Албания мен Грецияның екі ер азаматы есірткінің үлкен партиясын таратқаны үшін алты жарым және бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар 50 келі кокаинді банан контейнерінде Эквадордан Норвегияға тасымалдаған. Скандинавияға бара жатқан жолда Германия полиция қызметкерлері есірткінің үлкен партиясын байқап қалады. Алайда қылмыскерлердің түпкі мақсатын білу үшін, оны картоп ұнына ауыстырып, діттеген жеріне жібереді. Бұл туралы норвегиялық әріптестеріне хабарлап, ескертіп қояды.
Күдікті есірткі сатушылар Ослодағы жүк портында пакеттерді алып, велосипедтерімен кетіп қалады. Көп ұзамай оларды қала орталығында полиция қызметкерлері құрықтайды. Тұтқындаудан кейін жолы болмаған есірткі сатушылар кінәсін мойындады. Қылмыстарын мойындағаны үшін екі азаматтың жазасы жеңілдетілді.