріне ашыла қоймасы анық», – дейді ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Жалпы заң пәндері кафедрасының бастығы, полиция майоры Ерболат Ерланұлы. Әрине, бұл кемшіліктер еліміздің мұндай жағдайға бірінші рет ұшырап отырғанымен байланысты. Қылмыстық атқару саласында діни бағыттағы жұмыстар – жаңашылдық. Мәселен, осындай тәжірибесіздіктен бастапқыда түзеу мекемелерінде мешіттер ашылып, бес уақыт намаз оқуға да рұқсат етілді. Бұл – Конституцияда жазылғандай, демократиялық ұстанымдарды сақтау үшін жасалған қадамдарымыз еді. Бірақ радикалды идеология бұл толеранттықты әлсіздік деп қабылдады. Сондықтан да біріншіден, мемлекеттік саясатқа, екіншіден, режимдік тәртіпке сәйкеспейді, тіпті қайшы келген соң тыйым салынды. Сол секілді теология мәселесінде де тәжірибе жинақтау керек. «Бұл салаға діни қызметкерлерді тарту қиындау болып тұр. Біріншіден, әскери міндеттемесі жоқ адамдар тек еркін жалдамалы негізде алынады. Оның еңбекақысы мардымсыз. Ал аттестациядан өтуге діни білімі барлар ықылассыз. Екіншіден, арнайы контингентпен жұмыс істеуге кез келген адам шыдас бере алмайды. Үшіншіден, Ислам дінінде әйел ер адамнан кейін тұрады, уағыз айтпайды және намазын да бөлек оқиды. Сондықтан мұнда әйел қызметкерлерді қоюға болмайды. Болмаса әйелдер колониясына тағайындау қажет. Осы мәселелердің бәрін шешіп, жұмыстарды жаңаша жүргізу қажет, – дейді полиция майоры. Жалпы, діннің теріс талқылануы және әсіредіни пиғылды ұстанушылар санының өсуі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 2007-2008 жылдан бастап сезіле бастады. Ал одан кейінгі елді шулатқан оқиғалар теологияның өзектілігін айшықтай түскен. 2009-2012 жылдары бас бостандығынан айыру орындарында діни теріс көзқарастағы тәртіпсіздіктер жиіледі. Соның ең бір ушыққан шағы 2010 жылы Маңғыстау облысындағы ГМ-172/1 түзеу мекемесінен 21 жазасын өтеушінің қаруланып, қашып кету оқиғасы. Тергеу іс-шаралары бұл әрекетті діни теріс жолдағы сотталғандардың қылмыстық субмәдениетті ұстанушы топ пен олардың бостандықтағы сыбайластарымен бірге жоспарлап жасағанын анықтады. 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе қаласында әсіредіншіл 27 адамның қару сататын дүкенге және әскери бөлімшеге шабуыл жасаған оқиғасы да, «Жусан» операциясымен елге жеткізілген 22 ер адам, 137 әйел мен 357 баланың тағдыры да осы мәселенің тізбегінде.Теология – зайырлы идеологияның елшісі
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы 31 қаңтарда халыққа жасаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық қабілеттілік» атты кезекті Жолдауының бесінші басымдылығының үшінші реформасында: «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажет. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуы тиіс. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет» деп атап өткен болатын. Ендеше бүгінде түзеу мекемелеріндегі теология қызметі бірте-бірте жанданып келеді. ҚАЖ департаменті, ҚМДБ, Дін істері басқармасы арасында үшжақты арнайы жоспар бекітілген. 1 жылға арналған сол жоспарға сәйкес жұмыстар жүруде. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлық түзеу мекемелерінде жеке-жеке діни мамандар мен тақырыптар белгіленіп қойылған. Әйтсе де, мұндағы дәрістер көп ретте ауызша уағыз түрінде өтеді. Бұрын теолог қызметін атқарып, бүгінде жедел бөлімге ауысып кеткен әділет капитаны Сағдат Дюсекеев дін мамандарының әрбір пән бойынша сабақтарын басынан аяғына дейін оқытатын жүйелі жоспары болғаны дұрысырақ екенін айтады. «Бізде имамдар бір келгенде ата-анаға қатысты, келесі келгенде ақида туралы, одан кейін фиқһ, тағы бірде басшыға қатысты әртүрлі тақырыпта ауызша уағыз айтып кетеді. Ал жаңа келген сотталушылар толық түсінбеген соң қалғанын қасындағылардан сұрап жүреді. Сөйтіп, басын имамнан, аяғын сотталғаннан алады. Шала білім содан шығады. Сол себепті бұл жұмысты арнайы жоспарлы сабақ ретінде өткізіп, сотталғандарға жаздырып отыру керек. Сонда ұмытып қалғанда қайталап отыруына мүмкіндік болады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ҚАЖД ЕЦ-166/1 мекемесінің жедел уәкілі, әділет капитаны Сағдат Серікұлы. Жазасын өтеушілер арасындағы дін мәселесін сырттан маман тартып шешу уақытша әсер беретіні анық. Абзалы – олармен тікелей жұмыс істейтін маманның болғаны. Сол себепті теолог мамандарды қызметке шақыруға арналған кәсіби бағдарлау жұмысын дұрыс ұйымдастырып, арнайы діни мамандарды дайындайтын оқу орындарымен тығыз байланыс орнату қажет. Оған қоса, қызығушылық тудыру үшін бұл лауазымды аттестаттаудан алып тастау керек. Аға инспекторды әділет майоры, инспекторды әділет капитаны шеніне дейін жоғарылатып, аталған шеннің қаражатын жалақыға қосқандағы деңгейімен теңестіру қажет. Арнайы діни мамандығы бар тұлғалардың қызметке тұру барысында құқық қорғау органдарының тиісті заңдарынан тест тапсырудан босатқан дұрыс. «Ішкі істер саласында жұмысқа алынған адамның 3 айлық курстан өтуі қарастырылған. Осы ретте заңгер немесе психологті осындай біліктілік курсына жіберіп, дін қызметкері ете алмасымыз анық. Ал діни сауаты бар адамды 3 айда түзеу мекемесіндегі жұмыстың қыр-сырымен таныстырып шығуға болады. Мұндағы бір тиімділік – осы. Екінші айтарым, теолог жазасын өтеушілер арасында «теріс діннен қайт» деп үгіт-насихат жүргізбеуі тиіс. Ол тек олардың әрбірінің психологиялық портретін жасайтын агент ретінде жұмыс істеуі керек. Оның берген мәліметтері бойынша жазасын өтеушімен тәрбие бөлімі айналысуы тиіс. Сонда мұндағы жұмыс жемісті болады деп ойлаймын. Сонымен қоса бүгінгі таңда теолог мамандардың ортақ қызметтік міндеттемелері жоқ. Осы жағы да ойластырылса», – дейді Қайнар Ержанұлы.Нұрлан ҚОСАЙ