«Елбасы кубогы» жеңімпаздары анықталды
«Елбасы кубогы» жеңімпаздары анықталды
161
оқылды

«Nur Otan» партиясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырып, Нұр Cұлтан қаласы әкімдігі қолдау жасаған «Елбасы кубогы» республикалық турнирі Алтын Орданың 750 жылдығы, әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, сондай-ақ тәуелсіз елдің Ата заңына 25 жыл толуына арналды. Бәйгеде еліміздің әр аймағынан келген 100-ден аса жүйрік жарысты.

Бәйгенің ашылу салтанаты мен марапаттау рәсіміне қатысқан «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев еліміздегі ең қуатты саяси ұйым үшін ұлттық спорт пен өнерді қолдау басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. «Nur Otan» партиясы ұлт руханиятының, мәдениетінің, соның ішінде ат спортының да жанашыры. Бұл – біздің партиямыздың саяси доктринасында көрсетілген үлкен бағыт. Сондықтан бұл шараға партия өз тарапынан үлкен қолдау көрсетті», – деді А.Қырықбаев. Сонымен қатар ол мұндай шаралардың жалғасын таба беретінін, елордада ғана емес, өңірлерде де ұйымдастырылатынын айтты. Партия хатшысы өз сөзінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да ат спортына мән берілгенін, қазақ халқының жылқы жануарын жаһанда алғаш болып қолға үйретіп, кейін сәйгүліктермен бірге қайнасып кеткенін атап өтті. Дегенмен коронавирус пандемиясына байланысты ат спорты мерекесі карантиндік шараларды ескере отырып ұйымдастырылғанын да тілге тиек етті. Яғни, шара барысында көрермендердің арақашықтық сақтауына, олардың мейлінше аз келуіне ұйымдастырушылар мүдделі болған. Ал жарысқа оралар болсақ, жорға жарыс 7 шақырым, құнан бәйге 9, кіші аламанның жүйріктері 16 шақырымды межелесе, аламанның атойлатқан аттары 25 шақырымда өзара үздікті анықтады. Жорға жарыс бойынша (7 шақырым) 1-орынды «Филипс» атты Петропавлдан келген 7 жасар тұлпар иеленді. 2-орынды Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған «Реваншқа» бұйырды. 3-орынды «Эдельвейс» атты Ақмола облысының қара торы сәйгүлігі алды. Құнан бәйге бойынша 1-орын «Талхиз» атты Алматы облысынан келген 2 жасар байталдың еншісінде кетті. Жүлделі 2-орынға Алматы облысының намысын қорғаған 2 жасар ағылшындық жүйрік «Бабур Амир» лайық деп танылды. Үздік үштікті Алматы қаласынан келген құнан «Заманай» түйіндеді. Кіші аламан бәйгесінде (16 шақырым) Алматы облысынан келген таза қанды 3 жасар байтал «Қарлығаш» үздік деп танылды. Ал «Ақшолпан» атты маңғыстаулық 5 жасар байтал 2-орынды қанағат тұтты. Алматы облысының 5 жасар жүйрігі «Беріктас» бәйгеден үшінші келді. 4-орын Алматы қаласынан бәйгеге қосылған 4 жасар таза қанды байтал «Әсемайда». Аламан бәйгеде 1-орынды Қарағанды облысының таза қанды 3 жасар айғыры «Бақторы» иеленді. 2-орын Алматы облысынан келген 5 жасар байтал «Қасиетке» бұйырды. Ақмола облысының 4 жасар жүйрігі «Керіауыз» бен Алматы облысынан бәйгеге қосылған 5 жасар таза қанды айғыр «Үшқоңыр» 3-4-орындарды өзара бөлісті .

А.ЖАСАН