Тарихи шолу. Орыс жылнамалары патша әскерінің Оңтүстік Қырғызстанды 3 жылда жаулап алғаны туралы дерек келтіреді. Егер алауыздық болмағанда, мыңжылдық тарихы бар қырғыз халқы оңай берілмейтін еді. ХІХ ғасырда қырғыз жұртын басқарған Алымқұл Асан-бий уулу Орталық Азияға билік еткен Қоқан хандарының сый-құрметіне бөленген, «эшик-ага» атанған тұлға болыпты. 1862 жылы Қоқан хандығының тізгінін Сұлтан Сейіт алғанда, Алымқұл жас ханның жақын кеңесшісіне – аталыққа айналады. Осы тұста Ресей Қоқан патшалығына қарсы жойқын жорық бастады. Қоқан армиясына жетекшілік еткен Алымқұл Шымкент түбіне дейін жетіп, патша әскерін талқандаған. 1865 жылы Ташкент түбінде орыстарға қарсы жанқиярлықпен соғысқан Алымқұл аталық қас дұшпанды кері шегінуге мәжбүр еткен. Осы кезде-ақ патша жансыздарымен сөз байласқан жасауылдардың бірі ұлтын сатып, ұрыс үстінде 36 жасар аталықты арқасынан атып кетеді. Алымқұл ауыр жарақатынан көз жұмды. Көсемінен айырылған қырғыз жауынгерлері қаша жөнеледі. Орыс әскері Оңтүстік Қырғызстанды, ізінше Өзбекстанды Ресей империясының құрамына қосты. Кейіндері басқыншыға қарсы бірігіп, одақтасу туралы ұсыныспен қырғыздарға барған қазақ ханы Кенесарының тағдыры не болғанын білесіз.
Оқиға қайталанбасын делік. Бірақ Ресей саясаттанушылары қырғыз жеріне әскер кіргізу мәселесін талқылауда. Украинаның оңтүстік-шығысын тартып алып, «Малороссия» құру жөніндегі Мәскеудің жобасын жүзеге асырған Игорь Стрелков Қырғызстанды «қорғау» керегін айтыпты. «Ресей соңғы 6 жылда сыртқы саяси майданымызда туындаған бірде-бір проблеманы шеше алмады» деп аһ ұрады қаскөй.
Әрине, ҰҚШҰ-ға Қазақстан да кіреді, ресми Нұр-Сұлтан бөтен әскердің қырғыз ағайын жерінде тайраңдауына жол бермес, ондай шешімді бұғаттар. Алайда одан да қорқынышты мәселе бар: елден тұрақтылықтың кеткенін, күйзелістің бітер түрі байқалмайтынын ұғынған инвесторлар ойрандалған республикадан теріс айналуда. Бұл бейберекетсіздіктің кесірі бүкіл Орталық Азияға тиюі мүмкін. Қырғыз Республикасының экономика министрлігі 2020 жыл қорытындысында ЖІӨ 10%-ға құлайды деп болжап отыр. «Құмтөр» алтын өндіру кәсіпорны дағдарса, құлдырау одан да терең болады. Елдің бұрынғы премьер-министрі (2018-2020) Мухаммедкалый Абылғазиев көлеңкелі экономиканың үлесі 43%-ға дейін барады дейді. Биылғы 7 айда Қырғыз елі экспортының жалпы көлемі 1,129 млрд долларды ғана құрады. Экономика құлдырай берсе, халықтың тұрмысы төмендейді, оның ар жағында кезекті төңкерістің құлағы қылтиюы ғажап емес.
Осы ауанда Сооронбай Жээнбеков кеше Бішкекке қайтадан әскер кіргізді. Қырғыз Республикасы президенті ел астанасында 12 қазан күні сағат 20.00-де төтенше жағдай жариялап, қалаға қарулы күштер құрылымдарын қаптатты. Төтенше жағдай 19 қазанға дейін жалғасады. Мемлекет басшысы осының алдында да төтенше режимге қатысты шешім қабылдаған, алайда ел парламенті 3 күн бойы ол мәселені қарамай қойды. Президент жарлығына сәйкес, қырғыз қарулы күштерінің бас штабына Бішкек аумағына әскери құрылымдарды және әскери техниканы енгізіп, блок-бекеттер ұйымдастыру жүктелді. Бұл шаһарда қарулы қақтығыстарға жол бермеу, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін қажет көрінеді.
Сирия, Ирак, Ливия секілді соғыс ошақтарына тән мұндай көрініс енді шетелдік саяхатшыларды үркітуде. Ендеше қырғыз ЖІӨ-сінің 5,6%-ын бір өзі құрап отырған туризм саласы құрдымға кетеді деп болжауға болады. Саладағы табыстың 90%-ға дейін кемитіні болжанып отыр.
Елде лаң басталғанда парламент төрағасы Мықтыбек Абдылдаев отставкаға кетті. Соның кесірінен көрші ел парламентаризм дағдарысына ұшырай жаздады. Қырғыз парламенті мемлекеттілік ұстындарын сақтап қалу үшін әзер дегенде депутаттар кворумын жинай алды: 10 қазандағы кезектен тыс жиында депутаттық корпус оппозициялық саясаткер Садыр Жапаровты елдің жаңа үкімет басшысы етіп тағайындады. Сондай-ақ жаңа министрлер кабинетінің құрамы мен құрылымын жасақтады. Жапаров үкімет құрамын түбегейлі өзгертпейтінін мәлімдеді. Кадр жетіспейді. Расында, ескі министрлер орнында қалды. Тек вице-премьер міндетін уақытша атқарған Еркін Асрандиев әрі қарай қызметін жалғастырудан бас тартты. Сонымен қатар ІІМ басшысы Кашкар Джунушалиев тағынан тайды. Оның орнына өзі отырып алған Алмаз Орозалиев Бішкекте коменданттық сағат енгізді.
Сарапшылар С.Жээнбеков те іс басындағы президент болып қалғанымен, билігінің үлкен бөлігінен айырылғанына назар аудартады. Осыны пайдаланып, бұрынғы мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев өз ықпалын күшейтуге тырысуда. Бүліктің алғашқы күні жақтастары оны абақтыдан шығарып алған. Көп ұзамай, 10 қазанда ұлттық қауіпсіздік органдары қайта құрықтап, қамап тастады. Атамбаевтың жазасы да ауырлай түспек: оған Бішкекте жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айып тағылатын болады.
Сайлау жөніндегі орталық комиссия Жаңа жыл мерекесіне дейін жаңа парламент сайлауы өтетінін жариялады. Оппозиция оған 4 қазандағы сайлауда ең көп дауыс жиған 3 жетекші партияны жібермеуді талап етуде. Сондай шешім қабылданса, өзара алауыз әлсіз партиялар елді қай жарға бастары белгісіз. Қырғыз елінің болашағы бұлдыр.
«Мен болашақ анамын, аманшылық болса, 3 аптадан кейін ұл туамын. Ешбір ана баласын «саяси мүдделер қақтығысының құрбаны болсын» деп тумайды. Тоқтаңыздар! Түсініңіздер! Лауазым мен орынтаққа таластан да маңызды жұмыстар бар! Өмір біреу, саясаткерлер көп. Елді талауға тастамаңыздар!» деген көшедегі шеру қатысушысы Зарина Мәкеннің осы үндеуінде терең даналық тұнғандай. Енді соны ұғынар көшбасшылар болсын делік.