Келісімнен соң атыс қызды
Негізі, екі жақ келісімнің орындалмағаны үшін бір-бірін айыптап жатыр. Алайда Армения жағының Әзербайжанның екінші ірі қаласы Гәнжаны атқылағаны анық болды. Сарапшылар гуманитарлық мақсат үшін уақытша атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген сәттен бастап-ақ атыс басталғанын айтады. Оның үстіне Армения тарапы Таулы Қарабақ аймағына кірмейтін қала мен елді мекендерді атқылаған. Бұл жағдайға байланысты Әзербайжан сыртқы істер министрі арнайы мәлімдеме де жасады. «Атысты гуманитарлық мақсатта тоқтату режимі күшіне ене салысымен, Әзербайжанның Агдам және Тертер аудандары Армения қарулы күштері тарапынан зеңбірек оғына ұшырады. Арменияның қарулы жасақтары осыдан бірнеше сағат өткен соң Гадрут және Жәбраил бағытында шабуыл әрекетін жасады. Армения қарулы күштерінің Суговшан аумағында армян солдаттарының мәйітін жинап жүрген ақ ту тігілген санитар машинасын атқылауы нәтижесінде бір медициналық қызметкер ауыр жарақат алды. 11 қазан күні майдан шебінен алыс орналасқан, көлемі бойынша Әзербайжанның екінші үлкен қаласы Гәнжа Армения қарулы күштері тарапынан ракеталық шабуылға ұшырады. Шабуыл нәтижесінде 7 азамат қаза тапты, араларында балалар да бар, 34 адам жарақат алды» делінген мәлімдемеде. Бұл жағдай Таулы Қарабақ аймағындағы соғыстың әлі де біраз уақытқа созылуы мүмкін екенін аңғартады. Алайда «не себепті әскери күші жеткілікті Әзербайжан келісім жасауға көнді?» деген сауал көптің көкейінде қалды.Әзербайжан дипломатияға да жол қалдырды
Жалпы, әскери қуаты әлдеқайда жақсы Әзербайжанның атысты уақытша тоқтатуға келісуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, ресми Баку халықаралық қауымдастық алдында соғысқұмар мемлекет ретінде көрінгісі келмейтінін байқатты. Сонымен қатар ұдайы Таулы Қарабаққа қатысты БҰҰ қабылдаған резолюциялардың орындалуы қажет екенін алға тартумен келеді. Бұл өз кезегінде Әзербайжан елі әрекетінің халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келетінін көрсетеді. Екіншіден, ресми Баку Оңтүстік Кавказдағы Ресейдің ықпалын да ескерген сыңайлы. Ресейге батыс мемлекеттері қанша санкция салғанымен, оның Кавказдағы ықпалы әлі де болса сақталып отыр. Сондықтан Әзербайжан Мәскеу тарапының ұсынысынан бас тарта алмады. Әрі келіссөзден бас тартпауға Түркияның да қолдауы әсер етті деп білеміз. Өйткені Түркия Әзербайжанды ашық қолдап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ресми Баку Мәскеу келіссөздерінің нәтиже бере қоймайтынын біле отырып, дипломатиялық тәсілден бас тартпады. Бұл өз кезегінде Илхам Әлиевтің сәтті қадам жасағанын көрсетеді. Ал келісім талаптарының бұзылуы Мәскеудің бірқатар жоспарын өзгерткен тәрізді. Ең алдымен, Таулы Қарабақ мәселесі бойынша құрылған Минск тобынан Франция мен АҚШ-ты ысыруды көздеген Ресей саясаты жүзеге аспады. Одан соң Армения арандату әрекетін жасау арқылы Ресейді де, Францияны да ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ал бұдан өз кезегінде Түркия мен Иран ұтып отыр. Парсылар әуе кеңістігін жабу арқылы Арменияға қару тасымалына тосқауыл қою арқылы Әзербайжан халқының көңілін аулай да білді. Ал Түркия онсыз да аймақта өте ықпалды. Осылайша, түріктер мен парсылар Кавказда ыңғайлы позицияға қол жеткізуге талпыныс жасап жатыр. Арменияға келсек, бейбіт халыққа, Әзербайжанның екінші ірі қаласына оқ жаудыру арқылы олар халықаралық қауымдастық алдында айыпты болып қалуы мүмкін. Алайда армян лоббиі оған жеткізбеуі де мүмкін екенін естен шығармау қажет. Тіпті, Ереванның келісім талаптарын бұзуға тәуекел етуінің артында оны астыртын жақтаушы күштердің де ықпалы тұрғандай көрінеді. Айталық, Мәскеу келісімі толық орындалып, екі жақ оқ атуды тоқтатқан жағдайда Францияның Кавказдағы арағайындық миссиясының құны түсер еді. Демек, қазір Таулы Қарабақ аймағы көрші отырған мемлекеттер арасындағы кикілжің емес, ірі державалардың геосаяси ойындарының алаңына айналды. Әйтпесе, екіжақты оқ атуды тоқтатуға мәжбүрлеуге супердержавалардың күші жетер еді.Кімнің шығыны мол?
