Италияда Перуджиге жақын Нортоше атты ауылда екі қарт ер адам ғана тұрады. Енді мұнда қатаң карантин жарияланды. Сондықтан қарттар енді маска тағып, бір метрден кем емес арақашықтық сақтауға мәжбүр, – деп хабарлады CNN.
82 жастағы Джованни Карилли өзінен сұхбат алған тілшіге коронавирустан қатты қорқатынын айтқан, өйткені вирус жұқтырса, оған күтім жасайтын тірі жан жоқ. Оның 74 жастағы көршісі Джампьеро Нобили бүкіл елде жарияланған карантин олардың ауылдарында міндетті шара екенін айтқан.
Олар екеуі де зейнеткер, сонымен қатар алыс туыстар екен. Карилли қой бағып, жүзім өсіреді. Нобили өз қолынан сәндік бұйымдар жасағанды ұнатады екен.
Бір кездері Нортошеде көп адам тұрған, алайда 90 жылдары жер сілкінісінен кейін олар Рим мен басқа да қалаларға көшіп кеткен. Соңғы жылдары ауылда осы екі қария қойлармен және итпен бірге тұрады екен. Олар туыстарымен кездесу үшін ауылды анда-санда тастап кететін көрінеді.