Әрине, әскери қақтығыстардың зардабы мол болатыны жасырын емес. Бірінші кезекте соғыстан бейбіт халық зардап шегіп жатыр. Сонымен қатар соғыс дегеніңіз – орасан зор материалдық шығын. Мұндай жағдайда қазынасында қаржысы бар мемлекеттер ғана соғысты аз шығынмен аяқтауы мүмкін. Дегенмен қираған әрбір техника мен нысанның бағасы орасан зор екенін ескеру керек. Мәселен, «Смерч» қондырғыларының әрбірінің құны – 12,5-13 млн доллар. Пилотсыз ұшатын аппараттың құны 2 млн доллар шамасында. С-300 зениттік зымыран кешендері дивизионының құны 150-250 млн доллар шамасында. Ал мұндай техникалардың біразы қирағанын ескерсек, ұрыс екі жақтың экономикасына да ауыр соққы болуы мүмкін. Дегенмен Армения ауыр зардап шегетін болады. Әрі қару қолданған сайын екі халықтың бір-бірін жек көруі тереңдей бермек. Қанды кек сақталған жерде көршілердің тату болуы қиындамақ. Екіншіден, бірқатар мемлекеттердің стратегиялық жобаларына да бұл соғыстың кері әсері болуы мүмкін. Әсіресе, көмірсутегі өнімдерін тасымалдауға арналған ірі жобаларға зиян келетін болса, Әзербайжан мен Армения ғана емес, Еуропаға да жанама әсер ететін болады. Еуропа елдері үшін ең қауіпсіз тасымал жолдары ретінде Ресейдің құбырлары қалатын болса, Мәскеуге санкция салудан ешкім ұтпайды. Одан бөлек, контейнер тасымалына арналған бірқатар бағыт Әзербайжан арқылы өтеді. Шілдеде де, жуырда да Армения тарапы халықаралық теміржол және құбыр орналасқан аймақты атқылады. Бұл жағдай өз тауарын Еуропаға түрлі тәсілдермен өткізуді қалайтын Қытайдың да құрылықтағы жүк тасымалына қатысты көзқарасын өзгертуі мүмкін. Тасымал жолдарының бойында біреулер соғысып жатса, несі жақсы дейсіз?! Сондықтан «Бір жол – бір белдеу» жобасының бағыттарына түзетулер енгізілсе таңғалмаймыз. Онда бұл бағыттың жолдары оңтүстікке қарай ауатын болады. Демек, Қытай –Еуропа транзитінен пайда көрмек болып отырған Қазақстанға да жағымды бола қоймайды. Қысқасы, соғыстан аймақтағы көптеген ел азды-көпті зардап шегеді. P.S.Таулы Қарабақтағы оқиғалар ХХІ ғасырда аумақтық тұтастықты сақтаудың әлі де өзекті екенін көрсетіп тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та аумақтық тұтастыққа қатысты БҰҰ резолюцияларының сақталуы қажет екенін айтқан. Мұны әзербайжан халқы Қазақстан басшысының қолдауы деп бағалады. Бірақ БҰҰ резолюцияларының 30 жылға жуық орындалмауы халықаралық ұйымдардың беделі түскенін де көрсетеді.
Амангелді ҚҰРМЕТ